Ажы ауылына жол қиылысы қажет

Өткен жылдың желтоқсан айында облыс әкімі С.В.Кулагин Ереймен өңіріне жұмыс сапарымен келді. Үмбетей жырау атындағы мәдениет үйінде өткен жиналыста әлеуметтік-экономикалық мәселелер талқыланып, соңында жиылған қауымның талап-тілектеріне ауызша жауаптар берілді.

Сол жолы сауал қоюшылардың бірі ретінде, өзім қозғаған тақырыпты кеңірек қамту үшін қолыма қалам алып отырмын. Бұл – бұған дейін де әкімдерге айтылып, тиісті орындарға жазылған жол қатынасы мәселесі. Анығырақ айтқанда, құрылысы аяқталуға жақын қалған Астана-Өскемен бағытындағы автомагистральді тас жолдан Ажы ауылына қатынау үшін жол қиылысын салу.
Бәрін ретімен баяндап, әңгіме Ажы ауылы жайында болғандықтан, өткен күннен біраз сөз қозғай кетейік. Ауыл тарихы сонау патша заманынан бастау алады. 1857 жылы болыстық қызметтен босаған соң Торсықбай Қосақұлы Ажы өңірінде қыстау салмаққа ниет етіп, генерал-ма-йор фон Фридрихке бірнеше рет өтініш жазады. Осы өтініштерге жауап ретінде 1859 жылдың 28 сәуірінде «… построить из землебитного кирпича при урочище Ажи 23 дома и вырубить для сего 435 штуку брёвен …» деген бұйрық шығады. Оның толық мәтінімен жерлесіміз Сайлау Байбосынның «Қызылтау – құтты қоныс, киелі мекен» атты тарихи-танымдық кітабынан танысуға болады.
Торсықбай Қосақұлы Баянауылда дуан ашылғанда 17 жыл болыс болған белгілі адам, елге қадірі бөлек кісі болыпты. Сол заманда Жантобық баласы Күлік деген кісімен құдандалы болып, Ажыны сол адамға киітке берген екен. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өз жазбаларында: «Төртуыл баласы Жантөбет. Мұның баласы – Күлік. Ажыны қыстағанына қой жылында 73 жыл болған. Балалары: Ниязбек, Анафия, Сүлеймен, Әубәкір» дейді. Жыл санауымызша, қой жылын 1931 жыл деп есептесек, бұл 1858 жыл. Мұны мұрағаттық құжаттар да растайды. 1897 жылғы адамдар мен мал саны санағы туралы құжаттарда осы жерді қоныстанушылардың ақсақалы Ниязбек Күлікұлы екені, оның тұрғылықты жері «Ажи» деп жазылғаны және бұл жерді 40 жылдан бері мекендейтіні айтылған. Осы дәйекті деректерге сүйенсек, Ажы ауылының құрылғанына алдағы жылдары 160 жыл болады екен.
Ауылдың шежірелі тарихын одан әрі тарқатып жазып, ел зиялыларын ауызға алайық.  Қазақтың бес арысының бірі, Алаш қайраткері, көрнекті жазушы Жүсіпбек Аймауытов осы ауылда ең алғаш мектеп ұйымдастырған адам. Ол кісі өз естелігінде «…қазыналық оқу таба алмай қалған соң, жайлаудағы Өлеңті өзені бойында Қаржас Сүлейменге бала оқытуға жалдандым. 1911 жылы ол ауылда оқытқан екі баланы ертіп, Керекуде 2 кластық русско-киргизская школа ашылған екен, үшеуіміз соған кірдік» деп жазады. Жүсекеңнен сабақ алған Мәжікен Сүлейменов Қазақ АСР-ы Қаржы халкомы төрағасының орынбасары лауазымына дейін көтерілген. Сұлтан Анафин Семей губерниялық сотының мүшесі, Омбы мемлекеттік банкісінің бастығы сияқты қызметтер атқарған.
1959 жылы жазушы Зейін Шашкин Ажы ауылының еңбеккерлері туралы «Темірқазық» повесін жазды. Зекеңнің бұл еңбегінде сол кездегі ауыл адамдарының бірталайының есімдері аталады. 1959-1971 жылдары Қазақ КСР дене шынықтыру және спорт комитетін тұңғыш басқарған Қаркен  Ахметов осы жолдар авторының туған жиені. Сонымен қатар, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі Халел Анафин, журналист, ақын Аллажар Теміржанов, журналист-жазушы, ақын Сайлау Байбосын біздің елдің тумалары. Қазір ақсақал жасындағы академик Еділ Ерғожин, композитор Ақтоты Райымқұлова, Мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаев, Мәжілістің экс-депутаттары Бауыржан Смаилов, Ерғанат Тайжановтың осы Ажы ауылымен жақын  байланысы бар.
Енді негізгі тақырып – жол қиылысына келейік. Ауылымыз облыс орталығы Көкшетау қаласынан 500 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан ауданымыздың қиырындағы елді мекен. Географиялық орналасуы Өлеңті өзенінің оң жағасында, яғни, Павлодар облысының дәл шекарасында. Қазіргі таңда ауылда 400-ге жуық адам тұрады. Арамызда бесіктегі баладан бастап, алды сексенді еңсерген зейнеткерлер, Ауған соғысының ардагері бар. Ауылдың жер бедері төрт түлік мал өсіруге ыңғайлы болғандықтан, ел іші негізінен, мал шаруашылығымен айналысады. «Өзен жағалағанның өзегі талмас» демекші, көктемде суландыру жүйесі арқылы су шабындыққа молынан жайылып, өлең шөп бітік өседі. Табындап мал өсірген шаруа қожалықтары ауданның тапсыратын етінің 53 пайызын беріп отыр.
Астанадан Павлодарға қарай сапарлаған адамдар біледі, бұл бағытта тас жол 205 шақырымда өзеннің үстінде көпір арқылы жалғасады. Көпірден Ажыға тура қатынайтын арақашықтығы он жеті шақырымдық дала жолы бар. Осы дала жолына салынып жатқан Орталық-Шығыс бағытындағы Астана-Өскемен автомагистральды тас жолынан біздің ауылға жол бұрылысы қарастырылмапты. Негізі жобада Ажы және Қойтас ауылдарына қатынау үшін 197-інші шақырымда Қойтас ауылы арқылы өтетін жол айырығы бар екен. Бірақ, көктемде қар еріп, Өлеңті өзені арнасынан асып тасығанда, сол жақ бетіндегі Қойтас ауылы мен оң жағалаудағы Ажы ауылының арасында көпірдің жоқтығынан арақатынас наурыздың басынан мамыр айының соңына дейін үзіліп қалады. Бұл кезде ешқандай көлік тасыған өзеннен өте алмайды. Биыл мұндай жағдай нөсерлеп жауған жаңбырдан соң, 28 шілдеден тамыз айының соңына дейін жалғасты. Осындай кездері ажылықтар сыртқы дүниемен  205 шақырымдағы көпір арқылы байланысады. Боранды-шашынды, қары қалың қысты күндері де ауыл адамдары осы жолмен қатынайды. Өзен жағалай өскен қамыс пен талға қар тоқтап, ық жағындағы дала жолының қары аз болады.
Төрт жыл болды, ауылдағы білім ордасы «бала саны жетпейді» деген желеумен орта мектептен негізгі мектепке  қысқартылды. Көршілес Қойтас ауылында мектеп жабылды. Оқушы балалар өзен тасығанда жаңағы дала жолымен 205 шақырымдағы көпір арқылы тасымалданып, Ажы мектебінде оқиды. Іргесі 1981 жылы қаланған Қойтаста зират та жоқ. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Жайшылықта тып-тыныш ағатын өзен көктемде тасып, дарияға айналғанда қайтыс болған адамыңды Ажыдағы қорымға жеткізу де бір мұң. Жаза берсек, мұндай кері мысалдар жеткілікті. Сондықтан, ауылдан автобандағы көпірге тура қатынайтын дала жолы керек. Ол ажылықтар үшін өмір жолы іспеттес, оны сөзбұйдаға салмай салу қажет.
Облыс әкімі С.В.Кулагин біздің сауалымыздан кейін осы түйткілді мәселені шешуді жауапты адамдарға тапсырды. Олар болса, келер жылы жобалау құжаттарына өзгерістер енгізіп, туындаған мәселені шешеміз деп уәде берді. Дегенмен, ауыл тұрғындарының атынан аудан әкіміне, Мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаев арқылы «Қазақавтожол» ҰК-ына, облыс басшылығына хат жаздық. Алайда, дала жолы өтетін тұста ешқандай жұмыстардың атқарылмауы, былайша айтқанда өлі тыныштық көңілімізді күпті етіп тұр.
Ел іші болған соң әртүрлі көзқарастағы адамдар болатыны рас. Бәзбір ағаларымыз жол қиылысының қажеті жоқ, екі ауылдың арасына көпір салған жөн деп есептейді. Осы арада тағы да өткен күннен сөз қозғауға тура келеді.  Өлеңті өзенінің арғы бетінде Ажымен қатарлас Бозтал
ауылы бар. Бозталдықтар Кеңес үкіметі уақытында көпір салғызып алды. Ал, біздің ауылдың сол кездегі атқамінерлерінің аса  қозғалмауының зардабын бүгін біз тартып отырмыз. Рас, совхоздың күшімен өз бетінше көпір салмақшы болған. Оның нәтижесі белгілі, «Тасөткел» атты өткелдің түбіне жеттік. Көпір салу еріккеннің ермегі емес, ол – стратегиялық нысан, жауапкершілігі аса зор, экономикалық тұрғыдан көп қаржыны талап ететін шаруа.
Мақаламның басында айтылғандай, Ажының 160 жылдық тарихы бар. Есімдері барша Алаш жұртына белгілі бірталай адамдардың ауылымызбен қарым-қатынасы, байланысы барын жаздық. Енді тиісті орындар өркениет дамуының күретамыры – жол екенін ескеріп, автобаннан Ажыға тура қатынайтын  жол қиылысын салу мәселесін оң шешсе екен дейміз.

Жұмабек РАХЫМБЕКҰЛЫ.

Ажы ауылы,
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар