Астана іргесіндегі ауданда оң өзгерістер көп

Кеше Целиноград ауданының әкімі Мәлгаждар Тәткеев өңірдің 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2018 жылға белгіленген міндеттер туралы тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуін өткізді. Оған облыс әкімінің орынбасары Василий Крылов қатысты.
Аудандық мәдениет үйінде өткен есепті кездесуде аудан әкімі кездесуге жиналғандарды еліміздің бас қаласы Астананың келе жатқан 20 жылдығы және ауданның құрылуының 90 жылдығы мерейтойларымен құттықтады.

–Елбасының биылғы Жолдауында алдымызға қойылған міндеттерді орындау өңіріміздің дамуына да үлкен серпін береді. Жоғарыдағы қос мерейтой
аудан тұрғындарын белсенді еңбекке құлшындырады. Ауданымыз бұл мерекеге нақты нәтижелермен келетініне сенімім мол, – деді Мәлгаждар Тәткеев.
Аудан әкімінің айтуынша, өңірде Индустрияландыру картасы жобаларын жүзеге асыру есебінен өнеркәсіп жедел қарқынмен дамып келеді. Мәселен, 2017 жылы Индустрияландыру картасына екі жоба енгізілген.
Ауыл шаруашылығын дамыту шаралары да ойдағыдай жүзеге асырылуда. Өткен жылы ауданның ауыл еңбеккерлері өндірген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 27,5 миллиард теңгені құрады. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 15,7 пайызға артық. 2017 жылдың күзінде аудан диқандары 187,7 мың тонна астық жинап алды. Сонымен қатар, мал басы да өсіп келеді.
– Ең бастысы, ауданда Астананың азық-түлік белдеуін жасау бағдарламасы бойынша оң көрсеткіштерге қол жеткізіліп отыр, – деді одан әрі аудан басшысы. Экономикада алатын үлес салмағы жыл санап артып келе жатқан шағын және орта бизнес те өңірде жақсы дамып келеді. Сапалы білім мен медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін әлеуметтік инфрақұрылымдардың жағдайын жақсарту бағытында да айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, білім беру саласына ерекше көңіл бөлінуде.
Осы орайда, аудан әкімі мектепке дейінгі оқу-тәрбие жүйесін кеңейту бағытында біраз шаруалар атқарылғанын атап өтті. Бұл туралы Мемлекет басшысы 2019 жылға дейін мектепке дейінгі тәрбие беретін мекемелермен 100 пайыз қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берген болатын. Ауданда соңғы алты жылда 9 мектеп және тап осынша бала бақша салыныпты. Оның ішінде Ақмол, Қараөткел, Тайтөбе, №96 разъезд, Қосшы, Қоянды, Қызылсуат, Қызылжар, Оразақ, Талапкер ауылдарында бір-бір жаңа мектептен тұрғызылды. Ауданда соңғы 8 жылда оқушылар саны 21 мыңнан асып, облыс орталығындағы мектептердегі балалардың санына жақындап қалды. Өңірде денсаулық сақтау саласының 50 нысаны жұмыс істейді. Оның 8-і соңғы жеті жыл ішінде салынған.
Құрылыс жұмыстарын жүргізуде де жетістіктер жоқ емес. Өткен жылы 145,6 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға берілген. Баспана салуда жылдық жоспар алдыңғы жылмен салыстырғанда 11,5 пайызға асыра орындалған. Ауданда жол, инженерлік коммуникация, электр желісі, сумен қаматамасыз ету бағытында да ауқымды шаруалардың атқарылғаны көрініп тұр. Мәселен, соңғы жеті жылда жаңадан 22,3 шақырым жол салынып, 297,8 шақырым жол жөнделді. Сондай-ақ, 730 шақырым электр желісі, 700 шақырым сумен жабдықтау және 141 шақырым су ағызу желісі салынды.
Кездесуде жиналған жұртшылық арасынан шығып сөйлегендер аудандық әкімдік тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойды, сондай-ақ, көтерілген проблемаларға байланысты тұшымды жауаптар алды.
Жалпы алғанда, Астана агломерациясына кіретін ауданда атқарылып жатқан істер ауқымы мол. Дегенмен, кейбір олқы тұстардың да бар екені жасырын емес. Әсіресе, жергілікті жерлерде мемлекеттік бағдарламалар толыққанды жүзеге асырылып, өз жемісін бере түссе, нұр үстіне нұр.

Аслан Оспанов.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *