Ана мен бала ешқашан ажырамасыншы

Ақмола облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен гендерлік теңдік стратегиясына арналған брифингте отбасы институтының маңызы, бала тәрбиесі, ата-аналардың жауапкершілігі, әйел теңдігі  тәрізді мәселелер қаралды.

Қазіргі таңда қоғамның кез-келген саласын әйелдерсіз елестету мүмкін емес. Олар жандары нәзік болғанымен, қай жерде болмасын өте белсенді, жауапты әрі ісіне тыңғылықты келеді. Әйелдер отбасының ұйытқысы, азаматтық ұстанымы айқын жандар. Облысымызда әлеуметтік-экономикалық салада қызмет етіп жүрген әйелдер қауымының саны жыл өткен сайын артып келеді.  Орта және шағын кәсіпкерліктегі әйелдердің үлес салмағы 60 пайызды құрайды. Бұдан өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруда әйелдердің рөлінің зор екендігін бағамдаймыз.
Ақмола облысының іскер әйелдер қауымдастығының басшысы Дәмелі Қойшина БАҚ өкілдеріне өзі басқарып отырған қауымдастықтың өткен жылы атқарған жұмыстарын баяндап, биылғы жылы қолға алғалы отырған жобалармен таныстырды. Іскер әйелдер қауымдастығы 2006-2016 жылдар аралығында гендерлік теңдік стратегиясын табыс-ты жүзеге асырды. Оның негізінде отбасындағы зорлық-зомбылықты болдырмау, жою, отбасын сақтап қалу, ер мен әйелдің қоғамдағы тең құқығы, әйелдердің әлеуметтік салаларда басшылық етуінің маңыздылығы кеңінен айтылды.
– Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, 2012 жылдың өзінде үйленген отбасылардың 48 пайызы ажырасыпты. Қазір бұл көрсеткіш одан әрі көбейе түскен, үйленгендердің тең жартысы бір немесе екі жыл ішінде айырылысып жатыр. Ал, біз үшін отбасы институтын нығайту, оны сақтап қалу қашан да маңызды. Осы орайда, іскер әйелдер қауымдастығы бірнеше жобаны қолға алуда. Мәселен, өмір көрген, зейнеттегі ақ жаулықты аналарды шақырып,  отбасында зорлық-зомбылық көрген әйелдермен, ажырасқалы отырған жастармен әңгімелесулер, ашық алаңдар ұйымдастырып, бірнеше отбасының шаңырағын сақтап қалдық. Қазіргі таңда белсенді түрде енгізіліп жатқан медиация жүйесінің де біршама пайдасы тиюде. Егде адамдарға, мүгедек балалары бар отбасыларға қолдау көрсету мақсатында да жұмыстар қолға алынуда. Қайырымдылық балы биыл үшінші рет өткізілгелі отыр. Жоғарыда атап өткенімдей, отбасын сақтап қалу, егде адамдарға, мүгедек балаларға, кәсіпкер әйелдерге қолдау көрсету жұмыстарын біздің қауымдастық оңтайлы жүргізіп жатыр. Өткен жылы 26 адам «Даму» қорының көмегімен кәсіпкерлік саласына қайта даярлаудан өтті,– деді Дәмелі Қойшина.   Сондай-ақ, дәрігер-реабилитолог Гауһар Камелинова сал ауруына тап болған балалар мен олардың аналарымен жұмыс жүргізу, осындай отбасыларға психологиялық-материалдық көмек-қолдау көрсету тұрғысындағы өз ойларымен бөлісті.
Облыс орталығында өткен жылы ашылған «Ана үйі» қоғамдық қорының төрайымы Құралай Жұмабекова қор жанындағы «Бала асырап алуға қолдау көрсету» орталығының жұмыс істеп жатқандығы туралы кеңінен баяндап берді. «Ана үйі» қорының жұмысы барысында 1780 бала аналарының мейіріміне бөленіп, олардың аялы  алақандарын сезініп өсіп келеді. Қазақстан бо-йынша осындай 25 орталық жұмыс істейді екен. Әрине, бұл қорлар заман талабынан ашылып отырғандығын түсіндіре келе, ол бала асырап алуға үлкен дайындықтың қажеттігіне тоқталды. Мәселен, жоғарыда аталған орталық ашылған кезде, бала асырап алуға ниет білдірген адамдар, отбасылар көптеп келіпті. Бірақ, орталықтың арнайы ұйымдастырған 12 тренинг-сабағына қатысқан 18 отбасының тек қана 11-і ғана бала асырап алуға келіскен, шынайы дайын екендіктерін дәлелдеп шыққан. Ал, алты ата-ана сабаққа қатысу барысында дайын емес екендіктерін өздері мойындап, бас тартқан. Бір ескеретін дүние, орталық асырап алу кезінде бір отбасыдан шыққан балаларды ажыратпайды, мейлі олар екеу болсын немесе төртеу болсын, барлығы бірдей бір отбасыға тапсырылады. Бірақ, көп отбасылар тек бір баласын асырап алуға ниеттеніп жатады екен. Сонымен қатар, бұл орталықтың басты мақсаты – балаға көмектесу. Орталық асырап алушы ата-аналармен балалар болашақта тағы да осындай психологиялық  дағдарысқа ұшырамауын, отбасыдан көңілдері қалмауы тиістігін түсіндіріп, барынша өздері де көмек беруге әзірліктерін айтады.
Брифингте арнайы шақырылған спикерлер БАҚ өкілдерінің тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, өздерінің ұсыныстарымен бөлісті.

Ырысалды Шамшиева.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар