Бәсіре

 

Жалы құлағымен бірдей, оң жақ жамбасында бұршақ таңбалары бар құла тай атам берген бәсіре еді. Құлын күнінен қант беріп үйреттім. Таңғы шай үстінде аппақ, дәмді шақпақ қанттың екі-үш түйірін қалтама сала салатынмын. Құла тай өзге жылқылардан бөлек, қайың сырғауылдармен қоршалған бұрышта тұрады. Мен кіріп барғанда қос құлағын қайшылап, алдыңғы аяқтарымен жер тарпып оқыранатын. Көздеріне қарасаң, күліп тұрған тәрізді. Жылқы баласы күлуді біле ме, жоқ па, ол арасын ажырата алмаймын. Әйтеуір, қолымнан қант жеп үйренген құла тай мені көргенде қуанатын тәрізді болушы еді.

 

Атам берген бәсіре. Өзін мен де жақсы көремін. Мал жайлағанда атам жылқының алдына қойдан қалған, сиырдан қалған қырқындыны тастай салады. Кісі бойы ақ қар даланың қолат-қойнауын кептеп толтырып тастаған кезде тісіне тиер бір тал шөп таба алмайтын жылқы жарықтыққа қырқынды да жарайды дейтін шығар. Ал, мен болсам бәсіре тайыма төлдерге деп сақтап қойған жоңышқадан бір қолтық әкеліп тастай саламын. Ерігіп тұрған құла тай иісі бұрқыраған жоңышқаны күтірлетіп, әп-сәтте тауысады. Содан соң басын көтеріп тағы қарайды. Жоңышқа тілеп тұрғаны.
Былтыр жабағы күнінде мінуге үйреткенмін. Ер салмай, жайдақ. Осындай қыстың күні еді. Қораның алдындағы қалың, жұмсақ күртіктің жанына алып келдім де, ауыздығын салып қарғып міндім. Құла жабағы мөңкіген жоқ, тіпті, айдалаға алып қашпады да. Бірер мәрте тулап, тоңқаңдады да қойды. Сәлден соң бас білген. Ауыл ортасындағы құдыққа дейін барып келдім. Күн суықта үйлерінен шықпайтын сыныптастарым көрсе екен деймін. Қырау қатқан терезенің арғы бетінде олар қарап тұр ма, жоқ па белгісіз.
Ішімнен ойлап қоямын. Қар көбесі сөгілген соң тай мінген балалар жарыс өткізеді. Сол кезде құла жабағымды ойнақтатып мен де қосыламын. Қыс бойы жоңышқаға семірген, әрі қант жеген құла жабағы бірінші келуге тиісті. Қысқы ұзақ-ұзақ кештерде атамның күпісін жамылып ұйқылы-ояу жатып қиялға шомыламын. Міне, көктем де келді. Ауыл іргесіндегі жазық қара тақыр. Өзім сияқты қыс бойы тай-жабағысын үйреткен 20-30 бала жарыс жолына шығамыз. Сыныптас қыздар қарап тұрады. Айгүл мен Гүлмара да. Мен бірінші келемін. Жарыс соңын ешқашан аяқтаған емеспін. Қой терісінен тігілген жұмсақ әрі жылы, атамның иісі аңқитын қалың күпіні жамылып жатып ұйықтап қала беремін. Сөйтіп қиялымдағы бәйгенің біреуін де аяқтай алмадым.
Келер жылы атам құла тайды соғымға соймақшы болды. Ол кезде ауылдағы адамдар жылқыны көп ұстамайтын. Әр үйде бір биеден. Асса екеу. Ал, үш бие ұстаған ешкім жоқ. Шамасы сол кездегі үкімет малды көп ұстауға тыйым салды ғой деймін. Неге көп ұстамаймыз деп атамнан да сұрағам. Үкімет жақтырмайды деген атам сақалын саумалап отырып. Ел малды көп ұстаса, қоғамның жұмысын істемей қояды. Істесе де жандарын салып істемейді. Үйіндегі қора толы малға алаңдайды ғой, сосын әдейі ұстатпайды. Бәлкім солай да болған шығар, біз ұға бермейтін едік.  
– Сойсаң соя бер,–дедім атама өкпелеп,–біз апам екеуіміз аштан өлсек те құла тайдың етін жемейміз.
– Соғымға жұмсайтын басқа тай жоқ қой,–деді атам,– ешбір реті келмей тұр. Келесі жылы анау қарагер жабағыны аласың.
– Керегі жоқ, – дедім мен,– қарагердің де, шабдардың да.
Ақыры атам көңілімді қимады ғой деймін, өзімнің бәсірем құла тайымды соғымға сойған жоқ. Үйдегілерден жасырып қант апарып берген сайын іші сезгендей басын шұлғып-шұлғып қоятын. Рахмет айтқаны.
Құла тай жылдар өте келе дөп-дөкей ат болды. Бірақ, мен құла тайды мініп қиялымдағыдай бәйгеге қатыса алмадым. Ауылдағы мектеп бар-жоғы бастауыш қана болған соң сыртта оқыдық. Құла тай ауылда қалды. Кейін ұмытып та кетіппін.
Өз балаларымыз да дүниеге келді. Бірақ, бұл кезде бәсіреге тай атау ырымы жоқ еді. Тіпті, қазіргі жас толқын бәсіренің не екенін біле қоймауы да мүмкін. Тай орнына тайпалған шетелдік машина мінгізе бастадық. Қандай берік, мықты машина болса да бірер жылдың ішінде сау тамтығы қалмайды. Өз еңбегіне алмаған соң, тиындап теңге жимаған соң қадірін қайдан біледі дейді жұрт. Бәлкім солай да шығар.
Ал, бәсіре деген халқымыздың ғажап салты. Шаңырағын шаттыққа бөлеп мынау жарық дүниеге ұл келгенде дәл сол мезетте төлдеген құлынды бәсіре етіп атайды екен. Ілкідегі ұғым бойынша нәрестенің болашағы да бәсіре құлыншақпен тығыз байланысты. Арыдағы қазақ менің соғым сойғыш атам құсап бәсірені соймаған, сатпаған.
Бәсіре тайдың тұқымын да сұрыптап, електен өткізген екен. Жүйрігін, әйтпесе жорғасын. Желмен жарысқан жүйрік мінген, үстіне мінген адамның қолындағы тостағаннан су төгілмейтін, төрт аяғын тең басқан жорға мінген баланың да малға деген мейірі сәби кезінен қалыптасып, арта түседі екен. Ықылас-пейілі де түзу болмақ.
Өзі құралпы балалармен бірге жалтаң қақтырып мініп шықса мәртебесі өспек. Бәлкім бәйге дегенді, өмірдің өзі жарыс екенін осы бастан сүбесіне сіңіретін шығар. Қатарынан қалып қоймай, алдыңғы лектен табылу, алдыңғы лекті айтасыз, оқ бойы озық отыру, тұщы етіне ащы қамшы салдырмау әдеті қалыптасатын шығар. Әрі техниканың түр-түрі қоңыздай жорғалап жүрген бүгінгі заман емес, ат жалында өскен бұла жұрт атты ер қанаты санаса керек. Тойға барса – мақтаныш, жауға мінсе – серігі.
Баланы айтасыз, немере де табалдырықтан аттаған. Ат ұстар. Биыл жаз бәсіреге бір тай сатып алып берейін деп жүрмін. Баяғы өзім аңсаған, бірақ, соңына дейін жете алмаған ұлы бәйгеге қатыссын.   

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар