«Атадан ұл тумайды мендей сабаз!.. »

1835 жылдың жаймашуақ көктемі. Үйсін Дулаттың Шымыр руынан тарайтын Сәмбет атаның Далақайнардағы шоқ жұлдыздай шағын ауылы бір сәтте мамыражай күйден айырылған. Ел шетіне жау келген. Жалаңдаған жасақты жарақ. Қазаққа әбден тізесі батқан қанішер қоқандықтар еді. Онда да билеушілер емес, алым-салық жинаушылары. Әбден менменсіген жау мал-мүлікті олжалағанды былай қойып, қыз-келіншектерді де қорламақшы.

Бұған Аңырақай майданында мыңдықты басқарған Албан Райымбектің ағасы Ханкелді мен Қосы батырдың намысшыл ұрпағы көне қойсын ба? Көкіректерінде намыс оты лаулаған қазақ жігіттері жаңағы алым-салық жинайтын зорлықшыларды қырып салып Шу өзеніне ағызып жібереді. Осы оқиғадан кейін Қоқан тарапынан қауіп төнген соң Тулақ батырдың бастауымен Көкшетау бауырына қоныс аударса керек.
Әлденеше айлық азапты жол жүреді. Көкше өңіріндегі ел-жұрттың пейілі кең екен, аға баласы келіпті деп Атығай Қарауылдың игі жақсысы өзара кеңесе келе, Қайрақты өзенінің бойында етек-жеңі кең пішілген қоныс бөліп беріпті. Арада аз уақыт өткенде Үйсін ауылы дейтұғын мекен пайда болған. Осында ер жеткен Баймырза Қарауыл Қанай бидің тікелей ұрпағы Қалампыр атты аруға үйленеді. Сөйтіп, 1864 жылдың жадыраған жаз айында балпанақтай бала дүниеге келеді. Бұл бала ер жете келе «Нұрмағамбет Баймырзаұлы менің атым, Алашқа мағлұм болған асыл затым» дейтін Балуан Шолақтың өзі еді.
Өткен күндердің елесіне ой жүгіртіп қарайтын болсаңыз, Қотыр, Шортан, Бурабай станицаларын салған отаршылар екендігі әмбеге аян. Кілең тамаша табиғаттың аясын бауырына басқан тойымы жоқ тарпаңдар Көкшетау мен Қараөткелдің нақ ортасына тағы бір бекініс салмақшы болған. Әлгі бекініске таңдалған жер Үйсін ауылының қонысы екен. Мұздай қаруланған отаршылар ауыл адамдарының айтқан уәжіне қайдан құлақ аса қойсын. Қамшының астына алып қуып шыққандарымен қоймай, үй-жайын, қора-қопсысын өрттеп жібереді. Амалы құрыған Баймырза әкенің күйінгенін көрген сәби Нұрмағамбет:
–Қамықпашы, әке, мен бойым мынадай болғанда бұлардан кек қайырамын,–десе керек. Айтқанында тұрған. Әлгі кекті бір емес, талай мәрте қайырған. Жаратқан ие сыйлаған күш-қуатының арқасында, оған қоса асқақ рух, ар-намысының арқасында.
Алты Алашқа аты шыққан әйгілі балуаннан казак-орыстар да именген. Бұрынғыдай жөн-жосықсыз қорлық көрсетіп, қиянат жасаудан тыйылған. Міне, елге тигізген шарапатының бір парасы осындай. Кейбір деректерге қарағанда, 1879 жылы тура 15 жасында Шортанның базарында Қорған жақтан келген әлдебір байдың жанындағы алапат дәу бәс тігіп күресіп, казак-орыстың, қазақтың талай мықтыларын жеңіп кетеді. Балуан да күреспекші болады. Бірақ, үлкендер басу айтады. Әккі дәу жас баланы мертіктіріп кетуі де мүмкін ғой. Бірақ, дәл сол белдесуде Нұрмағамбет атамыз аузы түкті, алпамсадай балуанды кеудесінің астына басады. Міне, осы белдесуден кейін Көкшетау баурайы, жалғыз Көкшетау баурайы ғана емес, бар қазақтың баласына аты жайылған. Ел есінде қалған тағы бір жойқын күресі 1895 жылы болған екен. Ресейдің ең соңғы патшасы Николай екінші Омбы қаласына келеді. Үлкен той. Міне, осы тойда белдесуге түскен балуан шартараптан жиналған атан жілік, апайтөс, дәмелі балуандардың бәрін қирата жеңіп, ең соңында атақты Карон балуанның қабырғасын қаусатады. Қазақ балуанының өнеріне тәнті болған болашақ патша өзінің аты жазылған алтын сағатын сыйлапты. Сол сағат кейін талай жаладан құтылуға себепкер болса керек. Осы жеңісін балуанның өзі әр сөзінен ерлік пен өрлік есіп тұратын өлеңімен де сипаттайды.
Бұл күнде отыз бірде менің жасым,
Қамалдың бұзатұғын тау мен тасын.
Залог сап жетпіс бес сом күрескенде,
Сындырдым Карон балуан қабырғасын.
Шынын айтқанда, Нұрмағамбет атамыз қазақ даласының теңдесі жоқ алыбы Қажымұқан іспетті өне бойы күреспен шұғылданбаған. Дала батыры жас кезінде Ресей орталығына барып, білек күшін сынасса, аты әлемге таралар ма еді.
Тоғыз жасынан бастап Арқаның кең тынысты, орындалуы қиын әсем әндерін әуелеткен балуан атамыздың бойында осы бір ақсүйек өнер буырқанған бұлақ суындай шымырлап қайнап жатыпты. Бүгінгі күнге жеткен әндерінің ұзын-ырғасы елуге жуық екен. 1925 жылы шыққан «Қазақ халқының 100 әні» деп аталатын жинақта музыка зерттеушісі Александр Затаевич былай деп жазады: «Балуан Шолақтың мен жазып алған әндерінің ішіндегі тамашасының бірі – «Сарын». Борис Ерзакович те балуан әндерінің жоқтаушысы екендігін құрметпен айта кетуіміз керек. Ол сонау 1938 жылы арнайы экспедициямен келіп, балуанның бірталай әндерін жазып алса керек. Балуан әндерінің ішінде қазір көп айтылып жүргені «Ғалия». Осы ән шын мәнінде әннің төресі. Лирика да, ғашықтық сезім де бар.
Сегіз сері, Біржан сал, Ақан сері тәрізді қазақ аспанында жамыраған шуағы мол жұлдыздардың қатарына қосылған ғажап ақын, сұлу әуен өрген сазгер, әнші, қазақтың алғашқы цирк өнерін қалыптастырушы, мерген, саятшы тәрізді сан талай асыл қасиеттерді бойына сіңірген, қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, сегіз қырлы, бір сырлы, ұлы тұлға өз заманында аты аңызға айналғандығы рас. Арада қанша жыл өтсе де кейінгі ұрпағына қалдырған мәңгілік мұрасы мәнін жойған емес. Желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақ балуан ата рухын жан жүректерімен түйсініп, тауға қараған толағай ұлдарша өсіп келеді.
Балуан Шолақтың ғажайып өмірі мен баға жеткізгісіз асыл мұрасын дүйім көптің бәрі біледі. Ендігі мәселе – биылғы жылы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласына орай балуанның мұрасын насихаттап, өлмес өнегесін кеңінен тарату. Рас, республика көлемінде балуан атындағы сайыстар үзбей өткізіледі. Ондай сайыстардың бір парасы Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында ұйымдастырылуда. Астана мен Таразда, басқа қалаларда да Балуан Шолақ атындағы көшелер бар. Әйтсе де, ел есінен өшіп кетпесе де, уақыт табымен сәл-пәл көмескілене бастаған балуан атаның рухани бейнесін қайта жаңғырту қажет деп есептейміз. Кешегі кеңес заманында мән берілмегендігі ащы да болсын шындық. Кейін ел тәуелсіздік алған соң өткенімізге мойын бұра бастадық. Бұл да тәуелсіздіктің тағылымы деуіміз керек. 2004 жылдың жаз айында балуанның туғанына 140 жылдық мерейтойы өткізіліп, Бұланды топырағында үлкен ас берілді.
Сол бір қуанышты күні Жамбыл облысының сол кездегі әкімі Бөрібай Жексенбин тарихи тұлғаның ескерусіз қалған бейітінің басына жамбылдық жұртшылықтың күшімен еңселі ескерткіш тұрғызатындықтарын айтқан болатын. Осы уәдеге ұлт қайраткері Өмірбек Байгелді тәрізді азаматтар ұйытқы болып, талантты сәулетші Салауат Дембай ескерткіштің жобасын жасады. Сөйтіп, биіктігі 18 метрлік асқақ стелла өмірге келді. Осы бір жақсы істің жалғасындай Жамбыл облысына қарасты Шу ауданының орталығы Төле би кентінде сол ауданның әкімі болып қызмет еткен Қожахан Жабағиевтің бастауымен, сол кездегі облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың қоштауымен Балуан Шолаққа арналған ескерткіш тұрғызылды.
Менің әкем Мұқатай Текебайұлы 1906 жылы Шу ауданының бұрынғы Ақтөбе ауылында дүниеге келген. Кейін бұл елді мекенге Балуан Шолақ аты берілді. Балуанның ұрпағы Мұқатай әкем Ұлы Отан соғысына өзі сұранып барған. Соғыстан кейінгі жылдары ауылдық кеңестің төрағасы, ферма меңгерушісі тәрізді қызметтер атқарды. Шаруашылыққа Балуан Шолақ есімін беру жөнінде үлкен еңбек сіңірді. Тұла бойы тұнған шежіре еді. Ұрпаққа ұлағат болатын бағзы замандағы Қосы батыр, Қойайдар би, атақты Мәңке тәрізді тарихи тұлғалардың өмірі мен ерлік істерін жетік білетін. Көне заманнан бері көмбесі ортаймай келе жатқан рухани мұрамыздың арып-талмайтын насихатшысы еді.

Мұны айтып отырған себебім, Балуан Шолақтың есімін ел есінде мәңгілікке қалдыру жайы. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылдың 5 наурызындағы Қаулысымен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының «Ұлттық спорт түрлерінен облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне Балуан Шолақ есімі берілді. Ендігі бір ой, Бұланды ауданының орталығынан шамамен он шақырым жерде Макинка деп аталатын елді мекен бар. Арасы тым таяу бір қала мен бір ауылдың атауын иеленетіндей Макин дегеніңіз кім болған?! Сөйтсек, ол сонау патша заманында келімсектерге қазақ жерін өлшеп, бөліп беретін землемер ғана болған екен. Сөйтіп жүріп, өз атын рәсімдеп бекітіп берсе керек. Бүгінгі рухани жаңғыру заманында, сана түлеп, ақтаңдақтар ашылып жатқанда осындай орынсыздықтан біржола құтылатын уақыт жеткен тәрізді. Дүйім қазаққа Балуан Шолақтай заңғар тұлғаны сыйлаған Бұланды өңірінің орталығы атамыздың атымен аталса, бір ғанибет емес пе?!.

Махмұт МҰҚАТАЕВ,
спорт және білім салаларының ардагері.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *