Алаштың ардақтысы

Бәйкен Әшімов 1917 жылдың 10 тамызында бұрынғы Көкшетау облысы, Рузаев ауданындағы мал баққан жартылай көшпелі қазақ ауылында, орташа ауқаты бар Жақып баласы Әшім деген кісінің отбасында дүниеге келді. Алты айға толар-толмаста кенеттен әкесі қайтыс болып, анасы Сақыптың тәрбиесінде өсті.

Ол 1928-1930 жылдардағы ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыру кезінде жүргізілген асыра сілтеу зардаптарын көрді, 1932-1933 жылдардағы ашаршылықты басынан өткерді.Осы жылдары Қызылжар қаласына барып, теміржолдың фабрика-зауыт училищесіне оқуға түсіп, паровоз жөндейтін слесарь мамандығын алып шықты. Одан кейін Солтүстік Қазақстан облысы, Ленин ауданына қарасты ауыл шаруашылғы техникумында оқуын одан әрі жалғастырды.
1938 жылдың бас кезінде аудандық комсомол комитетіне қызметке алынып, сол жылдың күзінде міндетті әскери қызметке шақырылды. 1941 жылдың маусым айында әскери міндетін өтеп елге оралды.
Бәйкен Әшімов Отан соғысы басталғанда орта мектепте мұғалімдік қызметте еді. Сөйтіп, ол 1942 жылдың шілдесінде қайтадан әскерге шақырылды. Солтүстік-Батыс, Батыс, І-Белорус майданында соғысқа қатысып, 1944  жылдың қыркүйегінде Варшава үшін шайқаста ауыр жарақат алды. Содан 10 ай бойы емделіп, 1945  жылдың шілдесінде госпитальден шығып, мүгедек ретінде әскерден босап, елге қайтарылды.
Соғыстан кейінгі жылдары Ленинград ауыл шаруашылығы институтын, одан кейін Жоғарғы партия мектебін бітірді.
Соғыс ардагерінің еңбек жолы Көкшетау облысының Айыртау ауданынан басталды. Әуелі аудандық атқару комитетінде жауапты хатшы, одан соң атқару комитеті төрағасының орынбасары, кейін партия комитетінің екінші хатшысы қызметтерін атқарды. Біршама уақыт Көкшетау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының бірінші орынбасары болып қызмет істеді.
Республика экономикасында Қарағанды облысы – еліміздің ірі индустриялық, ғылыми және мәдени орталығы екені белгілі. Мұнда көмір бассейні, металлургия, химия, машина жасау, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, қуатты энергетика және құрылыс базасы, ғылым, білім, мәдениет мекемелерінің кең жүйесі шоғырланған.
Бәйкен Әшімов осы облыста 7 жыл бойы басшы қызметтер атқарды. Оның ішінде 5 жыл облыстық Кеңес атқару комитетінің төрағасы және 2 жыл облыстық ауыл шаруашылығы партия комитетінің бірінші хатшысы болып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі еңбек сіңірді.
1968-1970 жылдары ол Талдықорған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, ал, 1970 жылы республика Министрлер Кеңесінің төрағасы болып тағайындалды. Бұл қызметті ол 1984 жылға дейін атқарды.
Бәйкен Әшімұлының басшы ретіндегі ұйымдастырушылық таланты осы жылдары барынша жарқырап көрінді. Өнеркәсіпті техникалық қайта жарақтандыру, өндірісті электрлендіру, механикаландыру және автоматтандыру, жаңа технологиялар енгізу белсенді түрде жүргізілді. Көлік, энергетика, химия, жеңіл өнеркәсіп, машина құрастыру салалары, жалпы алғанда Қазақстанның экономикалық әлеуеті жоғары қарқынмен дамыды.
Бұл қызметтен кейін республика Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы – КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасы төрағасының орынбасары болып сайланып, 1985 жылы 68 жасында зейнет демалысына шықты. Социалистік Еңбек Ері,
4 рет Ленин орденімен, екі рет І-дәрежелі Отан соғысы, Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, Парасат ордендерімен, сондай-ақ, Польша мен Моңғолияның жоғары наградаларымен марапатталған. КОКП Орталық комитетінің мүшесі, КСРО Жоғарғы Кеңесінің жетінші және тоғызыншы шақырылымдарының депутаты.
Б.Әшімұлы өмірі өнегеге толы, ішкі мәдениеті аса жоғары, халқына қадірлі, еліне сыйлы қазақтың шын мәніндегі зиялысы болды. Өмірлік жары Бақыт Әсетқызы екеуі ұзақ та ұлағатты ғұмыр кешті, ұл мен қыз тәрбиелеп, немерелер сүйді.

 Азаматтың асылы, өмірі өнегеге толы, халқына қадірлі, еліне сыйлы болған, қазақтың біртуар ұлт зиялысы, республикамыздың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, бұрынғы Министрлер Кеңесінің төрағасы, Социалистік Еңбек Ері Бәйкен Әшімовтің туғанына бүгін 100 жыл толып отыр.

– Ғұмыр жолым қайғыдан басталды,– деп бастап жазыпты ол өзінің «Ел сенімі ең қымбатың» атты естелік кітабында. «Бар-жоғы алты айлығымда әкем мезгілсіз дүниеден өтті. Көп кешікпей туыстарым анамды қазақы дәстүрмен әмеңгерлік жолмен әкемнің інісі Қабдолла ағаға қосты. Мен ол кісіні өмір бойы ағатай деп өттім. Ағатайым мені үнемі қолдап, қолынан келген бар жақсылығын аямайтын. Жүрегімді ғұмыр бойы шіркін-ай, әкемнің көзі тірі болса, ұлының ер азамат болып, бір биікке жеткенін көріп, қуанар еді ғой деген бір өкініш мазалай беретін. Бертін, анаммен сыр бөліскенде, сен бесікте жатқаныңда әкең хал үстінде еді. Сырқаты меңдеп бара жатқанын көріп, жанында отырып жылайтынмын. Сондай сәтте әкең маған: «Неге жылайсың жаным! Еңсеңді түсірме. Арқа сүйер ұлың бар!» деп, бесікте жатқан мені көрсетсе керек. Бәлкім, әкем сол кезде өзін де, өзгені де соңымда қалған тұяқ бар, ғұмыр жалғасым бар деп жұбатты ма екен кім білсін! Сол себепті, менің өмір бойғы жалғыз мұратым әкенің атына кір келтірмей, аманатын абыроймен арқалап өту еді. Осындай ұлы мұрат мені асқақ арманға жетелеп, шырмауы көп өмір шырғалаңында бойыма қуат, жаныма жігер берді.
Мен қиын-қыстау заманда дүниеге келдім. Атадан-балаға мұра болған Көкшенің көгілдір төсіндегі біршама шұрайлы жерлер Ресейден жер аударылғандарға таратылды. Ал, отызыншы жылдар халықтың күнкөріс көзі – малын тұтастай тартып алып, колхоздың қоңыртөбел тірлігіне иіріп тастаған қиын жылдарға тап келді. Жағдай одан әрі де ушығып, барынша азайған мал қырылып, оның үстіне егін де шықпай, барлық жұрт аштыққа ұшырады. Сондай жағдай қазақ даласында да болып, 1932 жылдың аштығы қысқанда үйдегі үлкендердің ұйғаруымен Көкшетауға аттанып кете бардым. Жүз елу шақырым жерге бірнеше күн жүріп, итшілеп зорға жеткен мені мұнда салулы төсек, жайлы үй күтіп тұрған жоқ еді. Қалай дегенмен де егерде сол уақытта олар мені қалаға жібермегенінде менің тағдырым басқаша болар ма еді, кім білсін…».
Қазақ халқы туыстық қарым-қатынасты биік қойып, өте жоғары бағалайды. Бауыры үшін барын беретін қазақ халқындай бауырмал халық кемде-кем. Үлкен қалада әрі аш, әрі баратын баспанасы жоқ бозбала Бәйкен қиналған сәтте не істерін білмей қаладағы балалар үйіне барады. Ондағы ойы осы мекемеде директор болып істейтін аталас ағайынын іздеп табу. Қарға тамырлы қазақ бірін-бірі тастамайды емес пе. Бәйкенді балалар үйіне алдыра алмағанымен сол туысының көмегімен Петропавлдағы фабрика-зауыт оқуына (ФЗО) орналастырады. ФЗО-ны бітіріп, біршама ысылып, орыс тілін де үйренген бозбала енді жақсырақ мамандық алуды көздеп, Петропавлдан сексен шақырым жерде, Покровка деген селода орналасқан ауыл шаруашылығы техникумына түседі. 1938 жылы осы техникумның толық курсын бітіріп, орта білімді маман болып шығады. Оның үстіне техникумның соңғы курсынан комсомолдық жұмысқа да араласып, ел көріп, жер көріп, жұрт танып, халықпен жұмыс істеуіне де жағдай жасалған. Осы бетпен кете берсе де ол қызметтің биік сатыларына қол жеткізген болар еді, бірақ, тағдыр жолы оны басқа арнаға бұрады. Дәл осы жылдың күзінде оны мерзімді әскери міндетін өтеу үшін әскерге шақыртып, Украина жерінде орналасқан әскери құраманың сапына қатардағы жауынгер етіп жібереді. Әскер қатарында жүрген Бәйкен Әшімов тарихи оқиғаларға қатысып, КСРО-ның батыстағы шекараларын кеңейту операцияларының бел ортасында болады. 1939 жылдың қыркүйегінде Германия мен КСРО-ның арасында жасалған құпия келісімге сәйкес Қызыл армия кеңес-поляк шекарасынан өтіп, Украина мен Белоруссияның Польшаға қарайтын батыс бөліктерін басып алды. Сондай-ақ, Балтық бойындағы шағын мемлекеттер де КСРО-ға қаратылды. Бәйкен Әшімов қатардағы қызыл әскер ретінде осы соғыстарға қатысқан.
Міндетті әскери мерзімі аяқталған соң, ол 1941 жылдың 10 маусымы күні үйіне аман-есен оралды. Көп кешікпей Ұлы Отан соғысы басталды. Әскери міндетін өтеп, соғыс көріп, запасқа шығарылған жауынгерді аудандық комиссариат бірден шақырмайды. Ол Айыртау ауданында Казгородоктағы орта мектепте бір жыл алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беріп, мұғалім болып жұмыс істейді. Осы ауылда ол өзінің өмірлік қосағы, жан жары Бақытты кездестіреді. Жүрегі қалаған жанды енді міне кездестірдім, үй боламын дегенінде оны қан майдан даласына алып кетеді. 1942 жылдың жазында алдымен Ташкенттегі әскери-саяси училищенің қысқа мерзімді курсынан өтіп, 87-ші жеке атқыштар бригадасына рота командирінің саяси жұмыс жөніндегі орынбасары етіп жіберіледі. Бәйкен Әшімов – Ұлы Отан соғысына сол 1942 жылдың жазынан Жеңіс күніне дейін майданға белсене қатысқан жауынгер. Республикалық газеттерге берген сұхбатының бірінде ол: «Мен майдан даласында қазақ дейтін ұлы халықтың атына кір келтірмей өз міндетімді абыроймен ақтадым деп ойлаймын. Мен қазақ үшін жанымды да, қанымды да беруден тартынбадым. Осы жанкешті ерлігім де елеусіз, ескерусіз қалған жоқ. Сталиннің атынан екі рет Алғыс хатпен, «Қызыл жұлдыз», І және ІІ дәрежелі Отан соғысы, Польшаның «Вертути Миллитари» ордендері, бірнеше медальдармен марапатталдым».
Жеңіс күнін ауыр жараланып түскен госпитальда қарсы алып, онда он ай жатқан соң әскери-дәрігерлік комиссияның шешімімен армиядан босатылған.
Байсалды, істеген ісіне тыңғылықты, адамдармен оңай, тез тіл табысатын, ұйымдастырушылық қабілеті бекем, оның үстіне ауыл шаруашылығы бойынша орта арнаулы білімі бар офицерді Айыртау ауданы да құшақ жая қарсы алып, алдымен аудандық атқару комитетіне жауапты хатшы, одан соң атқару комитеті төрағасының орынбасары, кейін партия комитетінің екінші хатшысы сияқты қызметтерге тағайындайды. 1946 жылы Бақытқа үйленіп, оны Қожнаби мен Амангелді және Раушат есімді сіңлісімен бірге өз үйіне көшіріп әкеледі. Жалпы, Бәйкен Әшімов соғыстан кейінгі жылдары халық шаруашылығы саласында 16 жыл еңбек етеді. Ол осы жылдар аралығында Зеренді ауданында ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, облыстық партия комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, одан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы қызметтерінде абырой биігінен көрінеді. Осы қызметтерде жүріп Бәйкен аға Ленинградтың қолданбалы зоология және фитопатология институтын, Жоғары партия мектебін сырттай оқып бітіреді. Бұл да Бәйкен ағаның ерінбейтін еңбекқор, қолға алған ісінен таймайтын табанды, білім мен ғылымға зор көңіл бөлген жан екенін аңғартса керек. 1961 жылы Бәйкен Әшімов Қарағанды облысы атқару комитетінің төрағалығына сайланған. Жаңа төраға үлкен сенімнен шығып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосып, алаңдататын ахуалдарды қалыпты арнаға түсіреді. 1968-1970 жылдар аралығында Бәйкен Әшімов бір жабылып, қайтадан ашылған Талдықорған облысының бірінші басшылығына жіберіледі. 1970 жылдың басына дейін екі жылдан артық уақыт қана істесе де ол талдықорғандықтарды үнемі ыстық ілтипатпен еске алып отыратын. Жетісудің бес өзені аумағынан өтетін бұл өлкенің құнарын, тамылжыған табиғатын қимастықпен ауызға алатын еді.
Бәйкен Әшімовті елімізге жаппай танытып, мәшһүр қылған оның Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметін 14 жыл бойы атқарған еңбегі. Бұл қызметті ол 1970 жылдың 1 наурызынан бастап, 1984 жылдың наурыз айына дейін абыроймен атқарғанын қазақстандықтардың бәрі де біледі. Талдықорғандағы аккумулятор, Шымкенттегі дөңгелек, Қарағандыдағы резина-техникалық бұйымдар, Рудныйдағы отқа төзімді заттар және басқа да ірі зауыттармен қатар, жеңіл және тамақ өндірісі салаларындағы Алматы мақта-мата, Қапшағай мен Көкшетаудың фарфор және Қарағанды, Қостанай кондитер фабрикалары, барлық облыстардағы ет-сүт өнімдерін өңдейтін орындар және тағы басқа белгілі кәсіпорындардың бәрінің іске қосылып, ел экономикасының нығаюына үлес қосуына барлық тиісті кадрлар атсалысып, қызмет етті, дейтін ол. Бәйкен аға Үкімет басында болған 1970-1984 жылдары ауыл-село еңбеккерлерінің де тұрмыстық ахуалы артып, ұжымшарлар мен кеңшарлардың экономикалық жағдайы артқаны белгілі. Оқу, ғылым, медицина, мәдениет ошақтары да жүздеп салынып, халықтың әлеуметтік жағдайы артып, Кеңес Одағы орнаған жылдардан бергі ең жақсы тұрмысқа қол жеткізді. Еліміздің экономикасын бүге-шігесіне дейін бес саусақтай білді десек, артық болмас. Сол тұста Қарағанды металлургия комбинаты тұңғыш прокат болатын өндіріп, дүние жүзіне паш етті. Ақтөбе, Ақсу ферроқорытпа, Жамбыл фосфор зауыттары, Петропавл, Орал машина жасау өнеркәсіп орындары сапалы, тың өнімдер шығарды. Қазақстан ғылымы да қарыштап дамыды. Биотехнология өркендеп, әдебиет пен мәдениетіміз де кең қанат жайды. Осының бәрі бір жағынан экономикаға, әлеуметтік-мәдени салаға біліктілікпен басшылық жасаудың арқасы еді. Ол табиғатынан мінезге бай, парасатты, ақылға кенен болғандықтан әр мәселені
байыпты, байсалдылықпен шеше білді. Сол кезеңдерде Қазақстанның экономикасы бүкіл Кеңес Одағы бо-
йынша алғашқы үштік қатарында болатын. Бұл әрине, Бәйкен Әшімұлы тәрізді ардақты азаматтардың маңдай терімен жеткен табысы деуге әбден болады. Жас кезінде аштықты да, жұтты да, соғысты да басынан өткерген азамат, қайнаған еңбекке білек сыбана кірісіп, қазақтың көшін алға сүйреуге аянбай қызмет етті.  Ежелден күнкөріс көзі – мал басының өсуіне, егіннің мол, жемісті болуына да игі ықпалын тигізді. Мәселен, 1980 жылы Қазақстан тауар өндіру бойынша әлемде ең жоғары көрсеткішке ие болды. Өнімнің мол болғаны соншалық, сол кезде әрбір тұрғынға шақтап есептегенде 1738 келі астықтан шыққан. Біз жыл сайын жұмыртқа, жүн, сүт өнімдерінен бөлек еттің өзін 300-320 мың тонна көлемінде Бүкілодақтық қорға жеткізіп отыратынбыз. Қазақстанның Одаққа берген көмегі орасан ғой! Терең білімді, өте білікті басшы бола білген Бәйкен Әшімұлы қандай саланы басқармасын, қандай істі қолға алмасын оның ақырына жетпей, нәтижесін шығармайынша тоқтамайтын. Мұндай қасиеттері оның ұйымдастыру қабілеті мен қайраткерлігін өзгелерден ерекшелейтін белгісі болып табылатын. Мен ұзақ жылдар бойы Бәйкен ағаның жанында кеңесшісі қызметінде жүріп, оның Қазақстанның өркендеуіне қаншалықты тер төккенін жақсы білемін. Оның парасаттылығына, еңбекқорлығына, адамгершілігіне тәнті болдым. Ол ел қамын ойлап, халықтың болашағы үшін тер төкті. Нағыз елінің патриоты деп осындай жандарды атар едім. Бұл кісінің жүріп өткен жолы бүгінгі саясаткерлерге өнеге деп білемін. Бәйкен Әшімұлы мың өліп, мың тірілген қазақтың өткен ғасырының шежіресі іспеттес еді. Өмірі өнегеге толы, ішкі мәдениеті аса жоғары, қазақтың шын мәніндегі зиялысы болды. Бәйкен Әшімұлының кемеңгерлігі мен кереметтігі сонда, алдыңғы кеңестік дәуірдің өр тұлғалы, тұрпатты қайраткері ғана болып қоймай, тәуелсіздіктің тұғырын қаласқан тілекшісі болып көзге ілінген елінің жанашыры еді. Жүрген жерінде тек гүл бітіп, басшы болған жерлерде соңынан тек жақсылық өрнектері қалып отыратын. Жұртшылық әрдайым үлкенге іні, кішіге аға бола білген пайымды азамат ретінде, сындарлы сәттерде әрдайым байсалды пікірін білдіріп отыратын ақылман абыз ақсақал ретінде мәңгі жадында сақтамақ. Жұбайы Бақыт Әсетқызы екеуі ұзақ та ұлағатты ғұмыр кешіп, ұл мен қызды тәрбиелеп, артына мол мұрасын қалдырды. Ұлтымыздың ұлағатты, қадірлі ақсақалы ретінде өмірінің соңына дейін бар көрген-білгенін жастарға айтуға, ақыл-кеңесін беріп, өсиет айтудан еш жалыққан емес. Ол Мәскеуде қазақ ұлтының мүддесін қорғап қаншама рет сөз сөйледі. Орталық билік басшылары арасынан оның КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Алексей Косыгинмен жақын араласқанын, жылы қарым-қатынаста болғанын зор қанағатпен әңгімелеуші еді. А.Косыгин іскер, ортақ іске жанашырлықпен қарайтын әділ адам болған деседі.  Халқына абыз деп танылған абзал жан, зор абырой иесі үнемі Қазақстанның бүгінгі дамуына ризашылығын білдіріп, дұрыс жолда келе жатқанымызды айтып отыратын. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өте іскер, аса дарынды басшы екенін ол бұрыннан білетінін тілге тиек етіп жүретін және бүгінгі саясатын қолдайтын. Тәуелсіздік алған кезімізде де Бәйкен аға ұлы өзгерістерге тілектес болып, Тұңғыш Президентіміздің әрбір бастамасына, табыстарына ылғи да қуанып, Президентті қолдап отырды.        
Бәйкен Әшімовтің 90 жылдық мерейтойы елімізде кең көлемді атап өтілді. Астана қаласындағы Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрында өткен салтанатты шараға Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының өзі қатысып, Бәйкен Әшімовтің төсіне «Отан» орденін тағып, мемлекеттік наградамен марапаттады.
Мемлекет қайраткері отбасында да бүкіл қазақ қауымына үлгі боларлықтай ғұмыр кешті. 1946 жылы қосылған жұбайы Бақыт Әсетқызымен жан дүниелері өмірлік үйлесім тауып, жарасымды өнегелі отбасы болды. Дара тұлға жан жары өмірден өткен соң тура 19 күннен кейін өзі де бақилыққа аттанды. Өмірден жүрегі халқым деп соққан, адал, абыройлы, халқының дара да дана ұлы өтті. Бәйкен Әшімов халықтың мәңгі жүрегінде қалатын ірі тұлға. Бұл күнде аты аңызға айналған айтулы жанның атында көше, оқу орындары, ескерткіш, қайырымдылық қоры, мешіт те бар. Себебі, Бәйкен Әшімұлы – қандай мақтауға болсын тұрарлық ұлт тұлғасы, халық баласы. Себебі, ол биік мәдениет-тің, рухани тазалықтың адамы. Ол – өмір мектебінен еш сүрінбей өткен жан. Сары күздей сарғайған сағынышты қанша қайталап айтсақ та, қайта қайтара алмасымыз анық. Біздің қолдан келері тек өткен шақта жарқын күндерді еске алу мен кейіпкеріміздің болмысына бойлай отырып, жадымызға түсіру ғана қалатын тәрізді…
Бәйкен ағасыз өткен жеті жыл. Жүректе сағыныш, риясыз мұң, аппақ нұрға шомылған сағым болған сырлы күндер ғана қалды. Ағаға деген сол бір сағынышты естен кетпес, көңілдің төрінен орын алған жылы жүздесуге толы естеліктермен ғана толтыра аламыз. Ақ қағазға жазылған естелік бәлкім, сақталмас, жүректе жыр болып жазылған сағыныш мәңгі кетпейтіні белгілі. Ал, Бәйкен Әшімовтің жарқын бейнесі мен ардақты есімі менің ғана емес, ел жүрегінде де мәңгі қалмақ.    

Николай КОЛИНКО,
Қазақстанның құрметті журналисі. Суретте: (солдан оңға қарай) еңбек ардагері БолатЖанәділов, Бәйкен ағаның жан жары Бақыт Әсетқызы, мемлекет қайраткері Бәйкен Әшімов, көрнекті ақын Кәкімбек Салықов және жұбайы Мәриям Мәженқызы.

 

 

Халқымның қалаулысы

 

Бүгінгі күннің биігінен көз салып, көңіл зердесімен таразылар болсам Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы Бәйкен Әшімов шын мәнінде ел дегенде ет жүрегі елжіреген абзал азамат екендігі тағы бір ойға оралады.

 

Қызу еңбек қайнап жататын сол бір кезеңде республика басшылары біздің астықты өңірге ат ізін жиі салатын. Ел байлығының негізі болып есептелетін егінге көп көңіл бөлетін. Жалғыз егін ғана емес, елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын өз көздерімен көріп, олқы тұстарын бірден толтырып, кемшілікті жойып, бар көмектерін аямайтын.
Әлі есімде 1959 жылы трактор егіс бригадасына бригадир болып тағайындалдым. Бригада құрамында 30 адам болды. Сол 30 адаммен 3927 гектар жерге егін септік. Әр жылдары 12-15 центнерден өнім алып жүрдік.
Бірде  «көрші танабы – өз танабың» деп күллі республикаға үндеу жарияладық. Біздің осы жалпақ жұртқа жар салып, жақсы іске ұйытқы болғанымызды Бәйкен Әшімұлы құптап, үлкен қолдау көрсетті. Сол жылы жаз айында келгенде алдымен елдің амандығын, тұрмысын сұрады. Содан соң әңгіменің аужайы егін мәселесіне ойысты. 1978 жылы елдің атын аспандатқан атақты миллиардқа біздің бригада да үлес қосты. Осы жетістігімізге алаштың ардақты ұлы Бәйкен Әшімов те қатты шаттанып қуанды. Ол «Қазақстан миллиарды –78» деп аталатын жинақтағы «Диқанның ірі табысы» атты мақаласында былай деп жазған болатын. «Көкшетау облысының Лавров кеңшарының бригадирі, Социалистік Еңбек Ері Тұрлыбек Әбілпейісов 12 комбайнмен 2119 гектар алқапты 8 жұмыс күні ішінде бастырып шығып, әр гектардан 21 центнерден өнім алды. Бұл ерен еңбектің нәтижесі». Міне, шалғайдағы шағын ауылдың дән аялаған диқандарының жетістігіне көңілі толып, шын жүректен қуанған абзал адамның ақ ниеті.
Жыл аралатып жүздескенде ілгері басқан қадамымызға тілектес болып, ақыл-кеңесін айтып отырушы еді. Өзі де ауыл шаруашылығын жете білетін жан болғандықтан дархан даланың сыры оған мәлім болатын. Шаруашылық болған соң жаңа техниканың қажет екендігі, материалдық-техникалық базамызды нығайтуымыз керектігі белгілі ғой. Өтінішімізді айтатынбыз. Жалғыз біз ғана емес, барша республиканың ауыл-село тұрғындары қамқорлығын көп көрді. Сол жылдары еліміздің тұрмысы керемет жақсарған кезең болатын. Құрылыс та көп салынды. Аудан ішінде жаңа жолдар пайдалануға берілді. Халықтың күнкөрісі жақсарды.
Бәйкен Әшімұлы алаштың бағына туған ардақты азамат еді. Қай жерде қызмет етсе де артында жақсы ізі қалды. Оның барлық ерлікке толы еңбегі кейінгі ұрпақ үшін әдемі өнеге.

Тұрлыбек ӘБІЛПЕЙІСОВ, Социалистік Еңбек Ері.

 

 

Аңызға айналған адам

 

Бәйкен Әшімовтің баянды ғұмыры мен ел үшін жасаған ізгі істері туралы таңды-таңға атырып айта беруге болады. Бойындағы адамгершілік қасиеттері мен байыпты, салмақты мінез-құлқы, туған елі мен жеріне деген шексіз махаббаты бүгінде кім-кімге болсын үлгі-өнеге.

Ол ел тарихында өзінің орнын ойып тұрып алған үлкен тұлға еді. Оның қызметі, халқына сіңірген еңбегі жайында талай мақалалар жазылып, көгілдір экраннан көрсетілді де. Елім деп еміреніп, халқым деп толғанған ағалардың адал жолы, қайраткерлігі жайында айту, оны ел болашағы жас ұрпаққа жеткізудің еш оғаштығы жоқ деп ойлаймын. Бәйкен Әшімұлын өзімнің ағам Төлеу Сүлейменовпен бірге Зерендіде еңбек еткен кезінен бастап білемін. Достыққа адал, ағайын-туғанына барынша бауырмал, ізгі ниетті асыл азаматтың бойындағы ғажайып қасиеті мен асқан ұлтжандылығы хақында сөз сабақтағым келеді.
Көп сөзділікке бармайтын, байсалды, салмақты, әр сөзін ой елегінен өткізіп, ойланып сөйлейтін адам еді. Қарағандыда еңбек етіп жүрген шағында мен сол қаладағы медициналық институтта оқыдым. Сол кезде жақын тартып, ол кісінің үйінде жиі болатынмын. Үйінде бай жеке кітапханасы болды. Қаншама қызықты, классикалық шығармаларды ағамның арқасында оқып алдым. Төртінші курста оқып жүргенде немере қарындасына үйлендім. Ал, менің үлкен ағам сол кісінің туған қарындасымен шаңырақ көтерген еді. Сондықтан, Бәйекеңмен жақсы қарым-қатынаста араласып жүрдім.
Соғыста саяси жұмыстарды жақсы жүргізгендігі, қызметіне адалдығы көп айтылады. Майданда Долгополов деген саяси қызметкермен бір полкте қызмет етеді. Варшава үшін шайқасып, оны жаудан азат етуге қатысады. Қиян-кескі бір шайқаста ауыр жарақат алған.
Шайқас аяқталған соң, Долгополов Бәйекеңді іздей бас-
тайды. Санитарлық бөлімге барып, шайқастан кейін түскен жаралылардың тізімін оқып, жолдасына іздеу салады. Жаралылар өте көп. Қаза тапқандарды көмуге арналған жер де қазылып жатыр. Бір санитар тірілердің арасынан табылмаған соң, жерленетіндердің қатарынан қарауы керектігі жөнінде ақыл қосады. Барса, Бәйекең қаза тапқандардың  арасында жатыр екен. Жолдасымен қоштаспақ  болып, денесін ұстап көрсе, жып-жылы, кішкене дем алып жатқан сияқты. Машинаға салып алып, медсанбатқа алып барыпты. Дәрігер әйел көріп, тексерген соң, «мына капитанның жағдайы ауыр, тірі қалады деп айта алмаймын» депті. Соғыстың аты соғыс қой, Долгополов әрі қарай соғысуға аттанады да, жолдасын сол жерде хирургқа тапсырып кетеді.  Содан бірнеше жыл хабарсыз болады. Кейін соғыстан кейін Қарағанды қаласында обкомда қызмет етіп жүргенде Бәйкен Әшімов «Правда» газетінде үлкен проблемалық мақала жазады. Ол кезде бұл газетті барлық ел оқитын. Сол басылым Долгополовтың да қолына тиеді. Өзінің жолдасы Бәйкен Әшімов пе екен деп, хат жолдайды. Бәйкен аға да жолдасының хатына қуанып, жауап жазып, екеуі кездеседі. Кейін Бәйкен аға оны өзінің елу жылдық тойына шақырады. Одан кейін Талдықорғанға обкомның бірінші хатшысы болып ауысады. Кейін 1970 жылы 1 сәуірде Республика Министрлер Кеңесінің төрағасы етіп тағайындалады. Министрлер Кеңесін 14 жыл бойы басқарды. Бірде өзінің қызметкері еліне демалысқа бара жатқанда, Львов қаласындағы майдангер жолдасына соғып, сәлемдемесін апарып беруін өтінеді. Әлгі қызметкер жеткен соң, Долгополовпен хабарласып, үйіне барады. Сонда Бәйекеңнің бір рет өлім аузынан аман қалғандығы туралы осы әңгіме бірінші рет айтылыпты. Мұны айтып отырғаным, ол кісі өлім аузынан тірі қалғанын ешкімге айтпаған. Ол мақтану, өзін жоғары ұстау, тәкаппарлық дегенді білмейтін. Сол жолдасының айтуы арқылы ғана осы оқиға белгілі болды. О дүниеге барып келген адам деуге болады.
Қарағандыда жүргенде адамдарды жеке мәселелері бо-
йынша қабылдайтын. Бір күні мен бірге болдым. Неше түрлі кісі әртүрлі сұрақтармен, түрлі мәселемен келетін. Біреуіне де жоқ деп, кесіп айтпайтын. Кейбірінің мәселесін сол жерде шешіп берсе, біреуіне осындай күні хабарлас, мәселең шешіледі деп айтып, берген уәдесінде тұратын. Бір қабақ шытпайтын.
Егін орағы кезінде облыстарды аралайтын. Көкшетауға келгенде жиын аяқталған соң мені шақырып алып, туған елінің амандығын, ауылдағы ағайын-туысқан, таныстарының, көз көрген қариялардың амандығын сұрайтын. Мен олардың бірін білсем, бірін білмеймін. Сонда маған: «сенің туған жерің емес пе, неге білмейсің?» деп ұрысатын. Содан кейін ол келер кезде, не мен барарда ауылға хабарласып, барлығының хал-жайын сұрап, үлкен кісілерді түгендеп алатынмын. Есте сақтау қабілеті ерекше мықты болатын.
Халықпен кездесіп, пікірлесуден еш шаршамайтын. Елмен кездескенде жылы шыраймен келіп, тұрмыстарын сұрап, рахметін айтып жүретін.
Кеңес уақытында тәжірибе жинақтау деп жастарға мал бақтыртатын. Сонда Брежневтің «қойдың басын елу миллионға жеткіземіз» дегенінде, қазақтар жеті-ақ миллион, сонда барлық қазақ жігіттері қойдың соңында кетеді-ау деп налыған, олардың оқулары қайда қалады деп алаңдаған. Қазақ жігіттерінің сауатты болуын қалаған. Ол Жұмабек Тәшенов, Жұмабай Шаяхметов секілді ұлтына жанашыр адамдардың алдын көрген, солардан өнеге алған адам. Олардың өз қызметтеріне адал болғандығын айтып отыратын.
Бәйкен Әшімов бір мақалада «жамандама еліңді – шығар төрің, жамандама жеріңді – барар көрің» деп жазыпты. Соны оқыған академик Зейнолла Қабдолов «Аға, мына сөзді қайдан алдыңыз, қандай тамаша, нағыз аталы сөз екен» деп хабарласқанда, бұл менің өз пікірім деген екен. Бұл шынында әркім есінде сақтап, ойлануы тиіс қасиетті сөз. Елордасы Астанаға ауыстырылғанда да арнайы келіп, өз батасын беріп кетті.
Қазіргі уақытта Алматыда Бәйкен Әшімовтің атында мешіт бар. Сонымен бірге, қаланың бір көшесіне есімі  берілді. Туғанына 100 жыл толуына орай Петропавлдағы саябаққа қоғам қайраткерінің бюсті орнатылды. Оқыған оқу орнының алдында мемориалды тақта ілінді. Солтүстік Қазақстан облысы жақсы құрметтеуде. Бірақ, біздің облыста өкінішке орай, бірде-бір ескерткіш-бюст орнатылмақ түгілі көше де жоқ. Сондықтан, осы жүз жылдығы аясында бір көше қоғам қайраткерінің атына берілсе екен деген тілегім бар.

Болат ЖАНӘДІЛОВ,
Көкшетау қаласының құрметті азаматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар