Бәрі өзіңізге байланысты

Ерте тұрған еркектің ырысы артық
Бүгінде адамдардың көбі жасыратыны жоқ, көп ұйықтағанды және қалаған уақытында ұйықтағанды тәуір көреді. Түн ортасына дейін теледидар көріп, сосын ұйқыға жататындар, демалыс күндері 11-12-ге дейін ұйықтайтындар көп. Шындығында, адамға 6 сағат ұйқы жеткілікті дейді қазіргі ғылым. Одан көп болса, басыңыз ауырып, денеңіз ауыр тартып, дел-сал болып жүресіз. Жүйке жүйесінің тынығатын кезі – кешкі сағат 21 мен түнгі 2-нің аралығы екен. Сондықтан, ертерек жатып, ертерек тұруға машықтанған дұрыс болады. Өз басым кешкілік тоғыздан аса жатып, таңертең 4.30-да оянамын. Бұл күнделікті айнымас әдетім. Ұйқым қанып, өзімді біршама сергек сезініп жүремін және жұмысым да өнімді болады.

Өзіңізге көңіл бөліңіз
Адамдардың көбі түн жарымына дейін теледидар көріп, кеш жатады да, таңертең сағат қоңырауымен тұра сала, асығыс-үсігіс жуынып, киініп, таңертеңгі шайларын іше сала жұмысқа асығады. Осыдан ұйқылары қанбай күнұзақ дел-сал болып жүретіні өз алдына, күндері де мақсатсыз, мәнсіз өтеді.
Өзін-өзі жетілдіру курстарының авторлары таңертең міндетті түрде өзіңізге көңіл бөліңіз деп кеңес береді. Өзіңізге көңіл бөлу деген не? Сіз сол күні атқаратын шаруаларыңызды ой елегінен өткізіп, жоспарлап алыңыз. Жалпы, бір күнді ғана емес, аптаны, айды, тіпті, жылдың ішінде атқаратын істеріңізді жоспарлағаныңыз жөн болады.
Бұл арқылы сіз бірінші кезекте назар
аударатын шаруаларды анықтауға, күшіңізді соны атқаруға жұмсауға мүмкіндік аласыз. Ал, бұл өз кезегінде сіздің өмір баспалдағымен ілгерілеуіңізге ықпалын тигізетін болады.

Басым бағыттарға назар аударыңыз
Адамдардың көбі өзі үшін ең басты, маңызды істің не екенін аңғармайды және оған көңіл бөлмейді. Ондайлар әдетте ұсақ-түйекпен айналысып, алтын уақыттарын, күш-қуаттарын сарп қылып жатады.
Маған күнде бір танысым телефон шалады. Ол билайнның шектеусіз сөйлесуге арналған тарифін сатып алыпты. Соны пайдаланып, әйтеуір біреулермен сөйлесіп уақыт өткізеді. Алғашында мен оған жауап беріп жүрдім. Ол асықпай әр нәрсені айтып, ұзақ сөйлеп отырып алады. Онымен сөйлесемін деп көп уақытымды жоғалтамын. Ал, енді осы жігітке сағаттап таныстарымен бос әңгіме айтып отыру не береді? Одан да бітпей жатқан шаруаларын бітіріп,  пайдалы іспен айналыссайшы.

Жағымды ойда болыңыз
Жағымды ойлар адамды өз өмірін өзгертіп, игілікке бастайтын сенімді жолға түсіреді. Бұл туралы бүгінде тарихи тұлғалардың аузынан жиі естіп жатамыз. Десек те, адамдардың көбі  жағымсыз нәрселер туралы ойлауға және айтуға құлықты болып келеді. Теледидарды қосыңызшы, біреу біреуді өлтірді, тонады, зорлады деген сияқты жағымсыз жаңалықтармен құлағыңызды сарсытады.
Жағымды ойлар өмір жолыңызды ашып, жақсылыққа бастайтыны өз алдына, денсаулығыңызды да жақсартып, көңіл-күйіңізді көтереді. Керісінше, жаман ойлар еңсеңізді езіп, жабырқатады және түңілдіріп, стресс, депрессия деп аталатын дерттерге ұрындырады. Сондықтан, әрдайым жағымды ойлармен өмір сүріп, өзіңіздің қол жеткен жетістіктеріңізді еске алып, болашақ биік жоспарларыңыз бен арман-мұраттарыңызға назар
аударып отырыңыз. Бұл сіздің өзіңізге деген сеніміңізді арттырып, биіктерге құлшындырады және көңіл-күйіңізді көтеріп, денсаулығыңызды нығайтады.

Әрдайым күлімсіреп жүріңіз
Өзіңізді жетілдірудің ең сенімді қарапайым тәсілі – әрдайым күлімсіреп жүру. Күлкіден сайтан қашады деген сөз бар. Сіз біреуге амандасқанда, не сөйлескенде күлімсіресеңіз, ол да күлімсіреп жауап қатады. Бұл арақатынасты жылытып қана қоймай, жақсы көңіл-күй сыйлайды. Күлімсіреп жүру сізден оншалықты үлкен күш-қуат  тілемейді. Оған ақша да төлемейсіз. Оның есесіне айналаңыздағы адамдармен қарым-қатынасыңыз жақсарып, көңіл-күйіңіз көтеріңкі болады, өзіңізді жақсы сезінесіз.
Өмір тәжірибесінен алынған өзіңізді жетілдірудің қарапайым бес тәсілі осындай. Оны қабылдап, кәдеңізге жарату, не жаратпау өз еркіңіздегі шаруа.
Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар