Азаматтық некенің зардаптары бар

Бұл ғаламда жұпсыз ешнәрсе жоқ. Алла тағаланың бар тіршілік иелерін жұбымен жаратқанын білеміз. Олай болса, адам баласы да сыңарсыз емес, оның да жұп қосағы бар. Адам ата мен Хауа анадан тараған адам баласының өз жұбын тауып, ерлі-зайыпты болып, некелесуі табиғи заңдылық. Бірақ, бүгінгі таңда азаматтық неке деген шығып, ертеден санамызға сіңген ақ неке ұғымына қара дақ түсіруде.

Енді осы келелі тақырып жөнінде ой қозғап көрелікші. Алдымен, азаматтық неке ұғымы қашан пайда болды? – деген сауалға жауап іздеп, оның қыр-сырына ой жүгіртер болсақ, тарихқа жүгінбей өте алмаймыз. Кейбір зерттеушілер бұл термин алғаш осыдан төрт ғасыр бұрын батыс елдерінде пайда болғанын айтады. Әсіресе, Ұлыбритания, Германия, Франция және тағы басқа мемлекеттерде бұл дәстүр барынша белең алады.
«Жаман ауру жұққыш келеді» дегендей, Батыстан бастау алған бұл жаман дәстүр жыл өткен сайын әлемнің барлық елдеріне тарап, адамдардың санасын улап жатыр. Кейбіреулер өздерін: «Азаматтық некедеміз» деп мақтанышпен айтатын дәрежеге жетті. Сонда бұл шынымен осы пайым сөзге лайық па?
Асыл дінімізде адамдар неке қидырып, үйленіп, отбасын құрғанды қалайды. Алланың елшісі де (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде некеге отырып барып, перзентті болып көбею шынайы мұсылмандықтың белгісі екенін айтады. Қазақ әу баста некенің қадір-қасиетін ұғынған, түсінген халық. Себебі, «ақ неке», «адал жар» сөздері қашанда қастерлі ұғым болып саналған. Тегіне қарап, қызын алатын дәстүрдің арқау өзегі де – шаңырақ құру, ұрпақ жалғастыру ұғымымен астасады.
Атақты Келдібек бидің өзі батыр, өзі шешен болса да, дене мүшесінде кемістігі бар қызға үйленуі, одан қазақты аузына қаратқан Қаз дауысты Қазыбектің тууы кездейсоқтық болмаса керек. Елін ойлаған, ұрпағының қамын жеген бабалар жолы әрқашан ұлағатқа толы екенін көреміз.
Иә, енді өз азаттығымызды алдық, тәуелсіз елміз. Кешегі кеңестің атейстік заманы да артта қалды. Иншалла, иман ұйып, ізгілік атаулы өмірімізге етене еніп, өз қолымыз өз аузымызға жеткен кезде ел-жұртының қамын ойлайтын ұрпақ тәрбиелеу келелі мәселенің біріне айналып отыр. Салиқалы ұрпақ тәрбиелеу үшін отбасының жарасымы да өз арнасын бабалар тағылымынан алуы тиіс. Ал, жаңағы азаматтық неке деп Алланың ақ жолына да, халқымыздың асыл дәстүріне де жат әдетке бой ұрған жастар елдің ертеңі бола ала ма?!
Әрине, шариғат жолымен шаңырақ көтеріп жатқан жастар да көп. Бірақ, қыз баласын некеге отырғызбай жатып, асығыстықпен болашақ жаңа шаңырағына шығарып салып, үйлену тойларын кешіктіріп жасап жататын үрдіс те көбейіп бара жатқаны шындық. Некесі қиылмай ұзатылған қыз баласына ата-анасының жаны ауырмағаны ма, сонда. Иә, кешегі кеңестік атейстік заманында бұл күнделікті көрініске айналғаны рас. Қыз баланы алып қашып, некеге отырмай-ақ отбасын құрып жататындар болды. Қарап отырсақ, осының бәрі надандықтың белгісі ме деп қаласың. Ал, енді асыл дініміз ортамызға оралды. Иманды елге айналдық. Бірақ, әлі де болса, ескіліктің сарқыншағы күн сайын алдымызды орап, кесе-көлденең кезігеді.
Жалпы, азаматтық неке дінге ғана емес, мемлекеттік ресми неке заңына да қайшы. Ондай жұптасуларда тұратындар еш жерде ресми тіркелмейді, тек ауызша екеуара келісіммен өмір сүреді. Некесіз балалардың көбеюінің астарында да осы жайлар жатыр. Бұған еліміздің неке туралы заңнамаларында да бұл жайлы ештеңенің айтылмауы да себеп болып отырған сияқты.
Психолог мамандардың айтуынша, азаматтық некедегілердің бір-біріне деген жауапкершілігі болмайды екен. Мысалы, әйелі заңсыз күйеуінен көп үміт күте қоймайды, ер адам да мұндай некеге жеңіл-желпі қарайды. Сосын бір жағдай бола қалса, оп-оңай ажырасып жатады. Екеуара дүниеге келген балаға да жауапкершілікті алдыңғы орынға қоймайды.
Ата-ананың мейірімі болмағасын бала тасбауыр болып өседі. Ондай адамның өн бойында елдік, Отанға деген сүйіспеншілік сезім қалыптасады дегенге сену қиын. Қазіргі балалар үйінің көбейіп, ата-ананың қамқорын көрмеген сәбилердің көше кезіп жүргенінің бірі сыры да осында жатса керек.
Ислам діні талабымен алсаң, азаматтық неке дегеннің зинақорлықтан еш айырмасы жоқ. Некесіз жұп құрып, өмір сүрудің арты жақсылыққа ұрындырмайды. Ал, дінімізде мұндай адамдарға ауыр күнә бар екенін біреу білер, біреу білмес.
–Мұсылман үшін ақ некенің орны ерекше. Шариғатта да отбасын құру абзал іске жатады. Себебі, бұл бүкіл қоғамның салауатты болуының алғы шарты іспеттес. Ата-ананың рөлі өз балаларына ізгі тәрбие беру. Ал, азаматтық некенің шариғи талаптарға сыйыспайтынын айтып жатудың өзі артық. Ол неке емес, ер адам мен әйелдің арсыз жолды таңдауы болып табылады.
Бұл қазақы дәстүрге де қайшы келеді. «Мұндай жолды насихаттау жастарды арсыз қылыққа итермелеп, үй болмай жатып, ажырасулардың көбеюіне әкеліп соғады», – дейді Науан хазірет мешітінің бас имамы Қуаныш Сәбит.
Шынында, біз осы азаттықты қанша ғасыр күттік. Ал, енді дербес ел болған кезде жас ұрпағымыздың ата жолынан адасып, шариғатты да аттап өтіп, қайдағы батыстың арсыздыққа толы өмір сүру көрінісіне ден қоюы ойлантады. Осының бәрі отбасындағы және қоғамымыздағы тәлім-тәрбиенің кемшін түсуінен туындап жатыр.
Кей деректерге жүгінсең, азаматтық некедегілердің басым бөлігінің жұптары жараспайды екен. Мұнымен біз қазақтың демографиялық жағдайын жақсарта аламыз ба?! Аз ұлтпыз, ұлан-ғайыр жерді жауға таптатпас үшін қазақтың санын көбейту керек деген саясат ұстансақ та, дүниеге келіп жатқан ұрпағымыздың тілін білмейтін дүбәрә, салтын сақтамайтын мәңгүрт болғанынан бізге қандай пайда бар. Санымызды көбейтсек те, сапалық көрсеткіштің де жақсарғаны жөн емес пе. Сондықтан, арсыз еркек пен әйелдің азаматтық некесінен туған бала елінің қамын жейтініне сену қиын.
Сонда «ақ неке» деген ата-бабаларымыздан келе жатқан қасиетті дәстүріміз аяқтың астында тапталып, иманнан алшақтаған азаматтық некедегілерді кім түзу жолға салар екен. Осы жайлы не айтар едіңіздер, ағайын!

Бақыт СМАҒҰЛ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *