Қалталының да мұңы бар

 «Бай адамдар мұң-зарсыз болатын шығар-ау» деп байлам жасайтындар көп. Шынында шылқыған байлық қайғыны да ұмыттырады дей аламыз ба?! Иә, бай адамдар не ішіп, не киетінін ойлап, бас қатырып жатпайтын  да шығар. Ақшасын оңды-солды шашса да, ешкім қой деп басу айтпайтыны тағы бар.

Бірақ, өзінің жиған-тергенін қайда жұмсаса да, оның өз еркі өзінде екені де анық жай.
Ал, біреудің байығанын көре алмай, оған көз аларта қарау да көре алмаушылық кеселдің көрінісі емес пе? Өзгенің есебінен күн көруді қалайтындар қойдай өріп жүрген мына заманда қалталыларға да қауіп жоқ емес-ау.
Ақшаға бәрін сатып алатын қым-қуыт тұста өзіңе Алла тағала берген ғұмырыңды әлгіндей байлықпен сатып ала аласың ба? Әлде «Байлар да жылайды» дейтін Мексика сериалындағыдай, тағдыр-тәлкек біздің байлардың да басында бар ма екен?! Мұндай сауал әсіресе, бүгінгі заманда өзінің өміршең күйінде қалып отыр. Бай боламын деп те қиналысқа түсетіндер жоқ емес. Тірнектеп жиғаныңа басқалар көз алартпау үшін оны қорғаудың да амалын жасайсың. Бірақ, әлі де болса мұндай адамдардың жеке басының қаупін қорғау қиын соғып отырғаны еш жасырын емес. Біз төменде әңгіме еткелі отырған оқиға желісі де осы жайлы сыр шертеді.
Керекулік кәсіпкер Темір Томанов өзінің пешенесіне жазылған тағдыр жолынан аттап кете алмады. Кәсібін өрге сүйреймін деп жүріп, қаныпезерлердің қолынан жазатайым қаза тапты. Бұл оқиға былай болған еді.
…Қасым Марқабаев деген қаскүнем өзінің сыбайластары Тимофей Иванов және  Валерий Тарасовтармен сөз байласып, қылмыс жасауды ойластырды. Қарақшылық жолмен қалталы кәсіпкерлерді тонамақшы болады олар. Сөйтіп, Кереку қаласындағы бір танысына хабарласып, астық сатып алатын кәсіпкерлер бар ма деп оның тамырын басып көрді. Ойында ештеңе жоқ жаңағы танысы көп ойланбастан жергілікті кәсіпкер Темір Томановтың ұялы телефон нөмірін береді. Себебі, ол жыл сайын астық бизнесімен айналысып, мол ақша тауып жүрген адам еді.
Қарақшылық топтың жетекшісі Қ.Марқабаев көп көлемде астық сатып алатын кәсіпкерге  жедел хабарласады. Бұл уақытта Қ.Томанов шынымен Атбасар ауданында жүрген еді. Көктен іздегені жерден табылғанына қуанған ол  Қасым Марқабаевтың ұсынысымен келісе кетті. Ал, Қасым Марқабаев болса, өзін жасыру үшін телефон арқылы хабарласқанда «Денис Федоровичпін» деп таныстырды. Ондағы мақсаты кәсіпкерді ойынан адастырып, жымысқы ойын білдірмеу еді.
Керекулік кәсіпкермен оңай тіл табысқан Қасым Марқабаев оған әр тоннасын 14 мың теңгеден 1 мың тонна бидай сатып алуды ұсынды. Оның келіскен ыңғайын көргеннен кейін екеуі Атбасар қаласында кездесіп, өзара есеп айырысатын болды.
Қарақшылар кәсіпкерді қақпанға түсірудің қамына кірісті. Олар Зеренді ауданының Айдабол ауылында бір тұрғынның  гаражында Қ.Марқабаевтың әкесінің аңшы мылтығының ұңғысын кесіп, шолақ қаруға айналдырды. Сөйтіп, қаруды орман ішіне барып сынап та көрді. Дәл оқиға кезінде сыр бермесін деді ме, бірнеше оқты шығындап, мергендіктерін шыңдады. Тек, Валерий Тарасов қана соңғы сәтте бұл қарақшылық қылмыстан өз еркімен бас тартып,  оған қатыспауды ұйғарды.
Екі қарақшы кәсіпкерді Атбасар қаласында тосып алды. Бидайдың сапасын көргеннен кейін ортақ мәмілеге келіп, ақшамен есеп айырысу ғана қалды.  Олар Атбасар қаласына жетер жолдағы Сепе ауылының жанында кәсіпкермен кездесті. Сөйтіп, қарақшылар өз жымысқы ойларын жүзеге асыру үшін Темір Томановқа астық жатқан орынды көрсету үшін адам аяғы баспайтын жерге алып барды. Біраз шақырым жүргеннен кейін алдын ала ойластырылған жоспар бойынша бірінің көлігі сынған болып, тоқтауға тура келеді. Осы сәтте  Қасым Марқабаев шолақ мылтықты ала салып, кәсіпкерге қару кезенді. Екі рет оқ атып, оны жер жастандырды. Жәбір көруші алған жарақаттан оқиға орнында мерт болды.
Бұл кезде қарақшылар жәбірленушінің көлігін тінтіп жатқан еді. Өкінішке орай, олар алдын ала келісілген мол ақшаны бұдан таба алмады. Өздерінің опық жегендерін де сол жерде түсінді. Ақшаға қызығып, басқаның өмірін қиған қаныпезерлер із жасыруға кірісті. Бірақ, артынша із кескен тәртіп сақшылары бұл қылмысты ашып, істі сотқа берді.
Шынында да, басқаның есебінен өмір сүруді қалайтындар бар екен ғой. Олардың отбасында алған тәрбиесі жеткіліксіз болды ма, ер жете келе жаңағы жігіттер  жұмысқа да зауықтары соқпай, жеңілдің үстімен, ауырдың астымен жүруге үйренген еді. Ақыры міне, олар мол пайдаға кенелеміз деп жүріп, қылмыс жасап, опық жеді. Қолдарына қару алып кінәсіз адамды өлтіруге дәттері барған қаныпезерлердің жүректері тас па екен әлде. Әйтпесе, адам өлтіруді ойыншық құрлы көрмеген бұларды қалай түсінесің. Ең өкініштісі, өзінің адал еңбегімен кәсібін өрге сүйреп, бақуатты да  бақытты өмір сүріп жатқан адамның бұл дүниемен ерте қоштасқаны. Бұл да Алланың жазған тағдыры шығар. Дегенмен, басқаның өмірін тәлкек ету ешқашан жақсылыққа апармайтыны айдан анық. Бұл оқиға да соның бір мысалы.
Ақмола облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бұл істі алқа билер негізінде  қарай келіп, қылмыстың қоғамға қауіптілігін ескеріп, қаныпезерлерді ұзақ уақытқа бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сөйтіп, қылмысты топтың басшысы Қасым Марқабаев бар мүлкі тәркіленіп, 23 жылға, ал, Тимофей Иванов дәл солай  20 жылға бас еркінен айырылды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар