Баға бақылауда ұсталады

Теңге бағамының өзгеруіне байланыс-ты азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсіруге жол бермеу үшін Көкшетау қаласында да арнайы штаб құрылды.

Қала әкімі Ермек Маржықпаев төрағалық ететін штаб құрамына қалалық мәслихат хатшысы Боранбай Бегалин, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының төрайымы Зәуреш Нұрымова және өзге мемлекеттік органдардың басшылары еніп отыр.
Штабтың алғашқы отырысында қала әкімі Ермек Маржықпаев азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсіруге жол бермеу маңызды екенін атап өтіп, алда тұрған міндеттерді белгіледі.  Штабтың әрбір мүшесіне белгілі бір жұмыс бағыттары бекітілді. Кәсіпкерлік бөлімінің мамандары қаладағы сауда орындарын аралап, тауар бағасы мен теңгенің долларға шаққандағы құнына байланысты сағат сайын мониторинг жүргізіп отырады.
Сондай-ақ, бөлімде тұрғындардан арыз-шағым қабылдайтын Сall-орталығы құрылды. Қала тұрғындары 29-78-89, 29-78-88 телефон нөмірі арқылы сауда орындарындағы азық-түлік бағасына қатысты өздерінің сауалдарын қоя алады.
Кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Сәкен Ұланов әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындарды қолдау және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен қызметтер бағасын негізсіз өсірмеу бағытында қолға алынған шараның арқасында бағаның әзірге қалыпты екенін айтуда.
Сонымен қатар, жаңа қаржы-несие саясатының жергілікті екінші деңгейдегі банктерге қалай ықпал ететіні зерттелуде. Бұл ретте «Халық банкі» АҚ-ы облыстық филиалы директорының орынбасары Рүстем Қайыржанов  жағдайдың тұрақты бақылауда екендігін жеткізді.
Ал, «Гормолзавод» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Әсен Жақсылықов ішкі нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін нығайтып, бұдан бұрын ресейлік рубльдің құлдырауына байланысты жоғалтқан орындарын қайтарып алатынына сеніммен қарауда.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар