Ата дәстүріміздің асыл арқауы

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының  «Хабар» телеарнасы арқылы берген сұхбаты үлкен ой салды.

Бұл сұхбаттың көптің көңіліне де жол тартқанына сенімдімін. Бас мүфтиіміз келелі ой айтып, елдігімізді қалай сақтау керек деген сауал төңірегінде мағыналы сөз қозғады.
Үлкенге ізгілік таныту керек деген Елбасының сөзін қуаттап, Қарттар үйінде  қаракөздеріміздің көбейгеніне алаңдаушылық білдірді. «Адамға жақсылық жасасаң да, жамандық жасасаң да алдыңнан шығады» деген ұлағатты сөз шынымен әркімнің жүрек төрінде сайрап тұруы тиіс. Ертең сол безбүйрек баланың өз ата-анасына жасаған жамандығы алдына келмесіне кім кепіл.
Бүгінгі қым-қуыт заманда жік-жікке, ағым-ағымға бөлінбей, бірлікте өмір сүргенге не жетсін. Дінбасы осы жайды да ой елегінен өткізді. Дін – қашанда ата дәстүріміздің асыл арқауы. Иншалла, еліміз азаттық алып, тәуелсіздіктің биігіне көтеріліп келеді. Ержан қажы әр адам осы құндылықтарды қаперде ұстап, қастерлеу керектігін айтып отыр. Ырыс-ынтымақ берекелі елде ғана болады. Берекеміз артып, ырысымыз еселенсін десек, ең алдымен қазақтың қазіргі біртұтастығына қылау түсірмеуге үлес қосуымыз қажет. Шынында, бүгінде әртүрлі ағымды желеу етіп өз ошағынан ажыраған жастарды ортақ мүддеге жұмылдырып, қасиетті исламның адамды тіліне, нәсіліне қарап бөлмейтіндігін уағыздаудың маңызы зор.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы дін адамдарының шариғаттан ғана емес, ұлттың тарихынан, тілі мен әдебиетінен де хабары мол болу керек деп көкейіміздегіні дөп басты. Имамдардың біліктілігін көтеретін ислам институтында құран сабақтарымен бірге, тіл, әдебиет және шешендік сөздер сияқты пәндердің енгізілуі өте орынды дер едік. Өйткені, қазақ бір ауыз сөздің қадір-қасиетін түсінген ел.
Жалпы, соңғы жылдары діни насихат көп жақсарғанын байқаймыз. Бұл да Бас мүфти бастаған дін қызметкерлерінің адал еңбегінің арқасы дер едік. Ал, дінбасының бұл жолғы сұхбатына келсек, ол биылғы дін мен дәстүр жылын қорытындылаған мағыналы бір әңгіме іспетті көкейімізде жақсы әсер қалдырды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар