Ажал құбыжығына айналған

Семей полигонының жабылғанына 25 жыл

 

Биыл еліміз тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өткелі отыр. Осы кезең ішінде көп өзгерістер болып, Қазақстан әлем қауымдастығы арасынан өзінің лайықты орнын алды.

Тәуелсіздігіміздің арқасында қол жеткен үлкен жетістіктеріміздің бірі – қырық жыл бойы жерімізді тоздырып, табиғатты улап, адамдардың денсаулығына қатер төндіріп келген Семейдегі ядролық  полигонның жабылуы. Полигонның жабылуына ықпал еткен «Невада-Семей» қозғалысы кеңес заманында құрылып, өз жұмысын бастаған болатын. Осы қозғалыстың ықпалымен «суық соғыс» деп аталатын қару-жарақ бәсекесінде басқалардан озу үшін жанталасқан Кеңес үкіметі халықтың қаһарынан қорыққанынан 1989 жылдан кейін сынақ жарылысын тоқтатқан еді.
Дегенмен, киелі жерімізді, шұрайлы даламызды қырық жыл бойы шұрық-шұрық тескен ядролық жарылыстардың зардабы күні бүгінге дейін жазылатын емес. Қазақ «ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» деп текке айтпаған ғой. Қырық жылғы атом бомбасының жарылыс  алаңына айналған сол өңірдің жері, суы, ауасы уланды. Онкологиялық аурумен ауыратындар саны бұрынғы полигон аймағында өте көп. Ауру болып дүние есігін ашатын сәбилер де жетерлік. Адамдардың орташа өмір сүру деңгейі де басқа аймақтармен салыстырғанда төмен. Рас, Үкіметіміз Семей полигонының зардабын тартқандарға көмек көрсету жөнінде арнайы заң қабылдап, бұл бағытта біраз жұмыстар жүргізілді. Десек те, қырық жыл бойы жасалған ядролық жарылыстың зардабын жою үшін көп уақыт және қаржы қажет болатындығы түсінікті.
Қолдағы бар деректерге жүгінетін болсақ, алғаш рет Семей полигонында 1949 жылдың 29 тамызында қуаты 20 килотондық атом бомбасын жарып, сынақтан өткізген. Бұл Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына тасталған атом бомбасының қуатынан бірнеше есе асып түседі. Жарылыс ашық жерде өткізілгендіктен, 900 мыңдай адам 100-250 рентген мөлшерінде радиация алған. Одан кейінгі қуатты жарылыс-тарда полигон аймағында тұратын 2 миллионға жуық халық 300-350-400 рентген мөлшерінде радиация сәулелеріне шалдыққан. Радиация сәулесін алған адамдардың көпшілігі өмірден ерте өтсе, тірі қалғандары мүгедек атанды. Қырық жыл ішінде бес жүзге жуық ядролық жарылыстар жердің астында, үстінде және ауада сыналыпты. Бүгінгі ұрпақ міне, соның зардабын тартуда.
Семей қаласынан 130 шақырым жерде салынған сынақ алаңына Абыралы, Абай, Қу, Қарқаралы аудандарының жері шектеседі. Әсіресе, Үшқара, Едірей, Мыршық, Дегелең, Қу, Қарқаралы таулары ядролық жарылыстар жүргізілген қауіпті аймаққа  тым жақын жатыр. Сол жердің тумасы болғандықтан, бала да болсақ, шет жағасын көріп өстік. Әлі есімде «Таңертеңгі сағат 9.00-де жер сілкінісі болады. Үйде отырмаңдар, сыртта жүріңдер. Құлайтын заттарды еденге қойыңдар. Тамақтың бетін жабыңдар» деп хабарлайтын. Ол уақытта 1-2-ші сыныпта оқып жүрген бүлдіршіндерміз. Есіктің алдындағы аулада асық ойнап жүргенде, гүрілдеген дауыс естіліп, маңайдың бәрі дірілдеп, жер қозғалғандай болады. Санау-
лы секундтардан соң, сап тиылады. Сәби жүрек бірдемені сезе ме, іштей қайран қалатынмын, бұлар жердің сілкінетінін қайдан біледі деп. Сөйтсек, іргемізде бомбаны жарып жатыпты. Аңқау халық соны сезбеген. Себебі, мұның бәрі аса құпия түрде іске асырылып отырған.
Қу, Қарқаралы өңірі ұсақ шоқылы таулы, кейбір жерлері жазық болып келеді. Байыптап қарасаң, ешқандай әскери базалар көрінбейді. Полигонды жақын маңда деп ұзын құлақтан естиміз.  Әскери базалар, техникалар, ұшақтар жердің астына орналасқандықтан, біз білмейді екенбіз. Ойламаған жерден сап түзеп, үстінде солдаттары бар әскери көліктер ауылдың үстімен өткенде  қызықтап қарап тұратынбыз. Біз үшін олар аспаннан түскендей әсер береді. Алғаш атом бомбасын жарғанда, саңырауқұлақ сияқты әдемі болып көрініп, соған тамашалап қараушы едік. Оның бомба екенін қайдан білейік.
«Бір күні таңертең тұрып далаға шықсам, ауылдың маңы қаптаған халық. Аңыраған әйел, жылаған бала. Маңайдың бәрі у-шу. Бұлар қайдан келді? Сұрастырсам, сынақ жасалатын болғандықтан, бір түнде Абыралы ауданының халқын көшіріп әкеліпті» – деп әкем марқұм көргендерін есіне алушы еді.
Ең соңғы ядролық жарылыс 1989 жылдың 19 қазаны күні жасалды. Содан бері Семей полигоны құдайға шүкір, үнсіз.  1991 жылы 29 тамызда Елбасы Н.Назарбаев «Семей ядролық полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойып, адам өміріне көрінбейтін ажал қатерін төндірген құбыжықты мүлдем тоқтатты. Осылайша тәуелсіз Қазақстан ядролық полигонды жауып, ядролық қарудан бас тартып, әлем елдерін бейбіт өмір сүруге үндеді. Өкініштісі сол, Қазақстанның бұл ізгі бастамасына үн қосып, ядролық қарудан бас тартқан ел болмады. Елбасымыз Н.Назарбаев әртүрлі халықаралық үлкен жиындарда ядролық қару қаупін айтып, қарусыздануға шақырудай шақырып келеді.  Өз аумағындағы полигонды жауып, ядролық қарудан бас тартқан, сөйтіп бейбітшіліксүйгіштік саясат ұстанған елімізде қазір адам денсаулығы мен өміріне қатерлі сынақтар жасалмайды және әлемнің әр түкпірінде көрініс беріп қоятын соғыс өртінен де аманбыз. Халықтың басты тілегі де – осындай бейбітшілікте өмір сүру. Бірақ та, радиация зардаптарын жеңуге әлі көп жылдар қажет. Жерде жайқалып өсіп тұрған өсімдіктер де радиацияның сәулелеріне ұшырады. Оларды бұрынғы табиғи қалпына келтіруде уақыттың өзі емші болмақ.
          Темірбек ҚАСЫМЖАНОВ.
Атбасар қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар