Ана есімін асқақтатып…

Жалғанда жан баласы үшін анадан асқан абзал адам жоқ шығар. Түн ұйқысын төрт бөліп, ғұмыр бойы баласы үшін бәйек қағып, жарғақ құлағы жастыққа тимей, алаң күй кешетін аналардың орны бөлек қой, әманда. Осы орайда, анасының жарқын бейнесін жылдар бойы жадынан шығармай, оның өнегелі ғұмырын өскелең ұрпаққа насихаттауды мақсат тұтқан Көшімбаевтар әулетінің бастамасын игі іске балауға болады. 

Жақында облыс орталығындағы «Достар» мәдениет сарайында  Көкшетау қаласының құрметті азаматы, еңбек ардагері Болат Көшімбаевтың ұйымдастыруымен Тілеулес Өтеулина атындағы «Анаға тағзым» тақырыбында облыстық көркемөнерпаздар байқауы болып өтті. Аталмыш өнер додасында Ақмола облысының ғана емес, Солтүстік Қазақстан өңірінен де дарынды жастар қатысып, өз өнерлерін ортаға салып, бақ сынасты. Алғашқы кезеңнен оқ бойы оза шауып, суырылып шыққан 40 оқушы  өлеңді мәнерлеп оқу, ән айту, хореография, музыкалық аспапта ойнау сияқты төрт аталым бойынша өз қабілет-қарымдарын сарапқа салды.  Бір қуантарлығы, қатысамын дегендердің саны жүзден асқан. Және бір атап өтерлік жайт, үміткерлердің арасында ұлты – басқа, тілі – қазақ, жүрегі – өнер деп соққан талабы зор талантты жастар көп еді.
Байқауға қатысқандардың қай-қайсысынан болмасын сахнаға шыққан сәтте аса бір толқынысты байқадық. Себебі, ән-әуез де, жүректен шыққан жыр да, тілсіз би де, сыңғырлы мөлдір музыка да анаға арналды. Абзал анаға деген сүйіспеншілікке толы құрмет пен ыстық ілтипаттың белгісіндей әуелеген асқақ әуен, сырлы сөз, сөз жеткізгісіз сұлулық  жүздеген көрерменнің  жүрегіне жол тауып, тыңдарманын ерекше күйге бөледі.  Рухани құндылықтың  дәні отбасы дейтін тамыры терең алып бәйтерекке өзек болатын болса, әкесін сыйлап, анасын ардақтаған ел азбайды дер едік.  
Тағылымы мол байқау қорытындысы бойынша мәнерлеп өлең оқудан Еркежан Ахметбекова, хореографиядан Айыртау балалар үйінің тәрбиеленушілері, ән айтудан Мәрзия Қағазбек бас жүлдені жеңіп алып,   бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ұрпаққа үлгі болар қазақтың ардақты аналары-ай, шіркін!
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар