Ата кәсіп дамып келеді

Ерейментау ауданының әкімі Ермек Нұғыманов өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистермен брифинг өткізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының он айындағы қорытындысы жайында айтып берді.

Ерейментау ауданында шығарылатын ішкі өнім көлемінің негізгі бағыты ауыл шаруашылығы саласындағы мал шаруашылығын дамыту және егіншілік болып табылады. Ауданның өнеркәсіп әлеуеті айтарлықтай зор, өңдеуші өнеркәсіп саласы, ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсату, жылу энергиясымен, сумен қамтамасыз етуге және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға, кадрлық әлеуеті жеткілікті. Сондай-ақ, аудан энергия бөлу жағынан облыс бойынша екінші орыннан көрінді. Дегенмен, ауданның экономикасында ауыл шаруашылығының үлесі зор. Сондықтан болар, аудан әкімі өз сөзін осы саладан бастады.
–Өңір экономикасының басым үлесі мал шаруашылығына тиесілі. Аудан шаруашылықтары мал қыстатуға әзір. Бір жылға қажетті жемшөп қоры толық дайындалды. Өңірде мал шаруашылығына зор көңіл бөлініп келеді, – деді Ермек Бекенұлы өз сөзінде.
Әкімнің айтуынша, аудан облыста ауыл шаруашылығы саласы дамыған өңірлер қатарында. 2013 жылдан бері ауданда 4 миллиард теңгенің 7 инвестициялық жобасы жүзеге асырылған. Осының нəтижесінде биылғы жылдың 10 айы ішінде ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі өсіп, 11,4 миллиард теңгені құрады. Ауданда мал шаруашылығы саласы өркендеп келеді. Əсіресе, етті мал шаруашылығы жылқы мен қой өсіру қанат жаюда. Аудан бойынша бұл бағытта жүзге тарта шаруа қожалығы мен серіктестіктер айналысады. Олардың арасында «Торғай», «Кеңөткел НС», «Ақжол» серіктестіктері мен «Береке-5» шаруа қожалығы тәрізді шаруашылықтарын атап өтуге болады.
Мəселен, Новомарковка ауылында «Жаңа Береке» шаруа қожалығы 3 мың бас ірі қараға арналған мал бордақылау алаңы мен жылдық қуаты 5000 тонна ет өңдейтін кешенді пайдалануға берген болатын. Алдағы уақытта бұл қожалыққа қосалқы шаруашылықтарды біріктіріп, ауыл шаруашылығы кооперативін құру көзделген. Ал, Ақсуат ауылдық округіндегі «Ерейментау-Құлан» серіктестігіне келетін болсақ, мұнда етті ірі қара малға арналған асыл тұқымды репродуктор құрып, 1000 басқа арналған мал бордақылау алаңын ашу жоспарланған.
Сондай-ақ, «Хамзе» шаруа қожалығы 400 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын ашудың инвестициялық жобасын іске асыруды межелеп отыр. Бүгінгі күні 130 бас симментал тұқымды қашар сатып алынды. Бұған қоса, құрама жем зауыты салынып, іске қосылды және сүтті өңдеу пункті құрылып, сүт фермасын салу бойынша жұмыс жүргізілуде. Аталмыш шаруашылық «Фуд мастер» серіктестігіне 20 тонна сүт тапсырды.
Өңірде мал шаруашылығын дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламалар да ойдағыдай жүзеге асырылуда. «Ырыс» бағдарламасы бойынша Ақсуат ауылдық округінде «Үміт-Н» шаруа қожалығы тауарлы-сүт фермасын ашты. Аталмыш бағдарлама бойынша 115 бас сүт бағытындағы асыл тұқымды құнажын сатып алды. Ал, өнеркәсіп саласына келетін болсақ, ағымдағы жылдың 10 айы ішінде индустриалды сектордың өндіріс өнімінің көлемі 11,2 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,8 пайызға артқан.
Өндіріс өнімінің негізгі үлесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Өндіріс көлемінің өсуі негізінен Индустрияландыру картасының «Алғашқы жел электр стансасы» серіктестігімен байланысты. Кәсіпорын шамамен 3,3 миллиард теңгенің немесе 139,4 миллион киловатт электр қуатын өндірген.
– Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру аясында аудан әкімдігінің қаулысы қабылданды. Осыған орай тұрақты жұмыс істейтін топ құрылып, іс-шаралар жоспары әзірленді. Жұмыс тобының 4 отырысы өткізілді. Топ мүшелерімен Ерейментау ауданының қасиетті жерлерінің картасы жасалып, бекітілді. Оған қоса, «Ереймен елінің киелі жерлері мен тарихи ескерткіштері» белгіленіп, ғылыми экспедиция ұйымдастырылды, – деп сөзін түйіндеді аудан әкімі.
Баспасөз мәслихаты барысында журналистер аудан әкіміне Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы, жасыл экономика және баламалы энергия көздеріне қатысты өз сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.

Аслан Оспанов.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *