Ауылға кел, табасың бақыт мұнда да

Іссапарды пайдаланып, ауылға жол тарттық. Есіл ауданына қарасты Игілік ауылы облыс орталығынан əжептəуір алыс жерде орналасқан. Жолдың ұзақтығына қарамастан, сайын далаға деген сағынышымыз бізді алға жетелей берді.

Ауылдың жұпар иіс аңқыған таза ауасы неткен керемет еді. Қаланың ешбір бұрышынан таба алмайтын тыныштық, еркіндік пен беймаза өмір, қысқасы жақсының бəрі ауылда секілді көрінді. Шынын айтсақ, Игілікке бізді ешкім шақырған жоқ. Ондағы тұрғындардың хал-жағдайын мақала етіп жазайық деп барған бетіміз ғой. Көлікпен ауыл ішін олай да, былай да аралап, бүлдіршіндер велосипед теуіп жүрген үйдің жанына келіп тоқтадық. «Танымайтын адамның үйіне баса көктеп кіріп барғанымыз ұят болады, кейін қайтайық», – деп қасымдағы фототілші тартыншақтап қояды. Неге екенін қайдам, үйдің табалдырығын аттаған бойда бір жылылықты сезіп, өзім аңдамастан ішке қарай кіріп кеттім. Сөйтсек, бұл көпбалалы отбасы Бижановтардың шаңырағы екен.
Журналист екенімізді естіген «Күміс алқа» алқасының иегері  Бақыт Нұртайқызы бізге төрден орын ұсынса, балалары дастархан жаюдың қамына кірісіп, абыр-сабыр күйге енді. Ал, отағасы Салтанат біз келердің алдында бірер минут бұрын шығып кеткен екен. Ол жазда шаруа қожалықтарында мал бағумен айналысса, қыс айларында ауылдық мектепте пеш жағушы болып жұмыс істейді. Үйдің тірлігі, бала тəрбиесі жұбайының мойнында.
Негізі, бұл отбасында əрқайсысы біріне-бірі көмектесіп жүретініне, кейінгі балалар аға-əпкелерінен үлгі алатынына көзіміз жетті. Əйтпесе,  бұл үйдің баларының төртеуі бірдей мамандық ретінде  медицинаны таңдағаны сəйкестік пе дерсіз? Тұңғыштары Қарлығаш  пен екінші қыздары Айзада Астанадағы медколледждердің бірін бітіріп, қазір бірі елордадағы №2 балалар ауруханасында, бірі клиникалық зертханада абыроймен еңбек етіп, ата-аналарының үмітін ақтап жүр. Айдана есімді ортаншы қыз жұқпалы ауруларды зерттейтін мекемеде қызмет істесе, осы әпкелерінің жолын қуған Хамит дәрігердің дипломын биыл ғана қолына алған. Ал, бұлардан кейінірек дүниеге келген Сәбина мен Нұрсұлтан әлі мектепте оқиды.
Оралман ағайындарымыздың ауылға көшіп келуінің арқасында Ыбырай Алтынсарин атындағы Игілік орта мектебінің он бір жылдық мектеп дәрежесін сақтап қалғанын айта кеткеніміз жөн. Білім ошақтары да, тұрғындары да тарап кетіп жатқан көптеген қазақ ауылдарымен  салыстырғанда, құдайға шүкір, түтінін түтетіп тұрған алпыстан астам үйі бар бұл алтын бесік ауылдың жағдайы жақсы деуге әбден негіз бар. Жасырмаймыз, Игілікте де дипломы бар жанға мектепте мұғалім болудан басқа жұмыс жоқ. Жергілікті халықтың көбісі мал бағумен
немесе аудан орталығына күн сайын барып келіп жұмыс істеумен  күндерін көреді.  Бақыттай алтын құрсақ ана осының барлығын қанағат етіп, ауылда өмір сүргенін бақыт санаса, осыдан кейін біз олардың тұрып жатқан елдерін қалайша жамандайық?
– Туған-туысқандарымыз, достарымыз қалаға көшіңдер деп жиі айтады.  Өз басым, еңбек
еткен адамға ауылда шалқып өмір сүруге болады деп ойлаймын. Жұмыс істегісі келмейтіндер ғана өмірге ренжиді, – деді күміс алқа иегері ауылдағы өмір жайлы пікірін сұрағанымызда.  
Бұл күні бізбен қатар ауылға Қарағанды қаласынан аурулардың алдын алу және еңбек гигиенасы институтының мамандары да келді. Отызға жуық дәрігер ауыл тұрғындарын бірнеше күн бойы жалпы тексерістен өткізіп, скрининг жасады. Аудандағы Заречное және Игілік ауылдары ұйқы ауруы анықталған атышулы Калачи селосына жақын маңда орналасқандықтан,  дәрігерлер де бұл мәселені назарда ұстап,  қандай да бір жамандықтың екінші мәрте қайталанбауы үшін  барын салуда. «Аурудың емін іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» демекші, бұлары жөн болған. Ауыл тұрғындары да мемлекеттің қамқорлығына  дән риза. Кейіпкеріміз Бақыт Нұртайқызы бізбен әңгімесінде осындай дәрігерлік тексерістер ауылдық жерлерде жиі өткізіліп тұрса екен деген тілегін жеткізді.
Көпбалалы ана қазіргі таңда көптеп белең алып жатқан  ажырасуға да қарсылығын білдіріп, жастардың бұл қылығы қате екендігін айтты. Оның ойынша, екі жас бірін-бірі сүйіп қосылғаннан кейін кез-келген нәрсеге сабырмен қарап, жақсысын асырып, жаманын жасырып өмір сүрулері қажет.
– Дана халқымыз «Бірінші жарыңды құдай кезіктіреді» деп текке айтпаған. Құрған отаудың бұзылуына түбегейлі қарсымын. Жолдасым екеуіміз ұл-қыздарымызға ылғи үлкендерді сыйлаңдар, махаббат пен достыққа берік болыңдар деп айтып отырамыз. Бізді де ата-аналарымыз солай тәрбиеледі. Қазақстандық әр отбасының шаттықта, молшылықта, ең бастысы, сүйіспеншілікте ғұмыр кешкенін қалаймын, – деп аналық ақ тілегін білдірді.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Бижановтар әулетінен басқа, ауылда жетпіске жуық үй бар. Солардың бірінде жасы сексен беске қараған тыл ардагері Нұрбике Зәйтенова да тұрады. Тұрғындардың бәрімен әңгімелесуге уақытымыз жетпесе де, олардың Игілікте игі бір іс
тындырып, өнегелі өмір сүріп жатқандарына еш күмәніміз жоқ.  

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Игілік ауылы,
Есіл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар