Архивтегі құжаттар сыр шертеді

Ақмола облыстық мемлекеттік архивінде «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында – «Ақмола облысы архив құжаттарында» атты жобаның тұсаукесері өткізілді.

Жобаның негізгі мақсаты – халықтың туған өлкеге деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін ояту, еліне еңбегі сіңген көрнекті тұлғалардың тағылымды өмір жолымен танысу, сол тарихи құнды деректерді сөйлете отырып, өңіріміздің бай тарихи-мәдени мұрасын қалыптастыру.
Салтанатты шараны құттықтау сөзбен ашқан Ақмола облыстық архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы Мәрзият Тохаева жоспардағы үш жобаның біріншісі – «Өлке тарихы – ел тарихы» жобасын жүзеге асыру арқылы архив құжаттарын цифрландыруға көшіру бүгінгі күннің өзекті мәселесі екенін баса айтса, облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық өңірлік офисінің жетекшісі Еркін Исімбаев, облыстық мемлекеттік архивтің директоры Темірбек Батырханов «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасын басшылыққа ала отырып, бүгінгі қолға алынған жобаның архив құжаттарын сөйлетудегі тиімділігіне сенім білдірді.
Шарада «Көкшетау қаласы ХХ ғасырдың соңғы 10 жылдығында» тақырыбындағы жылнамасынан сыр шертетін «РТРК Қазақстан» АҚ қорынан бейнефильм көрсетіліп, жаңа көрме залына саяхат жасалды. Онда 19-ғасырдың көнерген құжаттарын қамтитын фотосуреттер, карта, кітаптар, мұрағаттық құжаттардың түпнұсқалары мен көшірмелері қойылған. Жалпы қорға жиналған материалдар саны 300-ден астам.
Іс-шараға мемлекеттік органдар өкілдерімен қоса еңбек ардагерлері, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушылары және Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары мен өңірлік БАҚ өкілдері қатысты. Іс-шара соңында қатысушылар ескерткіш суретке түсіп, арнайы кітапқа пікірлері мен ұсыныс-тілектерін жазып, өз әсерлерімен бөлісті.
Ғасырға жуық тарихы бар облыстық архивтің көнеден сыр шертер құжаттарын цифрландыру аясында жүзеге асырылып жатқан игілікті іс жұртшылыққа мол мағлұмат берері де сөзсіз.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *