Ардагерлер ардақтысы елімнің

Облыс әкімі Мәлік Мырзалин «Көкшетау» мәдениет сарайында Қазақстан Республикасы ардагерлер қозғалысының 30 жылдығына арналған салтанатты жиналысқа қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, аға ұрпақ өкілдеріне дендеріне саулық, баянды бақыт тіледі және еліміздің, соның ішінде облысымыздың қоғамдық-саяси өміріне жан-жақты араласып,  үлкен белсенділік танытып келе жатқандықтары үшін зор алғыс сезімін білдірді. Салтанатты шара Абылай хан алаңында Абылай хан ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастау алды.

Кеңес дәуірінде, 1987 жылдың 21 наурызында соғыс және еңбек ардагерлері мен зейнеткерлердің мүддесін қорғау мақсатында құрылған ардагерлер ұйымы өткен отыз жылдың ішінде еліміздегі ең ірі, әрі іргелі  ұйымға айналды. Бүгінде екі миллионнан астам адамды біріктіретін қоғамдық бірлестік тек ардагерлердің құқықтарын қорғап қана қоймай, жас ұрпаққа отансүйгіштік тәрбие беру сияқты маңызды міндетті де абыроймен атқарып отыр. Ардагерлер еліміздің қоғамдық, мәдени, әлеуметтік өміріне де белсене қатысады. Облыс басшысы Мәлік Мырзалин ардагерлерге арнаған құттықтау сөзінде Ұлы Отан соғысы, одан кейінгі қалпына келтіру, тың игеру сияқты ауыр кезеңдерді бастан өткерген ардагерлеріміздің еліміздің тәуелсіздігін нығайтып, экономикасын дамытуға да сүбелі үлестерін қосқандығын айта келе, олардың еңбектері ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті. Таяуда ғана Парламент бекіткен заңға сай, алдағы жылдарда зейнетақы көлемі айтарлықтай өсетін болады. Ардагерлер қоғам өміріне белсене қатысып, мерекелерге арналған мәдени-көпшілік шараларды өткізуде де белсенділік танытып келеді. Облысымызда шахмат-дойбыдан ардагерлер арасындағы дәстүрлі жарыстар жыл сайын өткізіліп тұрады.
Облыс әкімі бұдан кейін бір топ ардагерлерді мерекелік медальмен және Алғыс хатпен марапаттады. Марапатталғандардың арасында Бурабай ауданы Кенесары ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Төлеген Алдабергенов, облыстық ардагерлер Кеңесі тексеру комиссиясының жетекшісі Бексұлтан Баймұтов, облыстық ардагерлер Кеңесінің хатшысы Майра Белан, Зеренді ауданы Шағалалы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Қабыкен Қоңқаев сияқты  қоғамдық жұмыстарда белсенділік көрсетіп жүрген ардагерлер бар.
Бұдан кейін ардагерлердің орталық  Кеңесі төрағасының орынбасары Бекболат Мұқышев сөз алып, облыс ардагерлерінің күш-жігерімен атқарылып келе жатқан игі істерге тоқталды.  Бүгінгі күні облыстық ұйым жүз мыңнан астам ардагерді біріктіріп отыр. Кеңес төрағасының орынбасары ардагерлер ұйымын табан аудармастан 16 жыл бойы басқарған Чапай Әбутәліповтың рухына жылы лебіз білдірді.
Салтанатты жиналыста сөз сөйлеген Ақмола облыстық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл аймақтық ардагерлер ұйымының атқарып жатқан жұмыстары мен өткен тарихы, алда тұрған міндеттері жайлы жан-жақты баяндап берді.
Ардагерлер ұйымының мерейтойлық салтанатты жиналысы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.  

Қалкөз Жүсіп.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар