Аттестаттаудан сүрінген оқу орындары көп

Облыс орталығындағы «Достар» мәдениет сарайында өткен білім мекемелерін аттестаттау және лицензиялаудың қорытындыларына арналған кеңес «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетовтың төрағалығымен өтті. Онда білім беру саласындағы орын алған олқылықтар жайы талқыланды.

Мектептердің мемлекеттік аттестаттау-дан және лицензиялаудан өтіп-өтпеуіне байланысты мәселелер жыл басынан бері партия филиалының бақылауында. Осы жолғы кеңесте төраға негізінен кемшіліктер мен ескертулерді жоюға көп мән берді. Осыған орай, басқарма, бөлім қызметкерлері мен білім ордалары қандай жұмыстар атқарып жатқандығы кеңінен қамтылды.
Ақмола облысы бойынша білім саласын бақылау департаментінің басшысы Ерлан Әбілдинов оқу жылының басынан бері мектептерді аттестаттаудың қорытындылары бойынша жасаған баяндамасында кезекті тексерістен өте алмай қалған білім ордаларының жағдайын жіпке тізгендей баяндап берді. Бұл жолы ол жоғары санатты ұстаздар мен тәжірибесіз, жұмысқа енді ғана қабылданған мұғалімдердің оқушыларының білім деңгейінің айырмашылығы жоқ екендігін баса айтты.
Жоспарлы тексерістермен қатар, 34 білім беру ұйымы жоспарсыз тексеріліпті. Олардың ішінде аттестаттаудан өте алмаған 25 мектеп пен 4 балабақша тексеріс қорытындысына сай шығарылған ұйғарымдардағы кемшіліктерді бүгінгі күні жойыпты. Ұйғарымдарда көрсетілген кемшіліктерді орындамаған, яғни, білім беру сапасы бойынша анықталған бұзушылықтарды жоймаған 5 мектеп қайта аттестаттаудан өте алмаған. Атап айтар болсақ, олар  Қорғалжын ауданының Алғабас,  Ерейментау ауданының Екпінді, Бурабай ауданының Сосновское бастауыш мектептері және Шортанды ауданындағы Гуляйполе, Астрахан ауданының Красногвардейское негізгі мектептері. Бұл кемшіліктерді жоймаған, ұйғарымдарды орындамаған мектептер бойынша хаттамалар толтырылып, соттарға 22 әкімшілік іс жолданған.  
Тексеріс қорытындылары талқыланып болған соң, Ерейментау ауданы әкімінің орынбасары Абай Әлжанов, Егіндікөл, Бұланды аудандарының білім бөлімдерінің басшылары Талғат Раисов пен Бақытжан Есмурзин мектептердегі аттестаттаудан өту кезінде орын алған кемшіліктерді жою барысында қолданылып жатқан шараларға тоқталды. Мәселен, Ерейментау ауданының Ақсуат және Күншалған орта мектептерінің 4 сыныптарының оқушылары математика және орыс тілінен оқу үлгерімдері нөл па-йызды көрсеткен. Осы орайда, аттестаттаудан өте алмаған мектептердің директорларына сөгіс жарияланғаны, арнайы жоспар құрылып, департамент анықтамасында көрсетілген олқылықтарды жою бо-йынша жұмыс жүргізіліп жатқандығы айтылды. Сол сияқты Бұланды ауданы бойынша аттестаттауға жататын 13 ұйымның 5-еуі сыннан сүрінбей өткен.  6-уы қайталап өтетін болса, 2-еуі алдағы уақытта тексеріледі. Өте алмаған бес мектептің оқушыларының білімдері анау айтқандай төмен нәтижелер көрсетпесе де, мемлекеттік стандартта көрсетілген тиісті ұпайларды жинай алмаған. Бұл орайда, аудандық білім бөлімінің бастамасымен тиісті жұмыс жоспары жасалынып, тармақ-тармақ бойынша оны жүзеге асыру шаралары жүргізіліп жатқан көрінеді.
Білім бөлімі әдістемелік көмек көрсету, оқушыларды аттестаттауға дайындау, педагогтардың нормативтік-құқықтық құжаттамалармен жұмыс істеуді түсіндіру, оларға консультациялық кеңестер беру үшін топтар құрып арнайы орындарға барып жұмыстар жүргізуде. Ал, Егіндікөл ауданының білім бөлімінің басшысы Талғат Раисов аттестаттаудан өтпеген мектептердің директорлары әкімшілік жауапкершілікке тартылып, тиісті жазаларын алғандығын айта келіп, аттестаттаудың нәтижелері бойынша кеңес өткізіліп, мектеп оқушыларының білім сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарды жүзеге асыруға бақылауды күшейткендігі жөнінде баяндады. Оның айтуынша, оқушылардың кейбір пәндерден тым төмен нәтижелер көрсетулерінің бір себебі – педагог кадрларының тапшылығы болып отыр. Тіпті, Армавир орта мектебінде сырттай оқып жүрген студенттерге сабақ өткізуге рұқсат беруге мәжбүр болып отырғандығын атап көрсетті. Сонымен бірге, материалдық-техникалық базаның нашарлығы, мектепте жаңа модификациялық кабинеттің болмауы, оқу шеберханаларындағы құрал-жабдықтардың, құрылғылардың ескіріп кеткендігі қаржы мәселесіне байланысты екендігін атап көрсетті. Аттестаттау өткеннен кейін кабинеттерді жабдықтап, қажетті шеберхана құралдарын алуға 125 миллион теңгеге өтініш жіберілгендігін айтып берді.
Кеңес соңында партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары білім басқармасынан бастап, барлық жауапты органдар мен мектеп директорларына
аттестаттау барысында орын алған кемшіліктер мен олқылықтарды жоюды қатаң тапсырды.

Ырысалды Шамшиева.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар