Ауыл шаруасы оңға басып, өнімі мен табысы молайды

Биылғы жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 370 миллиард теңгені, сондай-ақ, жалпы көлем индексі жүз пайызды құрады. Бұл өткен жылғы сәйкес мерзімдегі көрсеткіштен 22 миллиард теңге артық. Әр жылдың есте қалатын өз ерекшелігі бар. Үстіміздегі жылы сапалы әрі мол астық жинадық. Мал басы біршама өсті. Бірқатар кәсіпорындар пайдалануға берілді.

Астана мен Көкшетау қалаларын және өзге де шағын қалаларды картоппен және көкөніспен қамтамасыз ету үшін алқаптарды кеңейту, картоп қоймаларын жаңарту, жылыжайлар салу қажеттігі айқындалды. Жанар-жағар май бағасы мен темір жол ақысының көтерілуі мен жүк вагондарының жетіспеуіне байланысты астықты экспорттау, жемшөп дайындау мәселесі туындап, оң шешімін тапты. Жалпы, мал басының аздығына байланысты сүт, ет өңдейтін кәсіпорындар толық қуатында жұмыс істемей тұр. Мұндай олқылық диірмен кешендері мен наубайханаларда да байқалады. Бұл проблемалар алдағы жылдары кезең-кезеңмен шешіледі деген үміт бар. Биылғы жылы көптеген ет, сүт бағытындағы ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылды. Агроөнеркәсіп саласын дамыту жұмысы одан әрі жалғасатын болады.
Аграрлы аймақта бес жарым мыңнан астам өндірістік кооператив, акционерлік қоғам, серіктестік, мемлекеттік кәсіпорын және шаруа қожалықтары тәрізді ауыл шаруашылығы құрылымдары жұмыс істейді. Биылғы жылы 5281,4 мың тонна дәнді және бұршақты дақылдар жинап алынды. Гектар берекесі 12,2 центнерден айналды. Сондай-ақ, 206,1 мың тонна майлы дақылдар, 281,1 мың тонна картоп, 60,8 мың тонна көкөніс жиналды. Көктемгі егіс алдында 675,7 мың гектар жер өңделді. 1038,1 мың гектар жер жыртылып, жоспар 131,4 пайызға орындалды. Облыс бойынша 1126,3 мың тонна шөп дайындалды. Мал мен құс шаруашылықтарында 91,5 мың тонна ет, 357,3 мың тонна сүт, 720,5 миллион дана жұмыртқа өндірілді. Ірі қара мал басы 0,8 пайызға көбейіп, 411,1 мың басты құрады. Сондай-ақ, жылқы (165,9 мың бас) 6 пайызға, қой мен ешкі (522,7 мың) 0,2 пайызға, құс (6 миллион) 114,1 пайызға көбейді. 2010 жылдан бері 27,6 мың басқа арналған отыз бір мал бордақылау алаңы құрылды. Қазір оның елу пайызы жұмыс істеп тұр. Жемшөп жетіспейді. Мал бордақылау алаңдарының толық қуатында жұмыс істеуіне бағытталған жұмыстар атқарылуда. Өткен он айда 6,7 мың бас мал өткізілді. Жергілікті 44,2 мың бас ірі қараны асылдандыру жұмысы қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ, малдың генетикалық әлеуетін жақсарту мақсатында 2010 жылдан бері алыс және жақын шетелдерден ет және сүт бағытындағы 14,6 мың бас ірі қара әкелінді. Бұл бағытта «Родина» агрофирмасы», «Есіл Агро», «Пюр Продукт», «Жақсылық Агро» серіктестіктері мен «Хамзе» шаруа қожалығының үлесі мол. Облыс бойынша асыл тұқымды ірі қараның саны 67,1 мың басты құрайды. Бұл барлық ірі қараның 16,8 пайызы. Өңірде сүт өндірісімен 35 ірі және орташа арнайы мамандандырылған шаруашылықтар айналысады.
Тауарлы-сүт фермаларында 29 мың бас сиыр сауылады. Сүт өндіру саласын дамыту мақсатында «Ырыс» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл бағдарламаның аясында өткен жылы 14 отбасылық шағын ферма, биылғы жылы жеті шағын ферма құрылды. Облыс аумағында 357 шаруашылық қой бағумен айналысады. Оларда 150 мың қой бар. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 11 мың қой мен ешкі, «Құлан» бағдарламасы бойынша 5 мың бас жылқы сатып алынды. Бұл бағыттағы жоспар асыра орындалды. Биылғы жылы ет және сүт бағытындағы 91 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Оның 44-і сүт сатып алумен, 47-сі ет дайындаумен айналысады. Отбасылық мал бордақылау алаңын құру үшін 3241 бас ірі қара сатып алынды. Ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту аясында 3472 бас сиыр сатып алу үшін несие берілді. Екі қасапхана салынды. Сегіз сүт таситын автокөлік, бір рефрижератор сатып алынды.
Үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығы кооперативтері қосымша 12 мың тонна сүт, 540 тонна ет дайындап отыр. Жалпы, бұл кооперативтер биыл сүт өңдейтін кәсіпорындарға 8,7 мың тонна сүт өткізді. Облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері биыл 259 трактор, 231 комбайн, 302 сеялка, 84 егіс кешенін және 456 өзге де ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды. Бұл бағытта «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының үлесі мол. Ақмола облысында ет, сүт, ұн, нан тәрізді ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен 319 кәсіпорын айналысады. Биылғы жылдың 11 айында 73 миллиард теңгенің азық-түлік тағамдары өңделді. Бұл өткен жылғы сәйкес мерзімдегі көрсеткіштен біршама артық. Азық-түлік тағамдары өндірісі құрылымының 23 пайызы астық өңдейтін, 19 пайызы ет, 17,5 пайызы сүт, 6,5 пайызы нан және тоқаш, 33,6 пайызы өзге салалардың үлесіне тиеді. Ет өңдейтін кәсіпорындар мен цехтар 20,8 мың тонна ет, 1,5 мың тонна шұжық өндірді. Өкінішке орай, ет өңдейтін кәсіпорындар толық қуатында жұмыс істемей отыр. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін мал басын көбейту қажет. Ет өндірудің негізгі үлесі Целиноград, Астрахан, Қорғалжын, Аршалы, Бурабай, Шортанды аудандарына тиесілі. Ал Жақсы, Егіндікөл, Сандықтау, Бұланды, Ақкөл, Аршалы, Қорғалжын аудандарындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың өндірістік көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Өңделген сүт өндірісінің көлемі 43,7 мың тоннаны құрады. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен көп төмен. Биыл 657 тонна май, 602 тонна сыр мен ірімшік, 4,8 мың тонна айран, қымыз өндірілген.
Бұл көрсеткіш сүт өңдейтін кәсіпорындардың толық қуатында жұмыс істемей отырғанын айғақтай түседі. Сүт өңдеудегі негізгі үлес Көкшетау қаласы мен Зеренді, Целиноград, Шортанды, Аршалы аудандарына тиесілі. Биылғы жылдың он бір айында Көкшетау қаласы мен Шортанды, Ақкөл, Аршалы, Целиноград, Бурабай аудандарында өңделген сүт көрсеткіші төмендеген. Үстіміздегі жылы 19779 тонна өсімдік майы өндірілді. Майлы дақылдарды өңдеумен Бурабай ауданындағы «Бота 2015» серіктестігі мен Көкшетау қаласындағы «Агример Астық» серіктестігі айналысады. Дегенмен, бұл кәсіпорындар да толық қуатында жұмыс істемей отыр.
Биыл 367849 тонна ұн өндірілді. Ұн өндірумен Көкшетау қаласы мен Атбасар, Жақсы, Астрахан, Шортанды аудандарындағы кәсіпорындар айналысады. Көкшетау қаласы мен Сандықтау, Жарқайың, Жақсы аудандарында ұн өндіру көрсеткіші төмендеген. Бүгінгі таңда диірмендер кешені толық қуатында жұмыс істемейді. Биылғы жылы 27974 тонна нан пісірілген. Бұл саланың негізгі үлесі Көкшетау қаласы мен Аршалы, Бурабай, Есіл аудандарына тиесілі. Кейбір наубайханалардың толық қуатында жұмыс істемей отырғаны байқалады.
Астана қаласының айналасындағы азық-түлік белдеуі бойынша 2017 жылы жеті жоба жүзеге асырылды. «Макинский элеватор», «Ақтан Агро», «Максимовский», «Алтын дән КЗ», «Лана» АҚК», «Гросс Нан» серіктестіктерінің жобалары пайдалануға берілді. Степногорск қаласында «Қазақстанның жылыжай технологиясы» серіктестігінің жылыжай кешені ұлғайтылды. Қорғалжын ауданындағы «МЕТ 777» шаруа қожалығы жылына 10 тонна көкөніс өндіретін жылыжайды пайдалануға берді. Аршалы ауданындағы «Аян» серіктестігінің диірмен мен макарон кешені жұмыс істей бастады. Бұланды ауданындағы «Нанар фирмасы» серіктестігі диірмен кешенін іске қосты. Көкшетау қаласында «NBA-A» серіктестігі тәулігіне 40 тонна сүт өндіретін зауытты пайдалануға берді. Целиноград ауданындағы «Зеренді» асыл тұқымды шаруашылығы» серіктестігі ангар және қондырғылар орнату жұмысын аяқтады. Шаруашылық асыл тұқымды ешкі санын 5 мыңға жеткізуді межелеп отыр. Сөйтіп, биылғы жылы көзделген жобалар жүзеге асырылды. Келесі жылы да бірқатар жобаларды іске қосу жоспарланып отыр. Бұл бағытта барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, көрсеткіштердің жоғары сатысынан көрінуге тырысамыз.

Димаш ТАЛАСБАЕВ,
Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *