Қазақ тілін 50 жастан асқанда меңгеріп, тіл үйренетін тамаша кітап жазған

Қанат Тасыбековтің өнегесі мемлекеттік тілді қиынсынып, білгісі келмейтіндердің  сылтауына нақты жауап

Бүгінгі күні тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр толса да, мемлекеттік тілдің дамымай тұрғандығы өзін қазақпын дейтін әрбір азаматтың көкейін тескен мәселе екендігін айтып жату артық болар. Шынында да, құлдық санадан арылу әлі күнге мүмкін болмай тұр. Іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіре бастаған сияқты едік, оның өзі «нұсқауды орындау керек» дегендей, «бастық айтса, біз көнеміздің» деңгейінде қалды. Ал, енді осыған кейінгі уақытта оқулықтардың сапасының төмендігі, Ұлттық бірыңғай тестілеудегі берілген қазақ тіліндегі тапсырма сұрақтарының оқушыны  айтпағанның өзінде, мұғалімдерге де түсініксіз болып келетіндігін қоссақ, мемлекеттік тіліміздің әзірге «көркейе қоймағандығын» көреміз. Көшелердегі жарнамалардың қазақша аудармаларын көрсеңіз, тіпті түңілерлік күйге түсесің. Оның есесіне, ақшасы барлар ешкім оқымайтын, не мазмұн, не мағына жоқ кітаптарды бірінен соң бірін қаптатып шығарып жатыр. Бұларды жазушы емес, «атын шығару үшін шығарған кітаптың авторлары» десе жарасатын болар…
Міне, осындай жағдайлар әсер еткен болуы керек, бас редактордан Астанадағы Ұлттық кітапханада Қанат Тасыбековтің кітабының тұсаукесері болады, соған қатысыңыз деген тапсырма берілгенде «тағы бір мылжыңның шимайымен танысатын болдым-ау» деп іштей қынжылғаным рас.  Барған бетте сөреде жатқан автордың «Ситуативный казахский» деген туындысын қолға алып, «алғысөзін кім жазды екен» деген оймен алғашқы беттерін ашсам, ұлты неміс болғанмен, қазаққа Гераға болған, салиқалы ой айтатын, қазақтың қайғысын көбімізден артық білетін, қазыналы қариялардың соңы – Герольд Белгер жазған екен…
…Шыны керек, мен де кейінгі уақытта әр нәрсені сылтау қылып, кітап оқуды азайтқан «кежегесі кейін тартып» тұруға бейімдердің бірімін. Ал мына
кітап… Мұның енді жөні бөлек екен…
Біріншіден, кітап орыстілді оқырманға арналған. Басты мақсаты – өзге тіл өкілдерін қазақтың кәдімгі ауызекі тіліне үйрету. Автор бұл тұрғыда осы уақытқа дейін атақтарынан «ат үркетін», қаптаған сыйлықтардың лауреаттарының, атақты ғалымдардың да, тәжірибелі ұстаздардың  да, журналистердің де «үш ұйықтаса ойларына» келмеген тәсілді пайдаланған. Жеңіл де, қарапайым тілмен қазақтың тарихындағы ерекшеліктерді, фольклорлық түсініктер мен тілге байланысты ұлттық ділімізді баяндай отырып, оның  тікелей аудармасы мен мағынасынан толық мағлұмат беретін орысша баламасын мысалға келтіріп отырған. Сондай-ақ, адам өмірінде кездесетін үйлену тойы, қайтыс болған адамды жерлеу, ұлттық мерекелер сынды жағдайларда салт-дәстүр қалай сақталады, өзіңді қалай ұстау керек, кім не айтады деген мәселелердің бәрі қамтылып, оның бәрі екі тілде жетік көрсетілген.
Шындығында, бұл кітапты қазақ тілі мен ділінің шағын энциклопедиясы деуге негіз бар. Автор қазақтың сөз маржандарын көрсете отырып, оларды орыстілділердің тез ұғынуы үшін әркім ауызекі әңгімеде қолданатын қарапайым тілмен жеткізе білген.
Кітаптың бірінші томы «Тек», «Үй-іші», «Туған-туысқан», «Мінез», «Мұра», «Көзқарас», «Жөн білу» және басқа да барлығы он төрт тарауға бөлініп, қазақтың салт-дәстүріне, өзіндік ерекшеліктеріне ден қоя отырып, оның бәрі екі тілде айшықталған. Қазақтың тапқыр сөздерін де, мақал-мәтелдерін де осыдан табасыз.
 Әрине, осымен үшінші томы жарық көрген Қанат Тасыбековтің бұл туындысын толық талдап шығу қажет емес шығар, ондай мақсат та жоқ. Дегенмен, бір нәрсе айқын. Ол – Қанат Тасыбековтің бұл кітабының құндылығының дау тудырмайтындығы. Мен мұны тіпті, ғылыми еңбек деп бағалар едім. Сондықтан да, аталмыш кітаптарды (әзірге үш томы жарық көрді) жоғары оқу орындары оқулық түрінде пайдаланса, жақсы-ақ болар еді. Әрине, бұл арада «біз тұрғанда бұған не жоқ» деп, жоғары оқу орындары оқытушылары мен кейбір ғалымдар шамдануы мүмкін. Бірақ, мемлекеттік тілімізді өз деңгейіне көтеру үшін атақ-даңқына, лауазымына, «елу жылдық тәжірибесіне» емес, жазғанына, тіліміздің өзгелерге үйретудегі соны да тың тәсілдеріне қарауымыз керек.  Тәуелсіздік алғаннан бергі 25 жылда бір ұрпақ өсіп шықты. Орта мектепті бітірген орыстілділердің ғалымдарымыз жазған кітаптар арқылы дәріс алғанда қазақша сайрап кеткендігі шамалы. Тіпті, кейбір бауырларымыз әлі де үйрене алмай жүр. Сондықтан да, Қанат Тасыбековтің «Ситуационный казахский» атты кітабын барлық мектептер, жоғары оқу орындарына таратуы қажет. Яғни, бұл кітапқа мемлекеттік тапсырыс берсе артық болмас еді.
 Осы арада тағы бір назар аударарлық жайды айта кетсек, артық болмас. Ол – Қанат Тасыбековтің өзінің ана тілі – қазақ тілін тек 50 жастан асқанда ғана меңгергендігі. Оған дейін, біраз бауырларымыз айтатындай, «орысша ортада өскен». Міне, сол азамат ештеңені сылтау қылмай, ана тілін егде тартқанда ғана үйренген. Үйреніп қана қоймай, енді орыстілділерді қазақ тіліне үйрету мақсатында құнды дүние жазып отыр. Бұл енді, осы
уақытқа дейін өз тілінде дұрыс сөйлей алмайтын бауырларымыздың сылтауларына жауап.

Талғат Қасен.

Астана қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар