Атбасардың Абайы

1996 жылы Атбасар аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі қабырғасында бокс бөлімшесі ашылды деген хабарға жұртшылық елең ете қалған.  Ауыр атлетика, күрес, хоккей, футбол сияқты спорт түрлері  дамыған өңірге бокс маманы келіп, балаларды жинап жатыр деген сөздің түбі бір нәтижесі боларына сенушілер ол кезде көп болған жоқ.

Спорт мектебінде бокс бөлімшесін ұйымдастырған Абай Жақсылықов Қорғалжын ауданында туып-өскен. Кейінірек қазіргі Егіндікөл, бұрынғы  Краснознамен ауданына қарасты  Калинин кеңшарында тұрды. Осы ауылда мектепте оқып жүргенде Целиноград пединститутының орыс тілі мен әдебиеті факультетін бітірген  Жұмаш Мақсұтов  мұғалім болып келеді. Ол   студент кезінде бокспен шұғылданған екен.  Содан  мектеп қабырғасында  бокс секциясын ашып, оқушыларды боксқа тартады. Жаңа үйірмеге  балалар үлкен қызығушылықпен барады. Олардың арасында Абай да бар еді.  
 Мектептен кейін  А.Жақсылықов Целиноград пединститутының спорт бөлімшесіне оқуға түседі. Оқу бітірген соң 1987 жылы Краснознамен ауданында бокс бапкері ретінде еңбек жолын бастайды. Осылай жылдар өтіп жатты. 1996 жылы ол Атбасарға жақындарына қонаққа келген еді. Осындағы спортпен шұғылданып жүрген жігіттер бокс секциясын ашып жұмыс істеуге шақырды. Атбасар Ақмола облысында ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібі жақсы дамыған өңірлердің бірі, сондықтан, бокстың болашағы бар деп сендірді. Сол жылдың наурыз айында Атбасар спорт мектебінің директоры Өмірзақ Қуатбековпен кездесіп, әңгімелеседі.  Ол  Абайдың шешімін құптап, бокс үйірмесін ашуға келісім береді.
 Осылайша 1996 жыл Атбасардағы тұңғыш бокс үйірмесінің  ресми ашылу жылы болған еді. Балаларды жанына топтастырып, оларды боксқа тарту,  баптап,  үлкен спортшы болмаса да  күшті, батыл болуы жолында алғашқы қадамдарын жасады. Алғашында бокс үйірмесіне келген балаларды түрлі жарыстарға жиі қатыстырып, оларды басқа бокс мектептерінің тәжірибесімен таныстыруға жете көңіл бөлді. Егер шәкірттер жарыстарға қатыспаса, шеберлігі артпайды. Өтпелі кезеңнің сол бір ауыр жылдарында  Атбасар боксына қол ұшын берген, қолдау көрсеткен кәсіпкер азаматтар аз болмады. Сол тұстағы Атбасар ауданының прокуроры Серік Асқаров өзі де бокспен жас шағында айналысқандықтан ба, жас бапкерге қолдан келген көмегін аямады. Жанашыр жанның көмегімен Атбасарға жаңа бокс рингі жеткізілді.  Жас боксшылар еліміздің әр өңірлерінде болып жатқан жарыстарға, тіпті Ресей Федерациясынан шақыру алып тұратын.  Новосельский ауылының тумасы,  ауыл шаруашылығы серіктестігінің басшысы, өзі де спортшы, әрі демеуші Александр Клименко бокстың өсіп, өркен жаюына көп көмегін тигізді.  Ол Новосельский ауылынан спорт кешенін ашып,  армия қатарынан келіп Атбасарда ұстазы Абай Қамиұлымен бірге жұмыс істеп жүрген Азамат Мағзұмовты  шақырады. Бұл 1997 жылы болатын. Ауылдың балалары жас спорт шебері Азаматтың
жанынан табылды.
 Атбасарда да бокс үйірмесіне келіп, спортпен айналысуға ынталы балалар қатары жыл санап көбейе түсті. Абай жас шәкірттерін жаттықтырып, оның қыр-сырын үйретуден жалықпады. Сөзбен айту оңай, іс жүзінде бұл жыл сайынғы жаттығулар, тер төгу, уақытпен санаспай еңбек ету болатын. Ата-аналар да балаларының бірінші жетістіктерін көріп, оларға қолдау жасап отырды. Жаттығу ауа райының қолайсыздығы, боран-шашынға қарамай белгіленген уақытта өтетін және балалардың одан кешігіп немесе қалып қоюы орын алмайтын.  Сол жылдардағы аудан басшылары да боксқа деген қолдауын көрсетіп отырды. Атбасар ауданына әкім болып тағайындалған Мұрат Әділбековтің өмір жолы қысқа болғанымен, ауданның экономикалық-әлеуметтік жағдайын дамытумен қатар, бірінші күннен спортқа жете көңіл бөлді. Оның қолдауымен Атбасарда республикалық дәрежедегі спорт жарыстарын өткізу бастау алды. Кейіннен бұл турнир дәстүрлі болып, жыл сайын еліміздің әр өңірінен,
шетелдерден боксшылар келіп өнерлерін көрсетіп тұрды. М.Әділбековтың салып кеткен жолын інісі Жанат Әділбеков жалғастырды. Ол 2000 жылы  Атбасарда бокс мектебін ашып, балалардың спортпен айналысуына тамаша жағдай жасады. Онда жаттығу залы, моншасы мен демалу орындары бар. Осындай жағдай балалардың боксқа қызығушылығын арттырғаны анық. 2001 жылы Атбасарда жастар арасында біріншілік өткізілді. Оны қаржыландыруды Ж.Әділбеков жетекшілік ететін «МЭН» ЖШС өзінің мойнына алды. Бұл біріншілікке 300 спортшы, 90 жаттықтырушы келді. Жарыс 6 күнге созылды. Аудандық мәдениет үйінің  сахнасында орнатылған рингтегі жекпе-жектерді тамашалауға спорт сүйер қауым көп жиналды. Ал, біріншіліктің құрметті қонақтары ретінде қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, жезтаңдай әнші Роза Рымбаева қатысты.
Ауданның бас көтерер азаматының осындай бастамашылығы мамандар тарапынан өте жақсы баға алып, Атбасар турнирі республикалық спорт бағдарламасынан өзіне лайықты орнын алды. Осы Атбасарда өткен біріншілікте Қазақстан чемпионы деген атақты Абай Жақсылықовтың шәкірттері  Жақсылық Сәдуақасов, Азамат Рахымжанов,  Виктор Славинский, Айдар Мәрденов және Антон Помилко жеңіп алды. Антон сондай-ақ, жарыстың ең үздік боксшысы деген арнайы жүлдеге ие болды.  Осы А.Помилко жасөспірімдер арасында еліміздің 3 дүркін чемпионы деген атақты жеңіп алып, Атбасардың атын шығарды.
Уақыт тоқтамай зулап өтіп жатты. Бокс өнеріне келген бірінші саңлақтар мектеп бітіріп жан-жаққа кетті. Университет, колледждерге түсті, еңбекке араласты. Кейінірек бокс мектебі біршама қиындықтарға тап болды. Демеушілік жасап жүрген  «МЭН» фирмасы банкроттыққа ұшырап,  Атбасардағы тамаша бокс мектебі жабылды. Бір жарым жылдың ішінде Абайдың төрт бірдей сүйікті шәкірттері – Әлімжан Науанов, Александр Коваленко, Аманжол Қаженов және Жасұлан Сәдуақасов өмірден өтті. Оған қаржы тапшылығы қосылып, Атбасар боксының жағдайы біраз төмендеп қалды.  Сондай қиындықтарға қарамастан, Абай бастаған жұмысын жалғастыра берді. Әр жаттығуды тиімді, пайдалы өткізу, балаларға дұрыс бағыт беру, жарыстарға апару Абай бапкердің үйреншікті жұмысы. Үй шаруасына қарауға да көп уақыты жоқ. Өсіп келе жатқан ұлы Нұрсұлтан, жұбайы Ләззат оның жұмысына, кезекті сапарларына  үйренген, кедергі жасамайды. Нұрсұлтан да кішкентайынан бокспен айналысады.  
Сол жылдары аудан әкімі болған Руслан Әубәкіров  спортқа дұрыс ден қойып көмек-қолдау көрсетті. Сол тұста аудан әкімінің көмегімен жаңа ринг салынды және Атбасарда өтетін екі ірі республикалық жарыс – Кеңес Одағының Батыры Ақан Құрманов пен Атбасар боксшыларын еске алу  турнирлері  ауданның бюджетіне кіргізілді. Өкінішке орай, бүгінде қос жарыс  бюджеттен қаржыландырылмайтын болды, енді ол  демеушілер мен спорт сүйер қауымның, Абайдың бұрынғы шәкірттерінің қолдау-көмегі арқасында өткізілуде. Жақсы ауданындағы «ТНК агрофирмасының» басшысы Батырбек Уәлиев жылда Атбасардағы турнирге демеушілік көрсетіп келеді. Көп жылдар «Агротехника-2030» ЖШС-нің бас директоры болған Берік Төлеубаев та қолдау көрсетіп тұрады.
Бүгінде Атбасар мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бокс бөлімшесі осы 20 жылда жинаған  тәжірибесін одан әрі дамытуда. Спорт мектебінің бокс бөлімшесі Новоалександровка, Мариновка ауылдарында ашылған. Самат Мағзұмов, Дәулет Достаев ұстаздары Абай Жақсылықов салған жолды жалғастырып шәкірт тәрбиелеуде.
Абай Қамиұлы болса Атбасар спорт мектебі директорлығына тағайындалды. Бұрын тек бокс бөлімшесіне жауапты болса, енді мектеп жұмысының  барлық саласын басқарады. Облыс басшылығының көмегімен жаңа ринг сатып алынды, жыл сайын спорттық құралдар жаңартылуда. Абай Жақсылықов биыл өзінің 55-ші туған күнін атап өтті. Ұстаз, бапкер, тамаша азаматқа еңбегіне жеміс, деніне саулық тілейміз.  

Өмірсерік ШАЙХИН.

Суретте: бапкер Абай Жақсылыков, жарыста жеңіске жеткен шәкірті Диана және аудан әкімінің орынбасары Жоламан Қаженов.

Атбасар қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар