Алаштың ардақ тұтар арыстары

Қазақ халқының маңдайына біткен біртуар ұлы Кенесарының туы астында ұлт-азаттық көтеріліске қатысқан Көмекей Бөгенбай бидің інісі Мүсірептің шөбересі Сабыр Хамзин Қалақ батыр мен інісі Тілеу ұрпақтарының тарихын жиналған жерде жиі айтып отырады. Осы шежіреші ақсақалдан таспаға жазып алынған деректерді газет бетінде жариялауды жөн көрдік.

Арғынның Қылды Қарауыл руынан шыққан Наурыз би мен батагөй Бөгенбай би, паң Боранбай, Қалақ, Жайылған, Әз, Малғара, Меңдіқұл, Наурызбай, ағайынды Арлан мен Шамай батырлар, Мұсақұл балуан қалың қазақтың мақтанышы болуға лайықты. Қазақ жерін әр заманда сыртқы басқыншылардан қорғаған ірі тұлғалардың өмір жолы өскелең ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуде үлгі-өнеге боларлықтай. Әрине әр тұлғаның өз тарихы мен тағдыры бар. Біз өзіміз білетін Көмекей әулетінің биі мен батырлары жөнінде сыр шертпекпіз. Сегіз ата Қарауылға Атқы, Жауар, Мөнтік, Сары, Есенбай, Қараша, Қарт, Бөлекей жататыны белгілі. Бөлекейден Құлымбет пен Түнқатар туады. Түнқатардың Арыстан, Күнсары, Балсары, Құлсары, Күрсары сияқты тоғыз ұлы болады. Күнсарыдан Қалақ, Тілеу және тағы бір есімі ел есінде сақталмаған ұл туған. Бір жаугершілік заманда Қалақ батыр жырақта болған соғысқа кетіп, ел басқаруды Тілеуге тапсырады. Бірде ол інісіне үйірден атын әкелуді өтінеді. Інісі Тілеудің тұлпарын ұстай алмай, оның орнына Қалақ батырдың бәйбішесі мініп жүрген сәйгүлікті әкелген. Бұған ашуланған Тілеу өз інісін ұрып, байқаусызда өлтіріп алады. Бұл келеңсіз жағдай жөнінде жырақта жүрген Қалақ батырға хабар жетеді. Ол ауылға оралғанда Тілеуді көргісі келмейтінін айтып, оған Ұлы жүздегі Қоңырат Сыбан еліне жер аудару жөнінде кеңес береді. Осы елде Тілеу отбасын құрып, Көмекей мен Шөмекей есімді ұл сүйеді. Бірде оның ауылына жау шауып, Тілеуді және оның Шөмекей есімді ұлын өлтіреді. Бұл қантөгістен аман қалған Көмекей Қалақ батыр ағасының ауылын паналайды. Көмекейден Шақа, Қараболат, Боранбай есімді ұлдар туады. Момын болған Шақа бар ғұмырын шаруаға арнапты. Қараболат батыр болса, Боранбай елге танымал бай саудагер болған. Оның керуендері Алтайға дейін барыпты. Қалмақпен болған бір соғыста Қараболат жау қолынан қаза болып, оның екі ұлы тұтқынға түседі. Паң Боранбай ағасының ұлдарын елге қайтару үшін Мәмбет деген елшіге ақша мен мал беріп, қалмаққа аттандырады. Қалмақтың ханы елшіге өз ұсыныс-шартын айтып, ақша мен малын алмайды. Ұсыныс-шарт бойынша әлгі балалар ортаға тұрғызылып, қазақтың елшісі мен қалмақтар өздеріне шақыруы тиіс. Осы кезде үш жастағы Бұқар мен оның жеті жастағы ағасы кімге барса, солардікі болады деп келісіледі. Өздерінің ана тіліндегі шақыруды естіп, балалар Мәмбетке келеді. Елші қолындағы ақша мен малды Боранбайға қайтарғысы келмей, арам ойын жеті жасар баланы көл суына батыру арқылы жүзеге асырады. Бірақ, бұл жағдайды Бұқар Боранбай ағасына айтып береді. Шақадан Алыбай, Нұрбай, Жанбай, Тамас, Шодыр тарайды. Қараболаттан Бұқар, Боранбайдан Айбас пен Сәрсенбай туады. Бұқар алып адам болған. Сандықтаудың Құмдыкөлінде Бұқар аюды жалаңаш қолмен өлтіріпті. Бұқардың жеңгесінен Жолдыбай, Шегіл, екінші әйелінен Сырымбет, Сары, Қанай, Жанай, Тоғай, Қонай туады. Әкелері ұлдарын қосақтап енші бөледі. Бірде үйірдегі әкесінің екі сары жылқысын Сары ұнатып қалып, өзге жерде тығып ұстайды. Оның бұл әрекетіне ашуланған Бұқар: «Аузың асқа жарымасын, ауылың атқа жарымасын»,–деп теріс батасын береді. Қонай да әкесінің сауытын сатып, елдің теріс батасын алған екен.
Орақ Қарауылдың бір ноянымен Жарылқап (Бөкеңнің үлкен ұлы) дос болыпты. Екеуінің де келіншектері жүкті екен. Бір жорыққа аттанар алдында екеуі осыдан аман келуге жазсын, құда болайық, деп төс соғыстырыпты. Мұнысын Бөкең естиді де ұлын шақыртыпты.
– Сенің бұл не ісің? – деп сұрайды.
– Қай ісімді айтасың, әке?
– Балам, мен сені ес көріп жүрсем, әлі де шикілігің қалмапты-ау. Орақ Қарауылмен құда болыпсың ғой.
– Иә, әке жорықтан аман қайтуға тілеуімізді тілесін дегендік еді.
– Сен бұл қылығыңмен ағайынның арасын аштың. Мен енді бұл арадан кетем деп үдере көшіпті. Бөкең бабамыздың шұбардан кетуі хақында осындай бір әңгіме бар. Атбасар жақтағы Шұға-Жолан деген қоныста Баубек есімді жан аямас жолдасы болған, соған барып бірнеше жыл тұрса керек. Ол кезде қоныс-қонысты жағалап жүре беретін үрдіс болған. Бірақ, көп тұрақтай алмайды. Қанша жан аяспаған қанды көйлек дос болғанмен Бөкең ақиқаттан аумаған, адалдықтан аттамаған адам ғой. Баубектің кейбір қылығын ұнатпай, іргесін аулақ салатынын білдіріпті. Сонда Баубек те мәрт қой, ту бие сойып алыс-жақындағы ағайындарын жиып Бөкеңмен қоштасса керек. Қанша айтқанмен досын қимай Бөкең жүрегі елжіреп жылапты дейді. Мұны көрген Баубек:
– Уа, Бөкем, мұның не, нағашың жасық еді, содан болар,– десе керек.
– Әй, Баубек, – депті сонда Бөгенбай бабамыз,– менің бұл жыласымда басқа мән бар, түптің түбінде сүйегіміз кәпірлердің аяғының астында қалады-ау деп жылап отырмын. Айтса айтқандай, артынша патша жендеттері соңына түсіп Баубекті тұтқындап Сібірге жер аударады ғой. Түмен жақта жүріп көз жұмыпты. Бертінгі заманда құндыз бөркін алып келіп жерлепті деседі. Қабірі Есілдің Красногорко деген жерінде. Баубек Бөкең бабамызды Кенесары қосынына қосқан адам. Жаман айтпай жақсы жоқ, менде аңдушы көп екенін білесіз. Қылды Қарауыл Бөгенбайды жаныңа ұста. Аузы дуалы кісің сол. Айтқаны қате кетпеуші еді депті Баубек батыр. Бөкең осыны естігенде Баубекке реніш білдіріп неге өйттіңіз десе де ұзақ жыл ханның жанында болғаны рас. Бөгенбай би Ағыбай батырмен де досжар болыпты. Әрі-беріден соң үлкен ұлы Жарылқапқа Ағыбай батырдың қызын алып беріп құда болған деген де дерек бар. Бүгінгі таңда Бөкең болса өзінің ата қонысында жатыр. Бірақ, артынша бұл араға Лосевка деген орыс селосы орнықты да зираты шын мәнінде аяқтың астында қалды. Үлкен қорымды айнала қазған орлар уақыт өте тегістеліп, бейіт басына қойылған тастар қолды болып кетті. Лосевканың бір мұжығы өзіміз Жақып (Яков) деуші едік, сол үй-жай, қора-қопсысын зиратқа тірей салып парықсыздық танытты. Бұл жерде біздің қасиетті бабамыздың сүйегі жатыр дегенге көнбеді. Қиқарға құдай жазасын берді. Үйі үш рет күйді. Үшінші ретте ғана айтқанға сенді. Бұл арадан қора-қопсысын тік көтеріп көшіп кетті. Шауыпкел атасы бата берген қасиетті адам емес пе, аруақ асып, мысы басып Яковты тәубеге келтірді ақыры. Ол заманда бұл ара қалың жыныс, ит тұмсығы өтпейтін орман болса керек. Зиратқа келетін бір-ақ жол болыпты. Сол орманнан қазір тұлдыр жоқ. Былқылдақ деген аты да бұл күнде ұмытылған.
Бөкеңнің Жайтабар атты атқосшысы болыпты. Күндіз-түні, қысы-жазы жанынан екі елі қалдырмайды. Бір жазда үш рет Шауыпкелдің зиратына барып аят оқиды екен. Бір ыстық күн болса керек, Бөкең аятты оқып ұзағырақ отырыпты. Жанында екі аттың шылбырын ұстаған Жайтабар аңдаусызда бөгелектеген жануарлардан айырылып қалыпты. Тұрайын десе Бөкең аят оқып отыр. Тұрмайын десе аттар ұзап барады. Қипақтаған Жайтабардың жайын ту сыртымен сезіп отырған Бөкең серігінің тізесін қолымен басып «отыра бер» дегендей ишарат жасайды. Аят аяқталғанда қараса аттар көз ұшында кетіп бара жатса керек. Сонда Бөкең:
–Уа, Шауыпкел, мен саған екеуімізді жаяу қалдыр деп келіп пе едім, – депті. Енді қараса аттар аялдады дейді.
– Анау аттар тоқтады білем. Неге байланса сонысымен қоса алып кел, –депті Жайтабарға. Барса атан түйенің ортан жілігі жерге қадалған, саған қазықбауша етіп шылбырлар байланыпты.
– Е-е, бәсе. Шабакем жарықтық осылай болса керек еді. Ризамын пірім,– деп Бөкең аттанып кетіпті. Бөкеңнің жасы ұлғайған кезі, қартайса да ат үстінде. Жайтабар бір ыңғайы келіп қалғанда:
– Сіз мені есіңізге алмай жүрсіз-ау, Бөке-аға,–десе керек. Себебі Жайтабар осынша жасқа келгенше бала сүймепті, бір перзентке зар кісі екен.
– Неге есіме алмаймын сені, Жайтабарым, есіме алып жүрмін ғой. Сен перзентті боласың. Екі бірдей ұл көресің. Сармантай-Наймантай деп атын қоясың. Бірақ, мен оларды көрмей кетемін,–депті. Пәлен жыл атын ұстап, қолына су құйып батасын алып, есті сөзін жадына ұстап жүрген Бөкеңнің мұнысын қисынсыз көрді ме екен, әлде анығына жетейін деді ме екен, ол:
–Қуанышты қашан көрем аға?– деп сұрапты.
Сонда Бөкең:
–Мен өлгенде дұғамның етінен ұшынып сенің әйелің де өледі. Сен мына Мұсақұл әулетінен жас адам аласың. Содан әлгі айтқан екі ұл туады,– депті. Артынша айтқаны айна-қатесіз келді. Бөкең 105 жасап бұл фәниден баз кешті. Оның дұғасында Жайтабардың бәйбішесі еттен ұшынып өлді. Жайтабар жыл өтпей жатып төсек жаңғыртып, Сармантай-Наймантай атты қос ұл сүйді.
Сармантайды көзімізбен көрдік, бертін сексен жасап барып қайтты. Менің атымды тумай тұрып Бөкең бабам қойып кеткен деп отырушы еді жарықтық. Ғажап шежіреші, әңгімешіл адам болатын. Жеті жұрттың өткен-кеткенін қолмен қойғандай ғып айтып отыратын. Сармантай ақсақал айтушы еді:
– Бір жолы Бөкең Жайтабар екеуі ел аралап келе жатса өзен үстінде әлдене қараңдайды екен. Бұршы аттың басын, бұ не болды екен,– деп келсе бір шал жап-жас қызды кездігімен бауыздағалы жатыр.
– Тоқтаңыз, сабыр қылыңыз, –дейді Бөкең әулие.
– Сіз кімсіз?–деп тіксіне сұрады шал.
– Мен батагөй Бөгенбаймын.
– Ендеше сізден несін жасырайын, мынау менің қызым. Ат атандырып, сүйек сындырып болды. Күйігіне шыдай алмай өз қолымнан өлтірмек едім,– депті шал.
–Тиме балаға. Былай қарай Көмекей деген ел бар. Теңін тапса тегін бер демеуші ме еді, қоя бер. Әріге ұзамас, – депті. Бөкеңнің айтқанын екі ету жоқ, шал қоя берді. Енді айналып ауылына келсе той болып жатыр дейді.
Бөкең әулие қырғыз-қазақ елі арасында елшілік мәмлегерлік қызмет атқарған дипломат адам. Жауластырмақ жаушыдан болғанда елдестірмек елшіден деп білген. Сөзге ділмар шешен, ақыл-парасаты мол Бөгенбай баба екі елді жарастыру үшін көп еңбек сіңірген. Сол Бөкең жарықтық Уәли сұлтан заманында бір ауыз сөзбен көштің бетін кері бұрған ділмар, хан Кене заманында орда иесінің оң жағында отыратын кеңесшісі, ханның өзі батагөйім деп асқақтатқан әулие, кейін ел ішінің данагөйі болып жүріпті де 105-ке келіп көз жұмған ғой. Жасының 105-ке келгенін қайтарында бірақ айтыпты. Ел-жұртымен бақылдасып болып, кіші баласы Еркебұлан үйіндегі келінін оңаша шақырып:
–Балам, атаң о дүниеге аттанғалы жатыр. Мен көз жұмған соң төсегімді бір жерге бүктеп, жиып қой. Жұрт аяғы басылған соң ақырын ашып қара. Көзіңе не түседі соны тұмар ғып тағып ал, –депті. Момын келін шаруаның ыңғайымен жүріп атасының өсиетін жадынан шығарып алады. Төсекті далаға шығарып сілкіп қалғанда бірдеме жарқ етіп ғайып болған. Бұ не,–деп ал кеп ізде, үшті күйлі жоқ. Әрі іздеп, бері іздеп ештеңе таба алмайды. Сонда ғана әулие атасының өсиеті есіне түсіп аһ ұрыпты.
Ал, енді өзіне қараған туыс-туғандарына:
–Менің бетімді жапқаннан кейін үш күн бойы зиратымды күзетіңдер, жалғыз тастамаңдар. Сол үш күнде бірдеңе дермін,–депті. Боран соғып тұрса керек. Адам түгілі ат шыдамаған соң, қой, өзіміз үсіп өлмей тұрғанда аман-есен үйімізге жетейік, деп бет-бетімен кетіп қалған деседі.
Аузы дуалы Бөгенбай бидің қырғызға ымыралық-бәтуа жолмен барғаны тарихтан белгілі. Ол жөнінде Мұсақұл батырдың ұрпағы Нұғыманның Асқары естелік жазған. Бөгенбай бала жасынан
Сарбала атаныпты. Қырғыздар да Арғынның Сарыбиі не айтар екен дегенде:
Менің атым Бөгенбай,
Келгенім жоқ жайдан-жай,
Қазақ-қырғыз баласы,
Қандаспасын дей келдім.
Қызыл тілге жол беріп,
Арбаспасын дей келдім.
Мал бағып жатқан қалың ел,
Үрікпесін дей келдім.
Жаңа түскен жас келін,
Тұл қалмасын дей келдім.
Қырғыздың бар данасы,
Дананы тапқан анасы
Аңырамысын дей келдім.
Басын қосса данасы,
Ақылын айтар анасы.
Ақылын алса ананың,
Жазылар елдің жарасы.
Алмаса ана ақылын,
Кімге қалар наласы,–
деп отырған қырғыздарды ойландырып тастапты. Осы сөзден кейін қырғыздардың мәмлеге келмеске шарасы қалмаған.
Қырғызыңа барайық,
Ақылына ой салайық.
Қан төгіспей қосылсақ,
Риза болар халайық,–
деп аттанған Бөгенбай әуел бастан соғысқа қарсы болған.
–Абылайға «соғыспа деп жырлайтын Бұқар деген кәріңіз» дегеніндей әлгі Асқар Нұғыманұлының жазбаларында ол өлеңмен айтылған уәж де жүр. Онысы былай:
Кенесары ханымыз,
Сөзге құлақ салыңыз.
Орыспенен соғыссақ,
Төгілер көп қанымыз.
Орыс деген орман ғой,
Көрші қонсаң қорған ғой, –
деп келеді. Бірақ, қайда. Хан айтты бітті. Соғысты.
Бүгінгі күні еліне пана, ұрпағына дана болған Көмекей Әз батыр мен Бөгенбай бидің басындағы бейітіне кесене тұрғызылып, қорымы қоршалған. Бұл ауқымды жұмысты менің бастамаммен ерлі-зайыпты халық емшілері Төлеген мен Бекзат атқарып шықты. Қазір Лосевка селосы Бөгенбай би ауылы деп аталады. Викторовка селосындағы мешітке Бөгенбай би есімі берілген. Красиловка селосының бас көшесі әулие бабамыздың есімімен аталады.
Бұқардың Жолдыбайынан Сәукі, Топай, Шөкей, Бақай, Жолтай, Өзенбай, Байқадам тарайды. Сәукіден Арлан мен Шамай батырлар, Кәзіғұл, Мәжіғұл, Жұман туады. Топайдан Жанай, Аманай тарайды. Бақайдан Көбентай, Құлбас, Тоқбас, Жұмағұл туады. Жолтайдан Пәшенбай, Қошқарбай, Тайқошан тарайды. Өзенбайдан Тұрымтай, Байқадамнан Наурызбай туады. Арлан мен Шамай батырдың ағайыны Байқадам Асылтас есімді Атбасардың қызын алып қашады. Бұдан кейін Байқадам қайын жұртына бармақшы болады. Алайда, Асылтас бұл сапардың ері үшін қайғылы боларын сезіп, қарсылық білдіреді. Әу баста оның ағалары бұл шаңырақтың құрылуына риза болмаған. Дегенмен, бірбеткей мінезді Байқадам көнбей Атбасарға барады. Бұл оның соңғы сапары болған еді. Әйелінің ағалары ту сыртынан пышақ салып өлтіреді. Сол кезде Асылтастың аяғы ауыр болатын. Ол әкесінің ауылында Наурызбайды аман-есен дүниеге әкеледі. Өзі қаралы ауылда көп тұрақтамай, Қасым төреге тұрмысқа шығады. Наурызбай Кенесарының бауырында өседі.
Кенесарыны ақ киізге салып хан көтергеннен кейінгі заман. Өзіне қарасты Ұлытау, Кішітау, Жыланшы, Бұлақты өңірін мекен ғып көшіп-қонып жүрсе керек. Патша әскерлері Ақша деген қыстауды шауып Күнімжан бәйбішенің мал-мүлкін тонап, өзін тұтқындап алып кетеді. Бұған қаны қарайған Кенесары Әндірлі деген мекенге шабуыл жасап, тып-типыл өртеп жібереді де, көп адамды тұтқынға алады. Жергілікті өкімет билеушілерімен келіссөз жүргізіп, тұтқындармен айырбас жасасады. Күнімжан сұлуды құтқарып алғаны сол жолы екен. Осы оқиғаға Бөгенбай бидің қатысы болыпты деседі білетіндер. Сәукеден туған Арлан, Шамай батырлар Кенесарының қол астында болғанмен қосын бөлек ұстайды екен. Мұнысы Кене ханға қыр көрсеткені деп ұққан Наурызбай да, Ағыбай да ағайынды батырларды онша жаратпаған. Жаратпағанмен мұндай жаужүрек жолбарыстармен ірге бөлісуді Кене хан дұрыс көрмеген. Өзге батырлар екі күн шауып ала алмағанда Арлан мен Шамай садақ жебесіне тұтанғыш май жағып Әндірліні отқа ораған ғой. Қарақайлап қос бүйірден екі батырдың жауға тигенін, жорыққа бірге шыққан жеті жасар Қарауыл баласына найза ұшына бірінші іліккен батырдың астындағы үлкен күрең атты сыйға тартқанын естіпті.
–Ордаға шақырыңдар, – депті Кене хан. Ол кезде ордаға қару асынып кіру жоқ. Қаптал шапанының ішіне жалаң қанжарын тығып Арлан ішке кіргенде Шамай есік алдында тұрыпты деседі.
–Ассалаумағалейкүм,–деп сәлем беріп кіріп келгенде Кенесарының беті бүлк ете қалды дейді. Кісіні өлімге қиярда немесе бір жаман ниетке берілгенде тобылғы шырлап отыратын әдеті екен. Қабағынан қар жауып, кісі қарағысыз қабарып кеткен жүзі жан шыдатпайтын болса керек. Арлан кірген бетте:
–Жауға Қарақайлап шабады екенсің, Абылайлап неге шаппайсың? Жаудан түсірген бірінші олжаңды жеті жасар жетім балаға сыйлапсың. Басқа олжа әкелмегенің қалай?–депті хан. Сөйдепті де арт жағында ілулі тұрған қылышына көзін сала берді дейді. Сонда жанында қалампыр қатып насыбай үгіп отырған Қарауыл Қарағұл би қол шоқпарын жерге жықты да:
–Батырың Қарауыл болған соң Қарақайлайды, сосын бекіністі кім алса да мерей сіздікі хан ием, –деп араша түсіпті.
–Апыр-ай, «қанына тартпағанның қары сынсын» деген рас екен. Сіз де қаныңызға тарттыңыз-ау,–депті хан. Арлан мен Шамай да Кенесары сияқты патша жендеттерінен көп қуғын көрген. Ақыры Шамайды Сандықтаудың келмесектері у беріп өлтірген ғой. Бір кейуананы жұмсап сусынға қосып ішкізген. Атына әрең мініп қосынына кеп құлаған. Өлерінің алдында: «Әттең білмедім ғой, Сандықтаудың күлін көкке ұшыратын едім ғой»,–депті. Арлан батыр Қостанай өңірінде болған шайқаста мерт болған екен. Шамай батырдың зираты Сандықтау ауданына қарайтын Құмдыкөл ауылының іргесінде. Аудан әкімінің бастамасымен демеушілер батырдың бейітін қоршап, тас қойыпты. Алдағы уақытта аудандық әкімдіктің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Арлан мен Шамай батырдың ескерткішін Балкашино селосының орталық алаңына орнатуды жоспарлап отырғаны көңілге қуаныш ұялатады.

Сабыр ХАМЗИН,
Бөгенбай бидің інісі Мүсірептің шөбересі.
Зеренді селосы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *