Алдағы үш жылдың бюджеті бекітілді

Кеше Көкшетауда алтыншы шақырылған облыстық мәслихаттың кезекті 17-ші сессиясы болып өтті. Сессияда 2018-2020 жылдарға арналған облыс бюджеті бекітілді және де күн тәртібіне шығарылған өзге де мәселелер қаралды. Мәслихат сессиясына Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин қатысып, сөз сөйледі. Сондай-ақ, сессия жұмысына Парламент Сенатының депутаттары Рәшит Әкімов пен Дәурен Әділбеков қатысты.

Сессияда алдымен 2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджетке назар аударылды. Алдағы үш жылдағы бюджеттің параметрлері туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Бауыржан Мəлгаждаров түсіндіріп айтып берді.
– 2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджет өңірдің 2018-2022 жылдардағы əлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде əзірленді. Ол Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайын ел халқына арнаған Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған.
Жаңа бюджетте білім, денсаулық, әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, ауыз сумен қамтамасыз ету, агронеркəсіптік кешенді дамыту сияқты салалық жəне мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру қарастырылған. Бюджет шығынының негізгі бөлігі əлеуметтік саланы дамытуға бағытталған. Бюджет көлемі облыстың дамуы мен азаматтардың əлеуметтік деңгейін сақтай отырып, бюджет саласы мен экономикалық тиімділікті арттыру арқылы іс жүзіндегі міндеттерді толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Бауыржан Мəлгаждаров.
Жарыссөзге шыққан облыстық мəслихат депутаттары Серік Аяғанов жəне Максим Божко, Атбасар аудандық мәслихатының хатшысы Бағдат Борұмбаев өткен жылғы бюджет қорытындысын жан-жақты саралай келе, жаңа бюджеттің азаматтар алдында барлық міндеттемелерді сақтай отырып, облыстың экономикалық өсуіне тұрақты жағдай жасауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Бұдан кейін өңірде қылмысқа және құқық бұзушылыққа қарсы күрес бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде жергілікті полиция қызметінің бастығы Серік Баймұқанов баяндап берді. Ол өз сөзінде былтырғы жылдың сəйкес кезеңімен салыстырғанда жалпы қылмыстың саны 1,5 мыңға азайғанын, өңірде қоғамдық тәртіп сақтау бойынша жағдай тұрақты екенін жеткізді.
Сонымен қатар, сессияда депутаттар Ақмола облысы бойынша қоршаған ортаға төленетін эмиссия мөлшерлемесін арттыру, Целиноград ауданының əкімшілік-аумақтық құрылымындағы өзгерістер туралы шешімді бірауыздан қолдады. Сессияда сөз сөйлеген аймақ басшысы Мәлік
Мырзалин депутаттарға облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері үшін алғысын білдіре келе, әр мәселеге конструктивті шешім қабылданғанын атап өтті.
– Өздеріңіз байқап отырғандай, алдағы үш жылда бюджет шығыны артып отыр. Мұның барлығы Елбасының алға қойған міндеттері мен тұрғындардың əл-ауқатын жақсартуға бағытталған шараларға байланысты, – деп сөзін қорытындылады облыс әкімі.
Сессия соңында өңіріміздің білім саласын дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқан А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ректоры, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, ғалым Сағынтай Елубаевқа «Ақмола облысының құрметті азаматы» атағы беріліп, лентасы мен төсбелгісі тапсырылды. Сессияда сондай-ақ, Ақмола облысынан сайланған Парламент Сенатының депутаттары Р.Әкімов пен Д.Әділбеков өздерінің еліміздің жоғары заң шығарушы органындағы жұмыстарынан есеп беріп, «Ақмола – «Тіршілік» ЖШС директоры, жазушы-драматург, Сенаттың V-VІ шақырылымдағы депутаты
Жабал Ерғалиевқа «Арқа ажары» газетіне 100 жыл толуына байланысты және республикалық фестиваль-форумда «Қас қағым» метафизикалық трагедиясының бас жүлдеге ие болуымен құттықтаған Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құттықтау хатын табыс етті.

Аслан Оспанов.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *