Қатерлі кеселмен күрестен дін де шет қалмайды

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшысының орынбасары Алик Шпекбаевтың төрағалығымен өткен селекторлық мәжіліске еліміздің аумағында тіркелген дәстүрлі діни бірлестіктердің өкілдері қатысып,  қоғамымызға тамырын терең жайған қатерлі дертке қарсы бірлесе күресу қажеттігін атап көрсетті.

Онлайн режимде өткен селекторлық мәжіліске облысымыздағы осы салаға қатысты басқарма басшылары мен діни бірлестіктердің өкілдері қатысты. Биылғы Елбасының халыққа арнаған Жолдауындағы 5 басымдылықтың бірі ретінде жемқорлыққа қарсы күрес жайының аталып өтуі бұл мәселеге мемлекеттік органдар ғана емес, баршамыздың ерекше мән беруіміз қажеттігін көрсетеді, – дей келе агенттік төрағасының орынбасары еліміздің басты байлығы – ұлтаралық, дінаралық татулығымыз бен бірлігіміз және оны сақтауда діни бірлестіктердің өкілдері үлкен қызмет атқарып отыр деп атап өтті. Қазіргі күні елімізде 40-тан астам конфессияны біріктіретін  3,5 мыңдай діни бірлестік тіркеліп, заң шеңберінде өз қызметтерін жүргізуде. Дінге сенушілер қатары жыл өткен са-йын көбейіп келеді. Әсіресе, жастар арасында дінді ұстанушылар қатары өсе түскен. Осыған орай, қоғамымызды дендеп алған сыбайлас жемқорлық дертіне қарсы күрестен діни бірлестіктер де шет қалмай, өз үлестерін қосып жатса, ортақ Отанымыздың тыныштығы мен бірлігін сақтауға игі ықпалын тигізері анық. Дін істері және азаматтық қоғам министрінің орынбасары Берік Арын «Қазақстан-2050» бағдарламасында алға қойылған әлемнің озық отыз мемлекетінің санатына қосылуда жемқорлық сияқты қатерлі дертпен күрестің маңызы зор екендігін, бұл кесапатпен күреске барша халық болып атсалысқанда ғана нәтиже болатынын айтты. Әлемде жемқорлықты жойған бірде-бір мемлекет жоқ екен. Дегенмен де, бұл қоғамдық дертті біршама ауыздықтап, оның деңгейін едәуір төмендетуге қол жеткізген елдер бар және ол елдердің бәрі экономикасы жағынан қарқынды дамыған мемлекеттер.  Қазақстан да осы орайда, алдына жемқорлық деңгейін төмендетуді, ол үшін бұл дертпен күреске барлық қоғамдық ұйымдарды, барша халықты тартуды мақсат етіп отыр.
Астана мешітінің имамы Наурызбай қажы Өтпенов мұсылмандардың қасиетті кітабы Құранда да, пайғамбарымыздың хадистерінде де ұрлық пен парақорлық үлкен күнә деп айыпталатындығын, осыған орай дін қызметкерлері халық арасында жемқорлыққа жол бермеу жөнінде ұдайы айтып жүретіндігін тілге тиек етті. Пайғамбарымыздың хадистерінде пара беруші мен алушыға және арасында жүрген делдалға лағнет болсын деп айтылған. Жемқорлық арқылы арам жолмен тапқан байлықта еш берекет болмайды. Сондықтан, өзін мұсылманмын деген әрбір адам жемқорлықтан аулақ жүруі қажет дей келе, Астана мешітінің имамы бүгінде 2,5 мыңдай мешіт бар екендігін, мешітке келушілер қатарының жыл санап өсіп отырғандығын айтып, мешіттегі уағыздарда имамдар мен молдалар әрдайым ұрлық, жемқорлық сияқты күнәлі істерден мұсылмандарды сақтандырып отыратындығын әңгімеледі.
Қазақстан Православие шіркеуінің басшысы Александр жемқорлықты ауыздықтау үшін ең алдымен жемқорлыққа төзбеушілік сананы қалыптастыру қажеттігіне тоқталды. Тәрбиенің тамыры отбасынан бастау алады. Сондықтан, жемқорлық сияқты теріс әдетке қарсы сананы отбасынан сіңірген жөн. Бала ең алдымен ата-анасына қарап өседі. Ата-анасы түрлі мәселелерді шешу үшін жемқорлыққа баруды жөн санайтын болса, бала да соған бейім болып өспек.  Осы орайда, православие шіркеулерінде кедей болсаң да, ар-ұятыңды сақтау маңызды деген қағиданы насихаттауға жете көңіл бөлінеді деді православие шіркеуінің басшысы.
Арнайы сараптама тобының жетекшісі Нұрлан Ерімбетов жемқорлық заңсыз баю ғана емес, бұл адам өміріне қауіп төндіретін қатерлі құбылыс дегенді айтты. Мәселен, таяуда Шығыс Қазақстан облысында ота жасаған дәрігерлердің салдыр-салақтығынан бір жас келіншектің ішінде ұмыт қалдырған бір метрлік салфетка шығып, бұл оқиға халық арасында  біраз пікір туғызған еді. Әлгі келіншек екі жыл бойы қатты зардап шеккен. Абырой болғанда, қайта ота жасалып, салфетка алынды. Ал, ақшамен оқып, бітірген біліксіз дәрігерлер мен мамандардың кесірінен бақытсыз жайларға ұшырап жатқандар қаншама? Сондықтан, бұл қоғам үшін қатерлі дертпен барша халық күресуі қажет,  дейді арнайы мониторингтік топтың жетекшісі.
«Бірінші жемқорлыққа қарсы медиа-орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Байғұлов лауазымды тұлғаларға ықпал етудегі әлеуметтік желілердің рөлінің күштілігін айтып, жемқорлықпен күресте интернет ресурстарын пайдалануға жете көңіл бөлудің маңыздылығын атап өтті. Аймақтардан Оңтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары дін істері жөніндегі басқармаларының басшылары жемқорлықпен күрес бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстары жайында баяндады. Селекторлық мәжілісті қорытындылаған   Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшысының орынбасары Алик Шпекбаев сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты дін өкілдері тарапынан айтылған ұсыныстар мен тілектер ескерілетіндігін және қоғам үшін қауіпті болып отырған бұл дертпен күреске дін өкілдері де атсалысса деген тілегін айтты.

Қалкөз Жүсіп.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар