Аулада тәртіп сақтауға енжармыз

 Биыл облыс орталығындағы біраз үйлердің аулалары күрделі  жөндеуден өткізіліп, балалардың ойын алаңдары салынған еді. Бояуы кеуіп үлгермеген түрлі-түсті әткеншектер, жерге төселген жұмсақ құм, дене шынықтыруға арналған турниктер сол маңда орналасқан тұрғын үйлердің де ажарын ашып, балғындарға даладағы серуендерін көңілді етіп өткізуге зор мүмкіндік беруде.

  Облыстық бюджеттен қомақты қаражат бөлініп, еліміздің болашағы саналатын балаларымыздың игілігі үшін осындай жақсы істер қолға алынғанына тұрғындар да дән риза. Алайда, кішкентай қызыммен аулада қыдырып жүріп, көңілге кірбің ұялатқан мына бір жайтқа тап болдым. Далада ойнап отырған қызым құмның арасынан шылымның тұқылын тауып алып, қолымен ұстап, қызықтап қарап отыр екен. Әлгіні алдап-сулап жерге тастатқызып, ондай жаман нәрселерді ұстауға болмайтынын түсіндірдім. Жан-жағымызда шылым тұқылдары, бөтелкелер көптеп шашылып жатқандықтан, қызымды көтеріп алып, үйге кетіп қалдым.
Өкінішке орай, бұл бірінші рет болған жағдай емес. Күн сайын кешқұрым уақытта терезеден қарағанымда көретінім бір көрініс. Күн қарайған сәтте үлкендер де, жастар да ойын алаңындағы орындықтарға жайғасып, темекі шегіп, сыраны судай сіміріп отырады. Ал, таңға қарай ол жер қандай күйде болатынын өзіңіз көз алдыңызға елестете беріңіз.
Балалардың ойын алаңының қоқыс полигонына айналуына қалайша жол беріп қоямыз? Бәз-біреулер білмесе, естеріне салайық, ойын алаңы да бүлдіршіндер асыр салып ойнайтын, бой жазатын  кішігірім қоғамдық орынға жатады. Ал, еліміздің заңында қоғамдық орындарда ішімдік ішіп, шылым шегуге,  шемішкенің қабығын тастауға тыйым салынған. Заңға бағынбағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Жаза демекші, қалалық ішкі істер басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, қоғамдық орындарды ластағаны, белгіленбеген жерге қоқыс лақтырғаны үшін  жыл басынан бері 576 адам ұсталып, олардың 53-і бір күннен он күнге дейінгі аралыққа қамауға алынса, 409 заң бұзушыға он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған. Биыл әкімшілік айыппұлдардың саны 8,1 миллион теңгені құрап, өткен жылғымен салыстырғанда сегіз есеге артып отыр. Мұның өзі қоғамдық орындарда заңның сақталмайтындығының, тұрғындардың тәртіп атаулыға бейжай қарайтындығының айқын дәлелі ғой.    
Балаларымыздың келешекте білімді, мәдениетті азамат болып өскенін қаласақ, отбасындағы тәрбиемен қатар, сыртта болып жатқан оқиғаларға да зер салып, ұл-қыздарымызды жаман әдеттерден сақтауға тырысуымыз қажет. Бес саусақ бірдей болмайтыны  сияқты,  өзінің жаман іс-әрекеті айналасындағы жандарға зиянын тигізетіні, қоршаған ортаға қастық қылмау жайлы кез-келген адам ойлана бермейді. Мінеки, сондай жауапсыз, арампез жандардан ұрпағымызды қорғап қалу ата-аналардың ғана емес, құқық қорғау қызметкерлерінің  де міндеті.
Тек, орталықта орналасқан қоғамдық орындарды ғана тексере бермей, көп қабатты тұрғын үйлердің де маңдарын кешкі, түнгі уақыттарда тәртіп сақшылары бір қарап кетіп отырса игі еді. Тым болмаса, сондай жерлерге «Ластамаңыз, айыппұл салынады!» деген секілді ескертпе тақтайшалар қойылса, жағдай оңалар деп ойлаймыз.     

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар