Қазақ ғылымын әлемге танытқан

Математика ғылымы саласында көптеген жаңалықтар ашып, ғылыми мақалалары шет елдік танымал журналдарда жарияланып жүрген физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Мұхтарбай Өтелбаев еліміздің атын әлемге танытып жүрген айтулы тұлға.

Мен ол кісі туралы алғаш рет бастауыш сыныпта оқып жүргенде естіген едім. Үйде еден жуып жүріп, радиодан әйел журналистің бір адаммен жүргізген сұхбатын тыңдадым. Бірақ, оған онша мән берген жоқпын. Бір кезде сұхбат бітіп, журналист әңгімелескен адамның ғалым Мұхтарбай Өтелбаев екендігін айтты. Сол кезде өзіммен фамилиялас ғалым туралы сұхбатты неге дұрыс тыңдамадым екен деп өкінгендей болған едім.
Тағдырдың жазуымен мектеп бітірген соң Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің математика факультетіне оқуға түстім. Шынымды айтсам, математика мамандығы маған оншалықты ұнай қойған жоқ. Үшінші курста оқып жүргенімде бір оқытушы менен «Профессор Өтелбаевтың туысы емессің бе?» деп сұрады. Осыдан кейін интернет арқылы өзіммен фамилиялас ғалым туралы ақпараттарды іздестірдім. Ол жайында жазылған жайлар шынымды айтсам, мені қатты таңырқатты.
Оның ашқан бір ғана «мыңжылдықтың проблемасы» аталып жүрген «Навье Стокс» теңеуінің өзі тарихта атын алтын жазумен жазып қалдыруға лайықты еді. Талай математиктер бастарын қатырып, таба алмай жүрген теңеуді тапқан ғалым ағамыздың онан басқа да жаңалықтары аз емес. Ағылшын, неміс, басқа да тілдерде шығатын ғылыми журналдарда талай мақалалары жарияланған. Мен бүгінде мектепте математика пәнінен сабақ беремін. Тұрмысқа шығуыма байланысты фамилиям да өзгерді. Дегенмен, қазақ халқының талантты ұлы Мұхтарбай Өтелбаев сияқты ғалымымыз бар екенін әрдайым шәкірттеріме мақтанышпен айтып жүремін. Бәлкім, осы оқушылардың арасынан да халқымызды әлемге танытатын атақты ғалымдар шығып қалар, кім білсін.

Айсұлу БІЛӘЛОВА,
Донской орта мектебінің мұғалімі.

Еңбекшілдер ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар