Апат айтып келмейді

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Алексей Советов журналистердің қатысуымен баспасөз мәслихатын өткізіп, қыс маусымында орын алуы ықтимал төтенше жағдайларды болдырмау және жаңа жыл мерекесі кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау туралы баяндап берді.

Департамент басшысы алдымен, қыс маусымындағы төтенше жағдайларды ескерту мәселесіне тоқталды. Солтүстік өңір болғандықтан бұл кезде негізінен, төтенше жағдай жолға шыққанда және жекеменшік тұрғын үйлерде пеш жағу кезінде орын алады. Дегенмен, соңғы жылдары саланың материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етілуі, төтенше жағдайлардың алдын алып, адам өлімі мен материалдық шығын көлемін азайтуға едәуір мүмкіндік беріп отыр. Мұны әрине, облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында әкімдіктер мен коммуналдық кәсіпорындардың өкілдерімен және жеке адамдармен жылу беру маусымы барысында бірігіп өткізген шараларының нәтижесі деуге болады.
Жалпы, облыс бойынша өрт оқиғалары өткен жылмен салыстырғанда аз тіркелгенімен, кейбір аудандарда бұл көрсеткіш әлі де жоғары деңгейде сақталып отыр. Адам өліміне әкеп соқтыратын тілсіз жаудың бел алуы негізінен, мас күйінде темекі тұқылын сөндірмей тастау, отты абайсыз пайдалану, пеш және электр желісі құрылғыларын қолданған кезде өрт қауіпсіздігі ережелерін дұрыс сақтамаудан болуда.
– Жылу беру маусымы кезінде өрт қауіпсіздігі ережесінің дұрыс сақталуы маңызды. Өйтпеген жағдайда, адам шығынына әкеліп соқтыратын қайғылы жағдай орын алатыны анық. Мәселен, өткен жылдың он айында өрттен 16 адам көз жұмып, 91 миллион теңгеден астам материалдық шығын келтірілді. Ал, биыл бұл көрсеткіш екі есеге азайған, – деді Алексей Советов.
Сонымен қатар, иіс тиіп, улану оқиғасы да өршіп тұр. Мұндай оқыс оқиғалардың дені жер үйлердегі пештердің ақауы салдарынан туындап отыр. Осы мақсатта ТЖД қызметкерлері облыс аумағындағы тұрғын үйлерге барып, өрт қауіпсіздігі шараларын сақтау жөнінде ескерту жасау жұмыстарын қолға алған.
Брифинг барысында жаңа жыл мерекесі кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау керектігі де айтылды. Жыл сайын жаңа жыл мерекесі күндері отшашудан туындайтын төтенше жағдайдың қаупі де арта түседі. Сондықтан, департамент тарапынан қалалар мен аудандарда төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жоспарлы кешендік жұмыстар жүргізілуде.

Аслан Оспанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар