Анасы бар адамды ешқашан жетім демеңіз!..

…Арқаның қысы қатты. Қаһарлы тым! Еркелігіңді еш көтермейді. Редакцияның кезекті тапсырмасымен облыс орталығында орналасқан «Ана үйіне» бет алдым. Аяз ашуға мінген. Беті-қолымды қарып, үскірік жел өңменімнен өткендей. Бүгінгі тоңғаным түк емес-ау. Өмірдің өкпек желінде қалған  жәудіркөздерді айтсаңызшы…

– Өмірде қаншама адам болса соншама тағдыр. Жас тамшылары сияқты. Алыстан қарасаңыз, бір-бірінен аумай қалған, сондай ұқсас. Ал, үңіле қарасаңыз, бір-біріне ұқсамайтын сұлулық тұнып тұрады.  Жақсы адамның өмір жолы да сондай ғой. Дегенмен де, қиындығы мен қызығы қатар жүретін ғұмыр соқтықпалы соқпақтан да тұрады. Тағдырдың тәлкегіне шыдамай қаншама тағдыр үзілді. Жас кезінде адам қателеспей қоймайды. Бірақ, өмірінде шалыс басқан бір қадамы оның ғұмыр бойғы өкінішіне айналуы мүмкін екендігін жастар түсіне бермейді,–деп бастады әңгімесін Көкшетау қаласындағы «Ана үйінің» үйлестірушісі Көгершін Зәлелқызы. – «Ана үйіндегі» бар баланы өз баламыздай жақсы көріп, бауыр басып кеттік. Баланың қылығы тәтті болады.  Орталықтың медбикесі Валентина Волкова бөбектер ауырса, күні-түні бәйек болып, буыны қатпаған сәбилердің денесін сылап-сипап, аса жауапкершілікпен, зор жанашырлық танытып, балапандардан еңбегін аямайды. Көкшетау қаласында «Ана үйінің» ашылғанына екі жарым жылдай болды. Осы жылдар аралығында 15 келіншекке қолұшын бердік. Өткен жылы кәмелетке толмаған 5 жалғызбасты ана осы жерді паналап, кішкентай бөбектерімен бір жылдан астам уақыт тұрды. Қазіргі таңда олардың екеуі тұрмыс құрып, өз алдына отау тіксе, қалған үшеуін өздерінің туған туыстары алып кетті.  
Бүгінгі таңда орталықта алты келіншек, жеті сәби тұрады. Біреуінің егіз баласы бар. Жастар кез-келген іске тез бейімделіп кетеді. Орталықта тігін тігу үйірмесі жұмыс істейді. Осы жерде қыздарды қолөнерге баулимыз. Төсек орын жабдықтарын, төр көрпелерді өздері қолдан тігіп ала алады. Ас-суды да өздері қамдайды.  Бірінің баласын бірі бағып, ынтымақ-бірлікте ғұмыр кешіп жатыр. Қазақ «Кемедегінің жаны бір» деген. Бірінің көңілін бірі қабағынан ұғып, қыздар өзара сырласады, мұңдасады. Бұл да бір өмір мектебі.
– Олар осы орталықта қанша уақыт тұра алады?
– Жасырары жоқ, осы бір сауапты істің барлығы жүрегі жомарт ізгі жан Айдын Рахымбаевтың қаражатымен жүзеге асуда. Жоба авторының айтуынша «Ана үйін» ашуда негізгі мақсат жетімдер санын азайту. Бетін әрі қылсын, бірақ, қазіргі таңда шырылдаған шаранасын жатырынан тұншықтырып, ол аз десеңіз, шақалақты лақтырып тірідей көмген, мұнанда сорақысы, тасбауыр аналар әжетхананың тесігіне де тастап жауыздық танытып жатқандарын естіп жүрміз. Ал, басына түскенді тағдырдың тартқанын, жаратқанның жазғаны деп ұғынған  жас келіншектерді қолдап демегенде тұрған ештеңе жоқ деп есептеймін. Осының арқасында биылдың өзінде 15 бала жетімдіктің құрсауынан аман қалды. Жалпы анасы бар адамды жетім деуге болмайды. Себебі, ана жүрегі соңғы тынысы қалғанша баласы үшін тырысып бағады, баласы үшін байыз таппайды. Облыстағы білім, денсаулық сақтау басқармаларымен бірлесіп жұмыс істейміз. Өз баласын перзентханада тастап кеткісі келетін жас аналармен біздегі арнайы білікті психолог Гүлмира Әбдірахманова сөйлесіп, бала тағдыры ойыншық емес екендігін түсіндіріп, сырласады. Кейін баланың әкесін тауып алып, келіншектің туған- туыстарымен де сөйлесіп көреміз. Басты мақсат, қыздарды отбасымен табыстырып, қолдау көрсету. Тіпті, олай болмаған кезде де олар «Ана үйінен» кеткенде де хабарласып, олардың жұмысқа тұрып кетуіне жәрдемдесеміз.
Біз орталықты аралап көрдік. Әрбір жас ананың жанында баланың кереуеті тұр. Бөлмелер жиһазға лық толы. Тұрмысқа қажетті заттардың барлығы бар. Балалар асыр салып, ойнап жүр. Медбике  Валентина Волкованың айтуынша, орталықтағы ең кішкентай сәби бар-жоғы үш айда.
– Көбінесе балаларды перзентханадан бірден осында алып келеміз. Жас аналарға баланы қалай күту керек бәрін түсіндіріп көрсетеміз. Көз алдымызда өсіп жатқасын сәбилердің барлығы да бізге бірдей ыстық,– дейді ол.        
Жас келіншектердің бір-екеуін де сөзге тартып көрдік.  Өзін Надира (белгілі себептерге байланысты есімі өзгертіліп алынған) деп таныстырған он тоғыз жасар келіншек баласының әкесі балалы болатынын естігенде үйленемін деген сөзінен тайқып тастап кеткен. Ауылдағы анасы дүниеден озғанына үш жылдың жүзі болыпты. Анамның көзі тірі болса, бәлкім мен осындай күйге түспес те едім, – дейді жыларман болған Надира. Өкініштісі,  әкемнің үмітін ақтай алмадым, мені көргісі де жоқ. Осы қалада ағам да, інім де тұрады. Менен бәрі безген. Бірақ, жан жылуын мен туғандарымнан емес, осы орталық қызметкерлерінен көрдім. Басшылықты айтпағанда, шопыр Кәкім Бейсенбаевтың өзі біздің туған ағамыз секілді. Балаларымызды қажет болса емханаға тағысын тағы айтқан жерімізге апарып қамқорлық танытып жатады. Мен налымаймын, балам үшін бәріне төзуге де бармын. Маңдайымнан көремін. Жасанды түсік жасап обал жасағым келмеді. Баласын алдыртып тастап, күнәдан пәк болып отыратындар көп қой… Жүкті болғанда осы орталыққа келгенмін. Аман-есен жаным қалып, дүниеге шекесі торсықтай бір ұл әкелдім. Мінекей, ол да бес айға толды. Мың шүкір көз-қуанышым да, бар үмітім де, өмірімнің мәні де осы құлыным. Осы орайды пайдаланып мен секілді тағдырдың сынына тап болған келіншектерге демеу болған орталықтың басшыларына алғысым зор, – дейді ол ағынан жарылып. – Өзің айтпақшы, уақыт тез өте шығады. Орталықтан шыққан соң қайда барасың, алдағы өміріңді қалай елестетесің дедік біз де сыр тартып.
– Шаштараз мамандығын меңгергенмін. Мында тігін тігуді үйреніп алдым. Жұмысқа тұрамын. Пәтер кезегіне де тұрдым. Бір жөні болар апай, ең бастысы баламның обалына қалған жоқпын деді ол.
«…Ана болам несіне ұяламын,
Біреудің ұрлағам жоқ жиған малын,
Жүрегіме жалғасқан періштені
Алланың ризығы деп сыйға аламын». Санамда өлең сайрап сала берді. Авторы есімде жоқ, бірақ, осы өлеңді бір оқығаннан жаттап алғам. Бұл өлең сормаңдай қыздардың жанайқайы сияқты. Рас, бала деген өмірдің гүлі. Бал тілді балдырғанының әрбір қылығына тоймай, өзі де балаша қуанып отырған жас келіншектерге қарап, осыған тағы бір көз жеткізесің.  Біз баладан безбейтін ұрпақ едік қой. Осындайда, жалған дүниеде өзінің қанынан нәр алған шақалақтың барын біле тұра, әке жүрегі қалай ғана дәті барып, өз баласынан бас тарта алады екен деген ойға қаласың? Туған баласын тірідей жетім етіп, тентіретіп жіберген жігіт,  түптің түбінде ел мен жердің тұтқасы болып елге тіреу болады дегенге өз басым сенбеймін. Ал, өзекті өрттейтіні  ондай жігіттер көбейіп кетті…
Обал, сауап, ұят осы үш сөз санамда сайрап, қайта-қайта тіл ұшына орала берді. Үш ұғымның қайсысы жоғары? Неден қорқуымыз керек? Обалдан ба, ұяттан ба? Әлде сауабы жоқ тірлігімізден бе? Кім білсін… Қазақ үшін әрине ұят деген сөздің салмағы ауыр. Қалай дегенмен де қазекем қашанда қыз бала тәрбиесіне ерекше назар аударып, жатжұрттық деп қызғалдақ гүлін алақанына салып, еркелетіп өсірген. Құдай сақтасын, әлгінде орталық басшыларының аузынан 15-16 жастағы қыздардың балалы болғанын естідік. Бұл әрине, замана шері. Оңын-солын айырмаған балалар балалы болыпты
деді ме? Естіген құлақта жазық жоқ…
Иә, рас, басына үкілі тақия, үстіне қос етек бүрмелі көйлек киген, қос бұрымына шолпы тағып жүретін қыздар да, ол заман да келмеске кеткен. Жасыратын түгі жоқ, қазіргі қазақ қызының түр-сипаты ғана емес, таным-түсінігі, ой-пайымы да өзгерген. Кімді кінәлаймыз? Ұят болады деп ар-ұятын жанынан биік қойған қазақ үшін осы «Ана үйі» қажет пе? Қажет емес десек, өзіміз жоғарыда тілге тиек еткен түсінік пайымы басқа, қазіргінің қарагөзі  шалыс басты делік. Осындайда шырылдаған шаранасын қолына  алып, көше тентіреп жүргенде, балам деп жаны шарқ ұрып бассауғалар жер таппағанда пана болған, «Ана үйі» қажет те болар бәлкім. Қалай дегенмен де, қазақтың «маңдайынан көрсін» дейтін аманатын жоққа шығаруға да болмайтын сыңайлы.
Бізді ұрпақ тағдыры алаңдатады. Бала жүрек ештеңені білмейді, сезбейді демеңіз. Анасының жанын сыздатқан жан сырын, әкесінің тас жүрегінің ызғарын тар құрсақта жатып-ақ сезген. Ең бастысы,  ержеткенде, әкесі қадірлемеген ананың қадірін білетін, аяулы ұрпақ болып өссе болғаны. «Қарттар үйі», «Балалар үйі», енді «Ана үйі» пайда болды. Қайран, қазақ, қара шаңырағыңнан неге осылай қадір қашты!?.

Ұлмекен Шаменова.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар