Алты күндей болмады-ау!..

 Ет жүрегім елжіреп, сағыныштың сарытап шоғы көкірегімді қыздырған сәтте кіреукеленген көз алдыма өткен өмір белестерінің оралатыны бар. 1942 жылдың басында әскер қатарына алынып, содан 1950 жылдың жазында бір-ақ оралған едің.

  Ал, мен болсам оқуымды бітіріп, Қызылту орта мектебінде жұмыс істеп жүргенмін. Дәл осы кезде республикалық комсомолдар съезі өтетін болып, сол съезге мені делегат етіп сайлады. Алыс жолға да-йындалып жатқанымда аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі болып істейтін, өзіңнің жақын ағаң Мұхаметқали Байтасов екеумізді таныстырды. Ол кезде Қызылту ат төбеліндей ғана шағын елді мекен. Тұрғындардың көпшілігі бірін-бірі таниды. Кімнің кім екендігі алақанында. Мені сыртымнан біледі екенсің. Алыс сапарға аттанып бара жатқанда сапардың сәттілігін тіледің. Ал, маған сенің Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер екеніңді, Саратов әскери училищесін бітіргенің туралы айтып берді. От жалынға оранған зұлмат соғысты жеңіспен аяқтағаннан кейін де әлденеше жыл әскер қатарында болыпсың. Содан соң мінезі біртоға, барынша кішіпейіл, білімді де білікті азамат екендігің айтылды. Соның бәрі әлі күнге дейін есімде. Тағы бір айтылған сыр өспеген тұқымның ұлы деген сөз еді.
Алғашқы таныстық дәл осылай басталған. Арада қаншама жыл өтсе де, күні бүгінгідей жадымда жатталып қалыпты. Бәлкім, ыстық болғаннан да шығар. Әйтпесе көңілден өшіп кетеді емес пе. Кейін бір жылдай кездесіп жүрдік. 1951 жылы шаңырақ көтердік. Содан бері 63 жылдан астам бірге тіршілік құрған екенбіз. Бір адамның ғұмырына пара-пар уақыт. Кейде кейбіреу «үй болған соң шыны-аяқ сылдырламай тұрмайды» деп жатады ғой. Ал, біз тату-тәтті өмір сүрдік. Сен аудандық партия комитетінде қызмет істедің, ал, менің әуел бастан жан жүрегіммен қалаған мамандығым – мұғалім. Осылайша Қызылту ауданында 25 жыл ғұмырымыз өтіпті. Жалындаған жастық шақ еді, ынта да зор, арман да асқақ.
1971 жылы жаңадан Уәлиханов ауданы ашылды. Жаңа ауданды ұйымдастыруға, кейін көркейтуге бір адамдай ат салыстық. Осы ауданда 27 жыл жұмыс істеп, зейнетке шықтық. Дәл қазір нешінші съезд екені есімде жоқ, әйтеуір, 1951 жыл еді. Соғыста ерлік көрсеткен атақты ұшқыш Қиуаз Доспанова Қазақстан комсомолының бірінші басшысы болып істейтін. Ол кісі аты аңызға айналған, майдан даласында төрт жүз мәрте аспанға ұшып, зұлым жауға соққы берген батыр адам болатын. Ал, облыстық комсомол жастар комитетінің бірінші хатшысы Молдахмет Досаев еді. Дәулет Баймұқанов, Салиқа Жексенбина, бәрімізді сол кісі бастап жүрді. Ол уақытта поезд Новосибирск арқылы жүретін. Жолдың өзіне төрт күн уақытың кетеді. Әйтеуір, Алматыға жеттік. Съезден кейін басқа облыстардан келген делегаттармен пікірлесіп, сұхбат құрып қайттық. Жақсы адамдармен тілдесудің өзі бір мәртебе емес пе. Жер көріп, ел танып, бір марқайып қалдық. Олжасыз да емеспіз. Ең үлкен олжамыз Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов тәрізді жазушылардың жүзін көріп, әсерлі әңгімелерін тыңдадық. Сөйлесе келе адам бір-бірімен туысқандай болып кетеді ғой, қаншама достар таптық.
Бұл естеліктер сол кездегі әсерлі бір уақыттың жұқанасы. Съезден кейін көрген-білгенімізді, естіген жаңалықтарымызды отбасында айтып, екеуміз содан қорытынды жасап, болашаққа жоспар құрып отырушы едік. Аллаға шүкір, ұлықты етіп ұл өсірдік, қылықты етіп қыз өсірдік. Перзенттеріміздің бәріне жүрек нұрымен тәлім-тәрбие бердік. Ақылдың ажарымен көмкеруге, көкірегіне сәуле түсіруге тырыстық. Біздің білуімізше, ұрпаққа қалдыратын ең үлкен мұра, сарқылмайтын қазына – білім болса керек-ті. Шүкіршілік, сол білімнің арқасында Жанат есімді қызым Көкшетау қаласындағы №12 орта мектептің директоры болып қызмет істеді, ал, Гүлнәріміз №16 орта мектепте орыс тілінен сабақ береді. Ұлымыз Асқар физика пәнінің мұғалімі. Бәрі де білімді жандарына серік еткен перзент. Білім – шын мәнінде басты байлық.
Сен өте балажан едің. Жан жүрегің елжіреп балаларды өте жақсы көрдің. Көп сөйлемесең де жанарыңда мейірім сәулесі, жүрегіңде аппақ сезім тұратын. Сенің бойыңдағы ақыл-парасатыңды, сабырлылықты балалар үлгі етіп алды. Осы бір жоғары адами қасиеттеріңді отбасы ғана емес, барша ағайын-туыс, жора-жолдас айрықша сыйлайтын. Ел ішіндегі беделің де жоғары болды. Жанашырлығың, қамқорлығың осы күні ертегі іспетті. Жалпақ жұрттың шын мәнінде жақсы көріп сыйлағанынан болар, қайтпас сапарға аттанғанда да елдің қабырғасы қайысып тұрды. Тағдырдың салған ісіне шара бар ма?!.
Менің бар ойым, бар мақсатым шаңырақтың шырайын келтіру еді. Өзіңнің бақытыңды тіледім. Әрдайым жоғары ұстадым. Қашан да биіктен көргім келді. Тоқсан жасқа небары алты-ақ күн жете алмай кеттің-ау. Адам көп уақыт бірге тіршілік қылғаннан кейін бір-біріне әбден бауыр басып кетеді екен. Қазір ойлап қарасам, 63 жылдық ғұмыр тез өткен тәрізді. Алты күндей болмады-ау.
Өзің де қашанда елдің амандығын тілеуші едің. Шүкір, ел аман, жұрт тыныш. Көз көргендер, кейінгі толқын Қайырбек Хасенов кім еді десе, олардың да көз алдына елін сүйген, адамдарын құрметтеген, парасаты жоғары, көркем бейнең көз алдарына келетініне кәміл сенемін. Мынау жарық дүниеге келген әр адам өз ғұмырын, еңбегі мен қажыр-қайратын туған еліне арнаса, абырой-даңқы әрдайым арта бермек. Сенің елге деген махаббатыңды айта отырып, кейінгі ұрпақтың қай-қайсысы болмасын аталарына ұқсап бақса екен деймін. Бәлкім, желкілдеп өсіп келе жатқан жастар отаншылдықты, ел болу жайын аға буыннан, олардың өмір жолынан, еңбектегі жеңістерінен түйсінуі керек шығар.
Ақ қағаздың бетіне түсірген көкіректегі сезім сағыныштың жібек орамалымен оралған. Мәңгілікке өзіңмен бірге жүретін іңкәр сезімдер. Қайтпас сапарға аттанғаныңа жыл толуына орай, жан жүрегіме тыным таптырмаған, түн баласы бебеулеткен жан сырымды мөлдіретіп айту арқылы елге жеткізгім келді. Айыбы жоқ шығар. Бар ғұмырын, ақылы мен білімін, қажыры мен қайратын елге арнаған еріме о дүниенің бар жақсылығын тілеймін.
Бәтима АЯҒАНОВА,
қарт ұстаз.  
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар