Қазақтан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Дональд Трампқа Америка Құрама Штаттарының 45-ші Президенті болып сайлануына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Д.Трампты құттықтап, биыл елдеріміз арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 25 жыл толатынын атап өтті.
«Сіздің басшылығыңызбен Америка Құрама Штаттары дүние жүзінде тұрақтылықты, қауіпсіздікті сақтау және өсіп-өркендеу жолында тірек болып қала беретініне сенімдімін», – делінген жеделхатта.
Елбасы Қазақстанның 2017-2018 жылдарда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болуы әріптестігіміздің маңызды кезеңіне айналатынына сенім білдірді.
«Біз кеңес жұмысына елеулі үлес қосып, АҚШ-пен барлық өзекті мәселелер бойынша өзара тиімді іс-қимыл жасауға әзірміз», – делінген жеделхатта.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Дональд Трампқа табыс тілеп, оны Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында осы елдің Президенті Пак Кын Хемен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Мемлекеттер көшбасшылары екіжақты өзара іс-қимылдың, соның ішінде сауда-экономика, қаржы-инвестиция, көлік-коммуникация, ғылым, техника салаларындағы ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ, тараптар күн тәртібіндегі халықаралық және өңірлік өзекті жайттар, атап айтқанда, ядролық қарусыздану мен таратпау, киберқылмыс қатерінен төніп отырған жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев пен Пак Кын Хе келіссөз аясында Оңтүстік Корея Президентінің Астанаға 2014 жылғы маусымдағы мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын қарастырды.
Екіжақты байланыстарды одан әрі дамыту мен өзара тауар айналымын жандандыру перспективалары айқындалды. Екі елдің басшылары Қазақстан мен Кореяның стратегиялық серіктестігін жаңа сапалы деңгейге көтеру бағытындағы жұмысты жалғастыруға уағдаласты.
Келіссөз барысында Корея тарапы Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі болып сайлануына байланыс-ты Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруға қарсы бастамаларының жүзеге асырылуының қарқын ала түсетініне сенім білдірді.

Елбасы Корея Республикасына мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша отандық БАҚ өкілдері үшін баспасөз брифингін өткізді.

Қазақстан Президенті Оңтүстік Корея көшбасшысымен келіссөздің жемісті өткенін және іскер топтар өкілдерімен кездескенін айтты.
– Олар Қазақстанға зор қызығушылық танытып, біздің делегациямызға айрықша ықылас білдірді. Сондай-ақ тиісті құжаттарға, Корея үшін Қазақстанның Орталық Азиядағы стратегиялық мәнін айқындайтын бірлескен мәлімдемеге қол қойылды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті екіжақты ынтымақтастықтың сауда-экономикалық маңызын атап өтіп, корей бизнесінің Қазақстан экономикасына 10 миллиард долларға жуық қаражат салғанына және жаңа инвестициялар тарту жөніндегі жұмыстардың жалғасып келе жатқанына назар аударды.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан өнеркәсібінің өңдеу секторының дамып, экономиканың әртараптандырылып жатқан кезеңінде Оңтүстік Кореямен өзара іс-қимылды жандандырудың ерекше мәні бар екенін айтты.
– Бұл сапар индустриялық-технологиялық даму тиімділігін көрсететін маңызды елмен ынтымақтастығымызды тағы бір рет пысықтау үшін қажет болды, – деді Қазақстан Президенті.
Соңында Мемлекет басшысы өзге елдермен өзара байланыстарды жетілдірудің мақсаты ең алдымен отандық экономика үшін жаңа мүмкіндіктерді іздестіру екеніне назар аударды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар