Арбаға таңылған мүгедектерге кей орындарға кірудің өзі мұң

өйткені, оларда орнатылған арнайы жолдар талапқа сай емес немесе мүлдем жоқ

Облыстық мәслихаттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында «Қазақстан Республикасының 2012-2018 жылдарға арналған мүгедектердің құқығы мен өмір сүру сапасын жақсартуды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарының» үшінші кезеңін жүзеге асыру мақсатында мүгедектерге кедергісіз орта қалыптастыру  және оларды жұмыспен қамту бағытындағы  өзекті мәселелер  талқыланды. Тұрақты комиссияның төрайымы Елена Мащинская ашып, жүргізіп отырған мәжіліске облыстық мәслихаттың депутаттары мен
жауапты қызметкерлері, бірқатар басқармалардың басшылары, қоғамдық Кеңестің мүшелері қатысты.
Жиналғандар  алдымен облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Алтын Ақбарованың баяндамасын тыңдады. Осы күні облыста 28380 мүгедек адам бар. Оның 12 мыңнан астамы бірінші және екінші топтағы мүгедектер, 11 мыңға жуығы үшінші топқа жататындар, ал қалғандары балалар. Кембағал жандардың жеті мыңнан астамы кедергісіз орта қалыптастыруды қажет етеді. Мәселен, 1046 адам арбаға таңылған, сол сияқты 2918 мүгедектің тірек-қозғалу аппараты бұзылған. Сонымен қатар, 2598 адам зағиптар қатарына жатса, мыңға жуығы құлағының мүкісі бар, есту қабілеттері нашар адамдар екен.
Облыста мүгедектер баратын мемлекеттік мекемелер мен оларға арнайы қызмет көрсету орталықтарының жалпы саны шамамен 1672 нысанды құрап отыр. Облыс бойынша 561 нысанда мүгедектерге кедергісіз жүріп-тұру жағдайы қарастырылған. Дегенмен, мүгедектердің жүріп-тұруларына ыңғайлы болатындай жағдай жасауды қажет ететін әлі де мың жарымға жуық нысан бар. Олардың басым көпшілігі Көкшетау қаласында орналасқан. Сол сияқты Бурабай, Есіл, Бұланды, Атбасар аудандарында да халықтың тығыз орналасуына байланысты осындай кедергісіз орта қалыптастыруды қажет ететін әлеуметтік мекемелер жетіп артылады.
2016 жылдың қорытындысына сай, 557 нысан бейімделген, яғни, негізге алынған жос-пар толығымен орындалыпты. Оның ішінде мемлекеттік басқармалар, денсаулық сақтау мекемелері, әлеуметтік қорғау орындары, білім беру, мәдениет, дене шынықтыру және спорт, жеке құрылымдар бар. Басшылыққа алынған нысандарды комиссия мүшелері мен мүдделі мекемелер тексерген. Сонда кейбір аудандардың прокуратура, сот, әділет органдарында, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында мүгедектердің жүріп-тұруына арналған пандустар талапқа сай орнатылмаған немесе мүлде қарастырылмаған, бар болған күннің өзінде қиындықтар туғызады. Мәселен, Жақсы ауданындағы «Нұр Отан» партиясының филиалында пандус мүлде орнатылмаған. Комиссия мүшелерінің мәлімдеуінше, әлеуметтік нысандардың кей басшылары аудандағы мүгедек жандарға кедергісіз орта қалыптастыру жағдайына қатысты кейбір мәліметтерді білмейді екен.
Біздің облыс мүгедектердің жағдайын жасау және жұмыспен қамту бойынша респуб-ликада соңынан санағанда төртінші орында екен. Экологиясы нашар деп саналатын Қарағанды, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан сияқты облыстардың қатарында тұрмыз.  Осы жерде маған мынадай ой келеді. Біз курорттық аймақтары бар, туризмі дамып келе жатқан Бурабай, Зеренді сияқты көрікті жерлері бар, шет мемлекеттерден демалушылар жиі келетін астаналық облыста тұрамыз. Алайда, кембағал жандарға жағдай әлі де дұрыс жасалмаған.
Комиссияның кестесіне сай, ағымдағы жылдың шілде айында жұмыс тобы Атбасар, Бурабай аудандары мен Көкшетау, Степногорск қалаларындағы әлеуметтік нысандарға тексеріс жүргізіпті. Сонда Көкшетау қаласы бойынша «Алтын ғасыр» сауда үйінде әкімшілерінің берген мәліметтерінде көтерілу құралдары мен лифт жұмыс істейді деп келтіріліпті. Алайда, тексеріс барысында мүгедектер көтерілетін орынға шықпас бұрын үш баспалдақты аттау керектігі, арбалардың жүруіне қиындық туғызатын жерлердің көптігі, пандустарды қар басса, уақытында тазаланбайтындығы, кіре берісінде тағы бірқатар кедергілер кездесетіні анықталған. Ал, жоғары қабатқа көтерілетін лифт мүлде істемейді. Сол сияқты, «Бисквит» дүкенінің алдында екі пандус болса да, қызметкерді шақыратын тетік пен «Мүгедектер үшін қолжетімді» деген белгі жоқ. Сонымен бірге, қаладағы кейбір банкоматтарда мүгедектердің көтерілуіне арналған пандустар да қарастырылмапты.  
Облыстағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін орталықтарды жоспардан тыс тексеру барысында бірқатар олқылықтар, ережеге сай жасалмаған кемшіліктер көптеп орын алған. Көкшетаудағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында мүгедектердің көлігін қоятын тұрақ қарастырылмаған. Есіктері мен пандустары талапқа сай болмай шыққан. Алайда, олқылықтарды жоюға берілген уақыт аралығында бұл кемшіліктер жойылыпты. Сол сияқты Атбасар ауданында «Авиценна» дәріханасында, «Цесна банкта», аудандық орталық ауруханада, мәдениет үйінде, «Славянка» дүкенінде де осындай олқылықтар орын алған. Ескертулер әлі де шешімін таппаған. Келесі жылдың еншісіне қалдырылған. Зеренді ауданында мүгедектердің көлік қоятын тұрағы мүлде қарастырылмаған.
Отырыста сонымен қатар, мүгедектерді жұмыспен қамту мәселелері қарастырылды. Облыста жалпы жоспар бойынша биылғы жылы 443 адам жұмысқа орналастырылуы қажет болса, 608 адам жұмыспен қамтылған. Жоғарыда аталған мүгедектердің ішінде 12 мыңнан астамы жұмысқа жарамды екен. Қазақстан Республикасының еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Шерияздановтың айтуынша, облыста 28 мыңнан астам мүгедек болса, оның 26 мыңдайы ғана мемлекеттің әлеуметтік төлем жүргізу орталықтарының мәліметтеріне алынған. Сонымен қатар, мүгедек балалардың басым көпшілігі туабітті паталогиялық ауруларға шалдығып туады екен. Статистикалық мәліметтер бойынша онкологиялық ауруға шалдыққан балалар саны көп, бірінші сатыда тұр, жүрек-қан тамырлары аурулары екінші және түрлі жарақаттары бар балалар үшінші сатыда. Балалардың  онкологиялық ауруларға тым ерте шалдығуы алаңдататын мәселе. Сонымен қатар, мүгедектердің жыл сайын өздерінің мүгедектік топтарын растайтын медициналық анықтама алуға тексерістен өту мәселесі де талқыланды.  Осы жерде «Шанс» мүгедектерді оңалту орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Василий Шиманский бірқатар ұсыныстар жасады. Мәселен, оның орталығында мүгедектерді қажетті жерге жеткізіп тастауға арналған арнайы екі көлік құралы бар екен. Алайда, оның айтуынша ол жеткіліксіз. Қалада әлі де қаншама адамды жұмысына, медициналық мекемелерге жеткізуге, мүгедек балаларды тасуға арналған көлік құралдары қажет. Осындай мұқтаж жандарға қоғамдық көліктер ұйымдастырылса артық емес деген пікір айтылды. Үйде жатып қалған, денсаулық жағдайы төмен жалғыз басты жандардың жанайқайын жеткізген ол ауруханаларда, аудандардағы денсаулық сақтау мекемелерінде мүгедектерге арнайы екі-үш төсек орын қоюларына да ұсыныс жасады. Сонымен бірге, әлеуметтік мекемелерге мүгедектердің ұзын сонар кезек күтіп тұрғанша, оларға сонда тиісті, жауапты мамандар келіп, кеңес беріп, құжаттарын жасап берулеріне жағдай туғызатын арнайы кабинет ашу қажет деген ой қозғалды.
Отырыс соңында көтерілген мәселелер бойынша қаулы қабылданды. 

Ырысалды Шамшинва.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар