Аттың басын Астанаға бұрдым

Мен басқа мемлекетте туып-өссем де, ата жұртта білім алдым. Өз туған жерінде жүрген адамға Отанның қадір-қасиеті онша сезіле қоймас. Ал, шетте жүргендер үшін Отан ұғымы  асқақ та қымбат.

Тарихына мың өліп, мың тірілген қазақтың тәуелсіздігін жариялап, жеке мемлекет құрғанына  жиырма бес жыл толып отыр. Тәуелсіздіктің осы  ақ таңын сарғая күткен шетелдегі бес миллион қазақтың алғаш егемендік жариялағандағы қуанышын айтып жеткізу қиын. Өзге ұлттың ортасында отырған олар бірінен-бірі сүйінші сұрап, көздерінен ыстық жасын төккен еді. Талай қарияның сақалынан жас тамшылап, қайран елім, жерім дегенін өз құлағымызбен естідік. Басқа емес Отанымызға  қашан жетер екенбіз деген алып-ұшпа көңілмен талай таңды ұйқысыз атырдық.
Арманымызға қанат байлап сағыныш болған ата жұртқа ақыры  жеттік. Жеткенде де  елдің төрі – Астана қаласына ат басын тіредім.
Есіл өзенінің бойына, Арқаның төсіне жаңа қала орнату Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаевтың еселі еңбегі. Сол әсем Есілдің жағасын бойлай Президент сарайы, Парламент ғимараты, Еуразия университеті, Жастар сарайы сияқты көптеген құрылыстар салынып, бұрынғы жұтаң қаланы  көркейтіп-гүлдендіріп жіберген тарихи оқиғаға куә болу бақыты  бұйырды.  Есілдің сол жағында бой көтерген Бәйтеректің өзі адамды талай тәтті қиялға жетелейді. Біздің шетелден келген әрбір туысымыз ең әуелі «Бәйтеректің басына шығайықшы», – деп оны атамекен төсіндегі алып дарақ ретінде әспеттейді. «Бәйтеректі» «Өмір ағашы» деп те атайды. Бұл сәулет туындысы халық ауыз әдебиетіндегі Ер Төстік сынды ерлердің оқиға желісімен өрілген екен. Ертегі желісі бойынша өз бақытын іздеп шыққан Ер Төстік қиын-қыстау заманда зәулім бәйтерекке тап болады. Ұшар басына көз жетпейтін  өмір ағашына таң-тамаша қалады. Нақ төбесіне  ұя салған самұрық құстың алтын жұмыртқасын алады. Сөйтіп, бақытты-баянды ғұмыр кешеді. Мәңгілік өмірді жер жаһанға жария етіп тұрған Бәйтерек бас қала Астананың асқақ тұлғалы бейнесі ғана емес, алыстан арып шаршап ата жұртына оралған мен секілді  мыңдаған адамның өмірінің мәні де.
Бүгінде қазақты бүкіл әлем таниды. Азияның кіндігіне айналған  табиғаты таңғажайып осы байтақ даладан аспанмен тілдескен мұзарт шыңдарды, тұңғиығы тұнжыраған жұмбақ көлдерді, ақжал толқындары асау арғымақтай көкке шапшыған шалқар теңізді, күні от шашқан шөлейтті, асау ағысты тентек өзен, сыңсыған ну орманды көруге болады. Түгін тартса май шығатын қасиетті аймақтың асты алтын мен мұнайға толса, үстінің табиғи байлығы да  айтып тауысқысыз.
Бүгінгі Қазақстан – өзі орналасқан аймақтың ғана емес, бүкіләлемдік мәселелер мен күрмеуі күрделі істерді талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын қуатты елге айналды.   Қазақстан тарих сахнасындағы өз орнын тапты. Міне, бұл ата-бабаларымыз армандаған, біздің маңдайымызға жазылған алтын дәуір.
Олай болса ақ найзаның  ұшымен, ақ білектің күшімен бабаларымыз қорғаған «Мәңгілік елдің» Мәңгілік елі мен жерін ұрпақтан-ұрпаққа аманаттаудың алтын кілті ұстаздар қауымында деп білемін.
Ұлан ДАУЫЛҰЛЫ,
Қоянды орта мектебінің мұғалімі.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар