Ауырмаудың және уақытында емделудің жолы өз қолымызда

«Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты», – деген екен кезінде неміс философы Артур Шопенгауэр. Шынымен де, денсаулық – біздің басты байлығымыз. Бүгінгі таңда облысымызда тұрғындардың денсаулығын қорғау мәселелеріне жіті көңіл бөлінуде.

Дүниежүзілік денсаулық күні қарсаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасымен салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылған болатын. Мұндағы басты мақсат – түрлі жұқпалы және жұқпалы емес індеттердің алдын алу, тұрғындарды өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарауға шақыру.
Жыл сайын медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, білікті дәрігерлермен толығып, бұл да өз кезегінде сапалы медициналық қызмет көрсетуге игі ықпал етуде. Өткен жылы облысымызда бірқатар денсаулық сақтау нысандары пайдалануға берілді. Зеренді ауданының орталығында бір ауысымда 250 адамды қабылдай алатын емхана, Целиноград ауданының Қабанбай батыр ауылында, Есіл ауданында және Бурабай ауданының Кенесары ауылында жаңадан дәрігерлік амбулаториялар ашылды.
Облыстық ауруханаға, облыстық балалар ауруханасы мен облыстық психиатриялық ауруханасына, Бұланды аудандық ауруханасына, Аршалы ауданының Жібек жолы ауылындағы, Біржан сал ауданының Макинка ауылындағы, Новомарковка ауылындағы дәрігерлік амбулаторияларға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы сомасы 1797,0 миллион теңгеге 206 медициналық құрал-жабдық, санитарлық автокөліктер сатып алынды. Тұрғындардың денсаулығын жақсарту мақсатында салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы мектептерге, мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне, сонымен қатар, жоғары және орта арнаулы оқу орындарына барып, семинарлар, дөңгелек үстел отырыстарын өткізіп тұрады.
2018 жылдың бірінші тоқсанында облысымыз бойынша бала өлімінің көрсеткіші өткен жылғы есепті мерзімге қарағанда 55 пайызға төмендегенін байқауға болады. Бұл дәрігерлік қызмет көрсету сапасының артқанын ғана емес, сонымен қатар, бірлескен жұмыс нәтижесін, яғни, тұрғындардың өз денсаулықтарын сақтауға деген ықыласының жоғарылағанын да аңғартады. Дені сау ұрпақ тәрбиелеу үшін ата-аналарға сәбидің дүниеге келуін алдын ала жоспарлау керектігін, себебі, бүгінгі таңда бала денсаулығында туа біткен аурулардың пайда болуы оның анасы мен әкесінің денсаулығына тікелей байланысты екенін айтқым келеді.
Әрине, медицинаның дамыған заманында сәби денсаулығында қандай да бір кемістіктің бар-жоғын арнайы скринингтер, биохимиялық зерттеулер арқылы да білуге болады. Алайда, тексеріс кезінде жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін аналар жүктілікті жоспарлап, өз денсаулықтарына, құрсағындағы сәбиінің денсаулығына жауапкершілікпен қараса екен деген тілегім бар. Облыстық дәрігерлік-генетикалық зертхананың мәліметтеріне сүйенсек, үстіміздегі жылы мұнда тексерілген жүкті әйелдердің 75 пайызының 8,7 пайызында хромосомдық патологияның бары анықталған. Ал, ультра-дыбыстық зерттеуден өткен 5669 жүкті әйелдің 33-інің құрсағындағы нәрестесінде туа біткен аурулар бары белгілі болды. 12 әйелдің жүктілігі уақытында тоқтатылды.
Биылғы жылдың алғашқы үш айында 3034 әйел жүктілік бойынша есепке алынды. Осы орайда, емдеу мекемесінде уақытында есепке тұрудың маңыздылығы зор екенін айта кетсем деймін. Өкінішке орай, кейбір әйелдер есепке тұруды маңызды деп санамай, осылайша өзіне және нәрестесінің өміріне қауіп төндіретін жағдайлар да кездеседі. Жүкті әйелдердің дер кезінде дәрігерге қаралып тұруы көптеген қиындықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. «Алдын ала емделгеннің есесі кетпес», – дейді дана халқымыз. Ендеше, еліміздің байлығы – оның халқының саулығында екенін ұмытпайық.

Татьяна БИШОРАЕВА,
Ақмола облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *