Қатерлі ісік – қауіпті дерт

алайда, дәрігерге ерте көрінген жағдайда бұл ауруды да  жеңуге болады

Облыстық онкологиялық диспансерде  28 қаңтар күні обыр ауруының алдын алу мақсатында Ашық есік күні өткізіледі. Осыған орай, емдеу мекемесінде бірқатар іс-шаралар жоспары бекітілді.

Ашық есік күнін өткізудегі басты  мақсатымыз  – обыр ауруының алдын алу және ерте кезеңінде анықтау болып табылады. Сондай-ақ, онкологиялық аурулар мәселесіне қоғамның назарын аударту, тұрғындар мен медицина қызметкерлеріне жаһандық сипат алған қатерлі ісік ауруы түрлерін алдын алумен ерте анықтау жөнінде ақпараттандыру, ел азаматтарына скринингтік тексерудің қажеттілігін түсіндіру. Ашық есік күні арнайы маман дәрігерлер халыққа кеңес беріп, тұрғындарды тегін қабылдайды.
Қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырына шалдыққан 1500 сырқат тіркеліп отырса, бұл аурудың кесапатынан жылына 650-ге жуық нәзік жандылар көз жұмады екен. Облыс бойынша деректерге келетін болсақ, қазіргі таңда өңірімізде 500 әйел тіркеуде тұр. Олардың 85-і  бір жыл ішінде анықталған. Көбіне-көп мұндай ауруға 30-35 жастағы жас келіншектер шалдығады. 67 әйелде дерттің алғашқы 1,2 сатыда ғана белгілі болғаны да көңілге демеу. Яғни, бұл дегеніңіз аурудың әлі де болса алдын алуға үміт бар. Дәрігер маман ретінде аурудың алғашқы белгілерін тілге тиек ете кетсем деп едім. Қазақ халқы не айтса да қалт айтпаған. «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» деген нақыл сөздің астарында да көп мән жатыр. Қазақы отбасында ер мен әйел арасындағы қарым-қатынас туралы ашық айтыла бермейді. Алайда, заман басқа, қоғам өзгерген. Бұл аурудың ең басты себептері мыналар: жыныстық өмірді ерте бастау, ерте жүктілік пен босану (18 жасқа дейін), кеш жүктілікпен босану (28 жастан кейін), жатыр мойнының жаралары, жыныстық жолдардың инфекциялары, жыныстық тазалықты сақтамау, темекі шегу тағы басқалар. Негізінен қатерлі ісіктің бастапқы кезеңінде ешбір белгілері байқалмайды. Дәрігерге кеш келудің себебі де сондықтан.
Жатыр мойнының қатерлі ісігі – бүгінде алдын
алуға болатын жалғыз онкологиялық дерт. Әсіресе, бірінші, екінші дәрежеде болған жағдайда ем оңайлықпен қонып, әйелдің денсаулығы қайта қалпына келеді. Мемлекет те дерттің бұл түрін ерекше нысанаға алып отыр. Бүгінде облыстық онкологиялық диспансер қазіргі заманауи медициналық аппараттармен жабдықтала түскен. Жыл сайын   әйелдер скринингтік әдіспен тексеруден өткізіліп, онкоцитологиялық анализдер алынады. Мұндай тексеруден жергілікті жердегі әйелдер кеңесіне барып кез келген уақытта өтуге болады. Дерт уақытында анықталғандықтан, олардың барлығы да тиісті емін алады. Қалай дегенмен де қатерлі ісік емделмейді деп ем алудан бас тартып жататындар да бар.  Ол дұрыс емес. Егерде аурудың алғашқы сатысында кешенді ем қабылдаса, науқастың бұл дерттен айығып кетуіне әбден болады. Олай болса 28 қаңтар күні, сағат 9-00-ден 16-00-ге дейін облыстық онкологиялық диспансерде өтетін Ашық есік күніне шақырамыз.
 Ләззат НЫҒАНОВА,
Ақмола облыстық онкологиялық  диспансерінің зертхана бөлімшесінің меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар