Алмаздың «Еңбек Даңқы»

2016 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қаулысымен мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Ақмола облысынан  73 адам  түрлі мемлекеттік марапаттарға ие болды. Солардың бірі – ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен мерейі асқан «Аскоп» серіктестігінің №1 бригадасының  озат механизаторы Алмаз Жылқыбайұлы Смағұлов.

Кеудесінде намыс оты бар адам ғана еңбек жарысы өрістетілгенде қатарластарының шаңын қауып қалмай, қара үзіп алға шығуға ұмтылады. Әрине, қажыр-қайраты, кәсіби білім-білігі сол деңгейден табылып жатса. Адам бойындағы еңбекке деген ұмтылыс тұла бойындағы күш-қуатымен ұштасқанда ғана бәйгенің алдын бермейтін озат атанар еді.  Серіктестікте он бес жылдан бері табан аудармай еселі еңбек етіп келе жатқан Алмаз да жас болғанымен дархан даланың қыр-сырын көкірегіне тоқыған зеректің бірі. Ерте көктемнен қара күзге дейін жер бетіне барлық бейнет атаулыны өзімен бірге ала шығатын дән жарықтық балаша мәпелеп күтсе ғана жайқалып өспек. Ілкідегі жер емшегін емген диқандардың ақық дән маңдай термен өседі дейтін тәмсілі шындық.
Әр жыл сайын серіктестікте Сарыарқаның сайын даласына сән беретін, молшылықтың негізін қалайтын ақық дән масақтағы басын көтере алмай әнтек еңкейіп, лүп еткен самал желмен теңіздей толқып жайқалған сәтте көкірегін қуаныш билейді. Өйткені, күні кеше ғана қыздың бұрымындай қатар өріліп, қанаттаса жайылған қара бұйра топыраққа тұқым сіңіргенде  іштей жерден иіп, көктен бер деп тілеу тілейтін. Жалғыз өзінің ғана тілегі емес, жалпақ жұрттың қамы. Өйткені, бұрынғылар «елде болса, ерніңе тиеді» дейтінді жиі айтатын. Есебі ел тоқ  болса, жамағаттың дастарханы мол болса, өзің де жүдемейсің дейтін ишара ғой. Жалпы, жеке басының емес, көптің ырыздығын тілеу атадан балаға мирас болып келе жатқан иманды ниет. Алмаз  болса халықтық құндылық болып саналатын осындай адамгершілік иірімдері шүпілдеп толып тұратын қасиеттерді бойына сіңіріп өсті. Жер үнсіз, жер тілсіз болса да, алып жүрегі дүрсілдеп сөйлейтін тәрізді. Көкірегін жарып шыққан көкөскіннің бал тілді баланың былдырындай үздіге қатқан үнін даңғайыр диқанның құлағы ғана емес, жүрегі де естиді. Жер де жаны жомартқа иіп сала береді.  Әр жыл сайын дән себу, алқаптарды күтіп баптау, тыңайтқышпен қоректендіріп, арамшөбін отау тәрізді таусылып бітпейтін қат-қабат шаруаларды мұқият атқарып, тиянақты істеу қанына сіңген қасиет. Жалғыз тиянақты істеу ғана емес, өзгеге өнеге болып көш бастау шын жүйріктердің қанына сіңген дағды. Ел ішінде жақсы атаққа шыққан, абырой арқалаған Алмаз да маусым сайын бригаданың өз ішінде өрістетілген еңбек жарысында маңдайы жарқырап алдыңғы лектен көрініп жүр.
Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы тойланған биылғы жыл озат комбайнер Алмаз Смағұлов үшін жемісті жыл болды. Жыл бойы атқарған жұмысы өнік, ісі берекелі, жалпақ тілмен айтқанда, алдынан жұмыс үркіп отыратын даңғайыр диқанның ұзақ жылғы еткен еңбегі, төккен тері лайықты бағаланып, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды. Бұл құрмет жалғыз өзіне ғана емес, барша бригада мүшелерінің марапаты екендігін ұққан Алмаз болса бұрынғы қарқынды тіпті үдете түспек. Кеудесінде жарқыраған ордені қуаныштың нұры тұнған жанарындай жарқылдайды. Құрметтесек еңбек адамын құрметтейік. Ырыздықтың дәнін өсіріп жатқан солар ғой, дейді серіктестік басшылары да.
Гаухар ТҮСІПБЕКОВА,
журналист.
Егіндікөл ауданы. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар