Қазақ тойда жүр…

Жүргенінен тұрғаны көп көнетоз, көксау көліктің проблемасы менікі. Жүріп-тұрса, майы, суы құйылып тұрса, рөлі ұлдыкі. Қырық жыл темекі тартқан өзім сияқты күрк-күрк жөтелетін көксау көлік түнеукүні төбесінен ұрған танадай төрт табандап тұрып қалғаны. Моторының бір тетігі істен шығыпты.

Тәлтіректеп тағы да бізге қызмет ету үшін ауыстырған ләзім. Көлік сайманын сататын дүкендерді сүзіп шықтық. Арзанын іздейміз. Дүниені дүр сілкіндірген доллардың қымбаттауы сайман алушылардың да сағын сындырып тұр. Дүкендегілер «біз қосалқы бөлшектерді доллармен сатып аламыз, сайман содан соң қымбат» дейді. Бір дүкенде екі иығына екі кісі мінгендей жирен сақал Петька екі тетікті қатар ұсынды.
– Мына біреуі қытайдікі, 17 мың теңге тұрады. Ал, мынау да сол қытайдан, бірақ, бұл зауыттан шыққан. Сапасы жақсы, бағасы 26 мың теңге, – дейді менің көнетоз, көксау машинамның жүріп кетуіне тілектес Петька, – қайта-қайта ауыстырып әуре болғанша қымбатын алған жөн ғой.
Әлгі тетіктің екеуі бірдей. Екі жылда бір-ақ рет қоздайтын апам үйіндегі боз қойдың егіз қозысы тәрізді.
Құдай тілеуіңді бергір Петьканың сутегін ақылын тыңдап, қымбатын алдық. Өйткені, ауыстырудың өзі тетіктің құнынан қымбат. Енді ас ішуге жарағанмен, сайман ауыстыруға жарамайтын қолымызды қалтамызға салып, техникалық қызмет көрсететін станция іздедік. Таптық. Мұның ішінде де толған Петьканың қандастары екен. Шаруа тәмам болған соң әбден тозып, жылтырап қалған дөңгелектерді де ауыстырып алмақшымыз. Қыс болса қылышын сүйретіп келе жатыр. Жылтыр дөңгелекпен тайғанақтап жүре алмайсың. Дөңгелек сатып тұрғандар да солтүстіктегі самсаған қарағайдай сол ұлттың өкілдері екен. Енді қалғаны оңай. Алған дөңгелекті ауыстырып алу ғана. Бардық. Әп-сәттің ішінде әр дөңгелекті бір жарым мың теңгеден Сашка мен Колька көзді ашып-жұмғанша ауыстырып берді. Біздің жыртық қалтаның түбінде қалған алты мың теңге Сашканың бүтін қалтасына ауысты.
Үйге қайттық. Орталық көшенің бойында төбесіне көз салсаң, төбеңдегі қалпағың көгершіннің қанатындай қалықтап жерге түсетін бірнеше мейрамхана бар. Әуелі біреуінің жанынан өттік. Жұмыс күні болса да той өтіп жатыр екен. Есігінің алды иін тірескен қазақ. Әдемі ақ костюм киген, жарқыраған галстук байлаған қозықарын біреу әңгіме айтып тұр екен. Қызық әңгіме шығар, маңайындағылар шыбындаған жылқыдай бастарын шұлғып, үйіріле тыңдап тұр. Келесі мейрамхананың алдында да дәл осындай көрініс. Үшінші, төртіншісі де сол.
Дүниені дағдарыс ұйқы-тұйқы қылып тұр дейсіз сіз, ал, біздің қазақ құдайға шүкір, тойда жүр…
Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар