Антонина-Қадиша апай: «Мен өзімді қазақпын деп білемін»

Ежелгі аңыз-әңгімелерге назар аударатын болсақ, неке жеті қат көкте, Тәңірдің бұйрығымен қиылады екен. Ал, жер бетіндегі жұптар сол Тәңірдің жазуымен бірін-бірі тауып қосылады дейді. Жарты ғасырдан астам уақыт жұптары жазылмай, бірге өмір сүріп келе жатқан Мұхамеджановтардың отбасы осынау қағидаға сай келеді деп айтар едік.

– Аяулы жарым Қадишамен отасқаныма елу жылдан астам уақыт болды. Өмірімнің шуақты күндері мен дауылды кезеңдерін, ауыртпалықтары мен қиыншылықтарын бірге кешіп келе жатырмыз, – деп әңгімесін бастай берген Марат Сәлімжанұлының жанына ұлты орыс бір апай келіп жайғаса бастады. Кейін әңгімемізге де араласты. Өзі қазақшаға судай, бір адамдай жақсы сөйлейді. Сөйтсек, ол Қадиша деп отырған Марат атамыздың жары екен. Шын есімі Антонина Ивановна, осы Мұхамеджановтардың шаңырағына келін болып түскеннен бері Қадиша деп аталып кетіпті. Өзінің айтуына қарағанда, ұлты орыс екенін ұмытып кеткенге ұқсайды.
– Мен өзімді қазақпын деп есептеймін. Өмірлік серігім және біздің балаларымыз қазақ. Олар қазақ болғанда, мен қайда барамын. Ендеше мен де қазақпын, – деді Қадиша апай -Антонина Ивановна.
Үйлеріне бас сұқсаңыз, жүрегі кең қазақтың дархан даласындай жомарттық пен сыйластықтың, мейірімділік пен сүйіспеншіліктің иісі аңқып тұрғандай өзіңді жайлы сезінесің. Олардан қалай танысқаны, отбасын құрған шақтары туралы сұрайтын болсаңыз, көздерінде нұр ойнап, сол бір жастық шақтың – албырт кезеңнің сезімдерін толқыныспен, ерекше сезіммен баяндап береді. Сол бір сағым уақыттағы бастан өткерген көңіл-күй сезімдері бойларын қайта билейтіндей. Марат Сәлімжанұлы мен Антонина Ивановнаның балалық балғын шақтары қиын кезеңге тап келіпті. Ұлы Отан соғысы, одан кейінгі ауыртпалықты жылдар. Марат Сәлімжанұлы отбасындағы тұңғыш бала болғандықтан, еңбекке ерте араласқан. Мектеп бітірген соң, нан пісіру шеберіне оқуға барып, наубайшы болып жұмыс істейді. Содан кейін біраз жыл өткен соң, механизатор мамандығына қайта даярлық курсынан өтіп, Қаратүбектегі тракторшы-диқаншылардың бригадасына барып, жұмысқа орналасады. Зейнетке шыққаннан кейін де «Избасаров және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде басшылық қызмет атқарып жүреді.
Антонина Ивановнаның да жастық шағы оңай болмаған. 1947 жылы Украинада жұт орын алғанда анасымен және үлкен сіңлісімен осы жаққа көшіп келіпті. Сол кезде отбасымен ашаршылықтан, не репрессияның зобалаңдарынан қашып келгендігін білмейді. Есінде бар қалғаны жолда қатты ауырып, анасы оны Жалтырда бір ағасының үйіне тастап кетіп, өзі Новочеркасскіге жұмысқа орналасыпты. Кейін 1959 жылы олар Алғабасқа көшіп келіпті. «Осында көшіп келгеннен кейін Марат екеуіміз жұмыста, ауылда бір жерде жүргендіктен жиі кездесіп қалатынбыз. Бірде егін науқаны аяқталған соң жастарға фестиваль ұйымдастырылды. Ауылдың жастары бәрі сонда жиналды. Сол жерде жақын танысып, кейін кездесіп жүрдік. Көп кешікпей отбасын құруға бекініп, мен қазақ отбасының шаңырағына бардым. Әрине, басында қиын болды, салт-дәстүр, ұлттық тағамдар дайындау. Аздап қиналғаным рас, бірақ тез үйреніп алдым» деп еске алады сол бір кезді ол.
Марат ағамыздың анасы босағасын аттаған өзге ұлттың қызын келін қылып әкелген баласына көп қарсылық білдіріп, басында Антонинаны ұнатпаған екен. Бірақ, кейін уақыт өте өзінің байыпты, сабырлы, әдепті мінезінің арқасында ол енесіне үйреніп, бауыр басып алыпты. Ауылдағыдар да оны Тоня емес, Қадиша деп атап кетіпті.
Бар уақыттарын жұмыс басында өткізіп, одан қалды ана-аналарына көмектесіп, үй шаруашылығымен айналысатын олар алдағы күндерге жоспар құрып, дүниеге әлі келіп үлгермеген балаларына есім ойластырып, білімді де тәрбиелі ұрпақ болуларын армандапты. Міне, бүгінде сол армандары орындалды. Балаларын бүгінде мақтан етеді. Үлкен ұлдары – Жанат ата-анасының тірегі. Қазіргі таңда Алғабас ауылының әкімі болып қызмет етеді. Алғабас Ұзынкөлден әжептәуір жерде орналасса да, күніне бір келіп, хал-жағдайларын біліп, қол ұшын беріп кетіп жүреді екен.
Әке жолын қуған бұл баласының да келіншегі орыс ұлтынан. Ол үйленемін, орыстың қызын аламын дегенде, ең алдымен әжесі қолдап шығыпты. «Егер сенің анаң сияқты ибалы да инабатты келін болса, оның қай ұлттан болғаны маңызды емес, сондықтан, ең алдымен ата-анаңды сыйлап, осы шаңырақтың пұшпағын илейтін адам болсын» депті. Бүгінде Жанаттың да үш баласы бар.
Екінші ұлдары Президент әкімшілігінде қызмет етеді, ал, екі қызы Жанар мен Сұлушаш «Избасаров және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде операторлар болып қызмет атқаруда. Кенже ұлдары Қайрат әке жолын қуып, тракторшы-диқаншылар бригадасында бригадир. Тағдыр басқа салған кезеңдерді мойымай кеше білген Мұхамеджановтардың отбасы ортаншы қыздарының ауыр қазасын да бастарынан өткерген. Қызы отызға толар толмас жасында ауырып, қайтыс болыпты, оның бес жасар Мадинасы мен үш жасар Асылханын ата-әжесі бауырларына басып алған. Бүгінде олар да ер жетіп, өсіп-өнген. Асылхан азаматтық парызын өтеуге Қарулы Күштер қатарына кетіпті. Біздің басты кейіпкерлеріміз бүгінде он шақты немере мен олардан көрген шөберелерінің шаттығы мен қуанышына кенеліп отыр.
Шаңырағының шаттығы шалқыған, қашан барсаң дастарханы жайылып, үйіне кіргенде қазақы жылылық сезіліп тұратын Қадиша әжей мен Марат атаның отбасы бүгінгі жастарымызға үлгі-өнеге болмақ.

Астрахан ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар