Асылдың тұяғы

Қарауылдың Жақсылық атасына жататын Құттыбай ұрпақтарының ата қонысы – Жолдыбай ауылы.

1932 жылдың 10-шы қаңтарында Тоқсанның Әбдірахманының бәйбішесі Дәмет Қазыкенқызы дүниеге тағы бір ұл әкелді. Нәресте боранды күні туғандықтан Боранбай есіміне ие болды. Аштық нәубетінен сәл де болса есін жия бастаған жолдыбайлықтар шілдехана ұйымдастыруды күн тәртібінен шығармаған-ды. Бұл төңірекке атақтары әйгілі Малғара, Әділ балуандардың ұрпақтары намысшыл да ұйымшыл.
Әттең не керек, қақаған аязды қыс, елді есеңгіретіп кеткен кешегі аштық, әйтпегенде серілік қанына біткен құттыбайлықтар ат бәйгесін, балуандардың белдесуін де ұйымдастырған болар еді. Боранбайдың әкесі Әбдірахман да өзінің батырлығымен, саятшылығымен дүйім Көкшеге белгілі еді.
Боранбай үш жасқа толар-толмаста анасы Дәмет фәниден бақиға сапар шекті. Апасы Мәфтуха, ағалары Нұрпейіс, Зейнолла әлі кәмелетке толмаған, бұғанасы қатып, буыны бекімеген еді. Олар да жетімдіктің дәмін татты. Анасы жоқ бала нағыз жетім екені ежелден белгілі. Дегенмен, Мәфтуха інілеріне басшы, әкесіне қосшы бола алды. Үй ішінің шеті де, шегі де жоқ ұсақ-түйек шаруасы әлі бойжете қоймаған, жасөспірім қыз баланың мойнында болды. Әрине, дала шаруасын Әбдірахманның өзі-ақ тындыра алады. Бірақ сұңғыла, көреген әке Нұрпейіс пен Зейнолланы да шаруаға баулыды. Олардың оқып, білім алуларына да мүмкіншілік жасады. Жолдыбайда бастауыш мектеп ашылған-ды. Мәфтуха, Нұрпейіс, Зейнолла үшеуін де әкесі сонда оқытты.
Оқу жасына кішкентай Боранбай да жетті. Апасы Мәфтуха мен ағалары оны әліппемен ертерек таныстырып үлгерген еді. Жолдыбайдың бастауыш мектебінен желіп емес, шауып-ақ өтті. Әбдірахман Боранбайын Қызылсая ауылындағы орта мектепке әкеліп тапсырды. Ал, Мәфтуха, Нұрпейіс, Зейноллалар Көкшетау қаласында білімдерін жалғастырып жатқан.
Жоқ, Әбдірахман әзірше төсек жаңғыртқан жоқ. Ол балаларының мүдделерін өзінікінен әлдеқайда жоғары қойды. Иә, кейінірек Дәмелі Сәрсенбайқызына үйленді. Бұл бір ғажап адам еді. Боранбай да, Әбдірахманның басқа балалары да жоғалтқан аналарын тапқандай әсер алған-ды.
Құрбы-құрдастарынан кем қылмай 1949 жылы 17 жасында Боранбай Қызылсая орта мектебін тәмамдайды. Білім ошағы ол кезде, кейін де білім берудің қара шаңырағы іспеттес еді. Мұнда математика, физика, химия пәндері тереңдетіліп оқытылатын. Ал, Бораш бұл пәндерді игеруде алдына жан салмады. Тап сол жылы Алматының қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының электротехника факультетіне оқуға түсті. Ауыл шаруашылығын электрлендірудегі республикадағы бірден-бір мамандық беретін құрылымның болашағы зор болатын. Оның табалдырығын аттау кез-келгеннің қолынан келе бермейтін. Студенттерге дәріс оқитындар кілең ығай мен сығай дегенге саятын. Соғыс жылдары Мәскеуден, Ленинградтан Қазақстанға қоныс аударған профессорлар мен ғылым докторлары жұмыс істейтін. Боранбай Әбдірахманов солардың шәкірті болды. Үздік оқыды. Сондықтан, жатақханада жатар орын тиіп, үнемі стипендия алып тұрды. Ағасы Зейнолла Алматының дене шынықтыру институтында оқитын-ды. Сол кездегі Көкшетау облысының Айыртау ауданының Тереңкөл ауылындағы бастауыш мектепте мұғалімдік қызметтегі Мәфтуха мен Нұрпейіс інілеріне қаржылай көмек жасап тұрды. Бұл уақытта алпысты еңсерген Әбдірахман атайдың да ұлдарына қамқорлық жасауға қуаты әбден жететін. Ол кісі де осы Тереңкөлде тұратын. Кейін жұбайы Дәмелі Сәрсенбайқызы екеуі Көкшетау қаласына қоныс аударған-ды.
Күш-қайраты мол, нағыз толысып тұрған шағында Боранбай Әбдірахманов 1985 жылдың сәуірінде, 53 жасында өмірмен қоштасты. Сол бір қайғылы күнге де ширек ғасыр болып қалыпты.
Әбдірахман Тоқсанұлын жоғарыда саятшы болған еді дедік. Әбекең нағыз аңшы болды. Соғыс жылдары, одан кейін де Көкшетау, Айыртау аудандарының қалың ормандарын түз тағысы, жыртқыштар, қомағай да тойымсыз қасқырлар қаптап кетті. Солардың зәре-құтын кетірген аңшы Әбдірахман атай болатын. Ол кісі қасқырды мылтықпен де ататын, қақпан құрып та аулайтын. Әлі күнге есімде. Он жасқа тақап қалғанмын. Ауыл іші дүр ете түскендей болды. Бірдеңеден құр қалғандай мен де үйден атып шықтым. Орталыққа қарай үлкен де, кіші де ағылып жатыр екен. Жүгіріп бара жатқандары да бар. Мен де шапқылап, солай қарай тарттым. Қыстың қытымыр аязды күндерінің бірі еді. Колхоз кеңсесінің қасындағы діңгекте еңгезердей бір ит байлау-лы тұр. Көздері ұшқын атады. Ырылдайды. Қорқып, сескеніп тұрған ол жоқ, «лағнет, жауыз» деген сөздер естіліп жатыр. Қасқырдан азап шекпеген ауыл тұрғынын кездестіре алмайсың. Өзіміздің де бір ешкімізді жеп кеткен. Мына қасқырды тірідей ұстап алып келген Әбдірахман атай. Ондай ерлік ауылда тек сол кісінің ғана қолынан келеді.
Тәуелсіздікке қолымыз жетіп, одан кейін елімізді жерсінуден бас тартқан орыс, неміс, украин тәрізді ұлттардың өкілдері тарихи Отандарына қоныс аудара бастағанда, олар біз кеттік, енді техникадан хабары жоқ қазақтың күні қараң болады деп табалаған-ды. Жоқ, олай емес екен. Табиғатынан талантты қазақ балалары техниканың қай саласында болсын басқалардан озық екенін танытуда. Бұған да мысалдар шаш-етектен. Қазақтар космосты да игерді, өтпелі кезеңде қирап-бүлінген фабрикалар мен заводтарды да қалпына келтіріп, жаңаларын өмірге әкелуде. Ал, сонау 1920 жылдардан бастау алған техника саласындағы қазақтардың ісін жалғастырушылардың бірі Боранбай Әбдірахманов болды. Ол институтты 1954 жылы тәмамдады. Өзінің Көкшетауына оралды.
Ол кезде кадрға тапшылықтың болғаны рас. Қазақтарды басшылық қызметтерге жолата қоймайды. Дегенмен, іскер мамандар білімділігінің, өжеттілігінің нәтижесінде оза шауып, бәйге алып отырған. Солардың бірі Боранбай Әбдірахманұлы еді. Ол 1959 жылдан бастап көп жылдар бойы Көкшетау облыстық электр желілері басқармасының күрделі құрылыс бөлімін басқарды. 1970 жылы мол тәжірибеге ие болып, пісіп-қатқан Әбдірахманов 1 миллион 150 кВт жоғары вольтті ток бойының құрылысы мен жобасын пайдалануға беру ісі бойынша Ленинград қаласына жолсапарға аттанады. Бұл көрсетілген үлкен сенім еді. Боранбай оны абыроймен ақтайды. Демек, көкшетаулық энергетик бүкілодақтық дәрежедегі жобаны іске асыруға өз үлесін қосқан. Ол қазақ ұлтының бел баласы. Мақтануға тұрарлық жәйт.
Ленинградтан елге оралғаннан кейін Боранбай Әбдірахманов лауазымы биік қызметке жоғарылатылады. Оны Көкшетау облыстық электр желілері басқармасы бастығының орынбасарлығына тағайындайды. Бұл жұмысты 1973 жылдан 1985 жылға дейін атқарады.
Әбдірахмановтың ел игілігі жолында жүзеге асырған істері ұшан-теңіз. Ол колхоздар мен совхоздарды, жалпы елді мекендерді электрлендіруде көп еңбек сіңірді. Олардың ішінде қоғамдық-мәдени ошақтары, өндіріс объектілері, тұрғын үйлер, тағы басқалар бар. Бұл үшін ғылыми негізге сүйенген жобалар, сызбалар болуы қажет. Олардың дені инженер-энергетик Боранбай Әбдірахмановтың тікелей басшылығымен дүниеге келген-ді.
Боранбай тек өндіріс командирі ғана емес, өзінен кейінгі жас әріптестерінің көрнекті ұстазы да. Қазір зейнеткер, энергетика ардагерлері кеңесінің төрағасы Жақсылық Дәуітбаев, Василий Матасов, Амантай Күдерин, Надежда Мустаева, Ғабдолла Сақыпов, Вячеслав Егоров, Владимир Гречанников, тағы басқалар Әбдірахмановтың тәлім-тәрбиесінен өткен-ді.
Айта берсе әңгіме көп. 1954 жылы Боранбай жоғары оқу орнын тәмамдағанда Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру деген науқан басталды. Дені орыс, украин жерлерінен келген «тың игерушілер» түтіндеткен керосин шамдары мен май шырақтарын жарық қылып күн көрген-ді. Бұл Қазақстанның осалдығы мен кедейлігінен емес, бүкіл Одақ солайша күнелткен болатын. «Жас келсе іске» демекші, жас маман Әбдірахманов электр жүйелерін жұмысқа қосуға белсене кірісті. Осының нәтижесінде 1963 жылы подстанциясы (кіші станциясы) Көкшетаудағы Петропавл-Көкшетау электр жолы іске қосылды. Сөйте-сөйте дизельді электр станцияларының саны азая бастады. Көкшетау далаларында электр беру қондырғылары көбейе түсті. Сексенінші жылдары 1 миллион 150 кВт жоғары вольтті ток бойының құрылысы пайдалануға берілді. Бұл іске сүбелі үлесін қосқан Боранбай Әбдірахманов еді. Ол Ленинград қаласында жинаған тәжірибесін туған жерінде қолданды.
Боранбай үлкен отбасының иесі болған-ды. Сүйікті жары Сақина Әмірбекқызы Аппасовамен екеуі 29 жыл бірге өмір сүріп, бес қыз, бір ұлды дүниеге әкелді. Сұм ажал құшағына алмағанда өткен жылы Боранбай мен Сақина жартығасырлық алтын тойын атап өткен болар еді. Иә, жазмыштан озу мүмкін емес екені рас. Күш-қайраты мол, нағыз толысып тұрған шағында, 1985 жылдың 29-шы сәуірінде, 53 жасында Боранбай өмірмен қоштасты. Сол бір қайғылы күнге де ширек ғасыр болып қалыпты. «Өткен күнде белгі жоқ» деп налимыз кейде. Неге болмасын. Бар. Боранбай тәрізді аптал азаматтар артына сансыз белгілер қалдырған ғой. Оның ел-жұртқа сіңірген ерен еңбегін шағын мақалада түгелдей жіктеп шығу мүмкін емес. Ал, қазір көзі тірі, немерелерінің игілігін көріп отырған Борекеңнің жұбайы Сақина Әмірбекқызының өмір жолы үлкен бір хикая. Боранбай Әбдірахманұлы 2015 жылдың 10 қаңтарында 85 жасқа толды. Асыл азаматты еске алып отырмыз.

Қажыбай ҚАБЫЛ-ФАЗЫЛ,
журналистика ардагері, профессор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар