«Ардагерлер туралы» заң қажет»

Облысымызда жұмыс сапарымен жүрген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ерсұлтан Бектұрғанов пен Жанат Жарасовқа атбасарлық ардагерлер өздерінің осындай ойларын білдірді.

Халық қалаулылары алдымен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында болып,  азаматтарды қабылдады. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы И.Комиссаров «Ардагерлер туралы» заң қабылданғаны жөн болар еді деген ұсынысын айтты. Өйткені, ардагерлерге қатысты қордаланып қалған түйткілді мәселелер аз емес. Аталмыш заң сондай өзекті мәселелерді шешуге игі ықпалын тигізер еді, –  дейді ардагерлер кеңесінің төрағасы. Мәжіліс депутаттары өз кезегінде мұндай ұсыныстың бұрыннан айтылып жүргендігін, алдағы уақытта сондай заң қабылдау мәселесі Мәжілісте көтерілетінін айтты.
«Атбасар су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының кеңесшісі В.Силич қаланы жылумен қамтамасыз етуге қатысты мәселені көтерді. 2015 жылы Атбасар қаласын дамыту жобасы жасалып, ол облыстық мәслихат шешімімен бекітілген екен. 2020 жылға дейінгі аймақтарды дамыту бағдарламасына сай «ТКШ дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ Атбасар қаласын жылумен қамтуға инвестиция тарту жобасын жасаған. Бұл жоба Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы комитетіне бекітуге жолданыпты. Қазір бар мәселе жұмыстың жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға тіреліп тұр екен. Оны жасауға қажетті ақша бюджеттен бөлінуі тиіс. Халық қалаулылары бұл мәселені бақылауға алып, тиісті құзырлы органдармен сөйлесетінін және оны шешуге көмектесетінін айтты.
Покров ауылдық округінің атынан келген зейнеткер В.Самойленко ауылды ауызсумен қамтамасыз ету жайын шешуге көмек көрсетулерін сұрап шағымданды. Қазіргі күні ауылды сумен қамтамасыз ету жүйесінің жобалық-сметалық құжаттары дайындалған. Ендігі мәселе тиісті қаржыны бөлуде болып отыр. Мәжіліс депутаттары ақсақалға су жүйесін салуға қажетті қаржыны бөлуге қолдан келгенше көмектесетінін айтып, уәде берді.
Бұдан кейін халық қалаулылары «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының белсенділерімен кездесті. Жиында депутаттар заң шығарушылық қызметтері саласында атқарып жатқан жұмыстары жайында жан-жақты баяндады. Әсіресе, бүгінде халық арасында үлкен пікір туындатып отырған уақытша тіркеу жөнінде түсінік берді.
Мәжіліс депутаттары өңірдегі ірі кәсіпорын саналатын «Қамқор-Локоматив» электровоз жөндеу зауытында болып, оның жұмысымен танысты. Қазіргі күні зауытта 1322 адам еңбек етеді. Олардың үш жүзден астамы әйелдер. Орташа айлық жалақы  112 мың теңгеден айналады. Оған қоса, жұмыс киімдерімен қамтамасыз ету, еңбек демалысында емделуге қажетті қосымша ақша беру сияқты жеңілдіктері де бар. Уақыт талабына сай жұмыс бағдарын айқындаған іргелі кәсіпорын қазіргі әлемді қамтыған дағдарысқа қарамай, ырғақты жұмыс істеп тұр.
Депутаттар зауыт жұмысшыларымен ашық пікір алмасып, оларды толғандыратын мәселелер туралы сұрап білді және өз жұмыстары жайында айтып берді.

Калк-з Жүсіп.

Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар