Анаға тағзым

Көрген жанның көңіліне кілкіген нұр шуағын төгіп, естіген жанның ет жүрегін елжірететін әдемі шара бұл. Бірден айта кетейік, бұрын-соңды өткізілмеген тосын дүние. Әрине, күмбірлете күй тартып, асқақтата ән салғанның тосындығы жоқ шығар. Мұның мәні осыншама ауқымды істі жеке адамның ұйымдастыруында. 

Жекенікі болғанымен, өнеге-үлгісі жалпыға ортақ, тағылымы көпшілікке, әсіресе, желкілдеп өсіп келе жатқан жас толқынға бағытталуымен құнды. Осы арада сәл ғана таратып айтатын болсақ, аталмыш шара мынау жарық дүниедегі ең қымбат жан ананы ардақтай білуге, аялай білуге игі әсерін тигізбек.
Жаздың басында іріктеу сайысы өткізілген. Оған облыс орталығындағы мектептердің, колледждердің талапты да талантты оқушылары қатысып, хореография, дәстүрлі ән және ақындық қабілеттерін сарапқа салған болатын. Елдің ықыласы анаға дегенде ала-бөтен екен. Соған қуандық. Жастардың жүрегіндегі ізгілік отын лаулатқан бәсірелі бәсеке болды бұл. Жүзден артық талапкер өзара сайысқа түсіп, олардың ішінен жүйріктері таңдалып алынды.
Осы айтулы шараны облыс орталығында тұратын Көшімбаевтар отбасы ұйымдастырып отыр. Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Ахметжанұлының жан жары Тілеулес Өтеуліқызын еске алуға арналған. Тілеулес апай Зеренді ауданындағы Өндіріс ауылының тумасы. Көкшетау медицина училищесін бітірген соң, облысымыздың бірнеше мекендерінде абыройлы қызмет атқарды. Өмірге үш бала әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Тұңғышы Марат техника ғылымының докторы, академик. Уәлиханы мен Талғаты да әке мен ананың тәлімді тәрбиесінің арқасында ел аузына ілігіп жүрген іскер азаматтар.
Ана махаббатын, анаға деген қимастық сезімдерді әрқилы айтып жеткізуге болады. Ал, бұл жолғы шара перзенттерінің таңғы шықтай мөлдіреген махаббаттарының құдіретімен елге өнеге, жастарға тәрбие ретінде аталып өтпек. Өнер құдіреті арқылы. Сөйтіп, өнегесін шашпақ. Жалғыз Тілеулес Өтеуліқызының бауыр еті балалары ғана емес, барша жұрт аналарды сыйлай білуге, ардақтай білуге арналуымен де құнды.
Анаға арналған өнер додасы Көкшетау қаласындағы «Достар» мәдениет сарайында тамыздың 18-і күні сағат 14.00-де өткізіледі. Келем деушілерге есік ашық.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар