Ата-аналармен кеңесті

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен еліміздің мектептерінде  жалпыұлттық  ата-аналар жиналысы болып өтті. Облыс орталығындағы №1  мектеп-гимназиясы мен №19 орта мектептерінде өткен аталмыш шарада ұстаздар білім саласындағы бірқатар өзгерістерді баяндады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс, ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесінде оқушылар сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеруі тиіс», – деп білім беру жүйесі алдында жаңа міндеттер қойған болатын. Алдағы оқу жылынан бастап 1 сыныпқа қоса, 2, 5, 7 сыныптың оқушылары жаңартылған  бағдарламамен оқитын болады.
Мектеп оқушыларына қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгеру үшін  барлық жағдай жасалып жатыр. №19 орта мектептің 10 мұғалімі ағылшын тілін үйрену үшін арнайы курстарда білім алып жатса, бастауыш сынып мұғалімдерінің барлығы жаңартылған бағдарлама бойынша  оқу курстарын тәмамдаған көрінеді.  
Биылғы жылы түлектер  ұлттық бірыңғай тестілеуді  жаңа формат бойынша тапсырады. Бұл жөнінде мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Манаргүл Тохан баяндама жасады. Түлектер орта білім  туралы  аттестат алу үшін мектепте емтихан тапсырады. Бұдан соң жоғары оқу орнына түсуге ниет білдірген оқушылар  университет қабырғасында тест тапсырады. Оқушылардың оны тапсырмай орта арнаулы оқу орындарына түсуге мүмкіндіктері бар. Мемлекетімізде «Баршаға тегін кәсіптік білім» бағдарламасы іске асырылуда. Сондықтан, қазір осы бағдарламаның көмегімен ең қажетті деген жұмысшы мамандықтарын игеруге болады.
Дәл осындай жиналыс №1 мектеп-гимназиясында да болып өтті. 11 сынып оқушысы Сұлтан Боранбаевтың анасы Ләйлә Кикімова ҰБТ-ның жаңа форматы түлектер үшін ең қолайлы білім сынағы деген тұрғыда өз ойын ортаға салды.
    Жалпыұлттық жиналыста әр мектепте қамқоршылық кеңес құрылатындығы айтылды. Бұл кеңес дарынды балаларға қолдау көрсетуге бағытталған. Қазіргі таңда балалардың шығармашылық  қабілеттерін дамытатын байқаулар, ғылыми жобалар көбеюде. Бірақ,  кейбір байқауларға қаражат жеткіліксіз болғандықтан, оқушылар   бара алмайды.  Алдағы уақытта  аталмыш кеңестің банктен жеке шоты ашылмақшы. Бұл ата-аналарды мәжбүрлеп, мектепке ақша жинату амалы емес. Кеңестің құқығы мен міндеттері, қағидасы мен қызметі туралы мектеп-гимназия директоры Елена Витнер тарқатып айтып берді.
 –Жүрегі ізгілікке толы жомарт жандар кеңес жұмысына атсалысамыз десе, құба-құп. Біздің мектепте 80 оқушы әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрмысы төмен отбасылардың балалары. Жетім, мүмкіндігі шектеулі балалар да бар,–деді ол өз сөзінде.  Жиналыста ата-аналар өздерін толғандырған басқа да сауалдарға тұшымды жауаптар алды.

Назгүл Рабилова.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар