Атбасарлықтар аянып қалмауда

Аудандық мәдениет үйінде ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиналыс өткізіліп, еңбек адамдарына құрмет көрсетілді.

Салтанатқа аудан орталығы мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының қызметкерлері, аудан, қала және селолық округ әкімдері, мәслихат хатшысы, депутаттар, ауыл шаруашылығы мен өңдеуші кәсіпорындар басшылары мен еңбек озаттары қатысты. Аудан әкімі Андрей Никишов құттықтау сөз сөйлеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде айтып берді.
– Аудан астық, ет, сүт, күнбағыс майы өнімдерін өндіретін негізгі аграрлық-өнеркәсіптік өңірдің бірі. Жыл басынан бері 19399 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Биылғы жылғы аудан диқандары 395 мың егіс алқабынан 495 мың тонна астық жинады. Гектар берекесі 13 центнерден айналды деген аудан әкімі  бұл облыстағы жоғары көрсеткіштердің бірі екенін,  51 мың тонна тұқым құйылғанын айтып өтті.
– Жалпы астық өндіру көлемі өткен жылдың көрсеткішінен көп екенін атап өткен жөн. Астықтың сапасы жақсы. Бүгінгі таңда жиналған астықтың 60 пайызы үшінші класқа жатады. Биылғы жылдың тамыз-қазан айларында жаңа орақтың астығы алыс-жақын шет елге және  республиканың өзге де өңірлеріне сатылды. Сондай-ақ, барлық санаттағы шаруашылықта мал басы көбейіп, ірі қара саны 30,8 мың басты, жылқы 12,8 мың басты, қой-ешкі 38 мыңды құрады. Ел тәуелсіздігі жылдары өңірдің ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі өсті. Негізгі капиталға тартылған инвес-тиция көлемі де қомақты.  Сондай-ақ, шөп, пішендеме, сүрлем тәрізді өзге де мал азығы жеткілікті дайындалды, – деді аудан әкімі. Ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің қазіргі заманғы тиімді технологиясын енгізу және егіншілік саласын техникалық жабдықтау мол астық алуға ықпал етуде. Өңірдің егіншілік саласында терең өнеркәсіптік өңдеу қарқын алыпты. Биылғы жылы көктемгі егіс пен орақ жұмыстарын ойдағыдай өткізуге өңірдің машина-трактор паркін жаңғырту ықпал етіпті. Ауданның ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері 11 егіс кешенін, 51 комбайн, 25 трактор тәрізді ауыл шаруашылығы техникаларын, «Атбасарская Нива» серіктестігі май зауытының қондырғыларын, «Лана» астық қабылдау кәсіпорны өндірістің таразысы мен зертхана қондырғыларын сатып алыпты. Мал шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдаудың арқасында өңірде мал мен құс санының өсуі байқалады. Осының арқасында ет пен сүт өндіру көрсеткіші жақсарған. Осы бағытта асыл тұқымды ірі қара сатып алынған.
«Шуйский» серіктестігі ангарды, сүрлем орнын және сауын сиыр қораларын күрделі жөндеуден өткізіпті. Сондай-ақ, ауданда асыл тұқымды ірі қара мал басын көбейтетін  шаруашылықтар құрылған. Аудан Астана қаласы қажеттілігін ет, сүт және өсімдік майымен қамтамасыз етуде. Бұл бағытта «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» және өзге де бағдарламалар бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқан көрінеді. Сүт өндірісімен мамандандырылған шаруашылықтардың субъектілері айналысуда. Сүт сатып алатын  
пункттер де ұйымдастырылған. Агроөнеркәсіптік кешен құрылымын байланыстыратын бөлімшенің бірі – ауыл шаруашылығы шикізатын өңдейтін кәсіпорындар. Осы орайда, нан, ет, сүт, ұн, өсімдік майы өнімінің өндірісі кеңейген. Мәселен, өсімдік майын өндіретін «Сочинский» серіктестігінің өнімі үлкен сұранысқа ие болып отыр. Өңірдің Индустрияландыру картасына жылына 2400 тонна макарон өнімін өндіретін жоба енгізілген. Нысан келесі жылы пайдалануға берілмек. Аталмыш картадан тыс жұмыс орындарын ашатын жеті жоба қолға алыныпты. Бекітілген кестеге сәйкес, астық қабылдау пунктін жаңғырту, элеватор кешендерінің құрылысы тәрізді төрт жоба іске қосылып, жұмыс орындары ашылған. Қырман құрылысы, құрама жем өндірудің шағын цехы, элеватор кешенінің құрылысы тәрізді үш жоба қараша айында пайдалануға берілді.
Шара барысында Астанадан келген 91 жастағы журналист Михаил Гольферд жиналғандарды төл мерекелерімен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді. Бұдан соң аудан әкімі Андрей Никишов агроөнеркәсіп кешенін дамытуға сүбелі үлес қосқан аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Жылқайдар Ырыскелдинге «Еңбек ардагері» медалін, «Шуйский-ХХІ» серіктестігінің бас инженері Виктор Крымовқа Қазақстан Рсепубликасы  Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасын, «Полтавка-2» серіктестігінің директоры Николай Белобровқа облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыс етті. Сондай-ақ,  шарада ауыл шаруашылығы құрылымдарының жүз елуге тарта бас мамандары мен еңбеккерлері аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Салтанатты жиналыс аудандық көркемөнерпаздар әзірлеген концертпен жалғасын тапты.    
 Рамазан Тілеуов.
Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар