Бақытым да, базарым да – отбасым

 Әр адам өзінше бақытты… Иә, бақыт дегенді әркім әрқилы түсінеді. Біреулер үшін бақыт деген айналаңа жиналған сенімді достарың болса, енді біреулерге ол – өзінің сүйікті мамандығы, мансап, байлық болуы мүмкін. Мен үшін бақыт дегенің – тату-тәтті, сыйластығы мен бірлігі  жарасқан берекелі отбасым.  

  Отбасы, жанұя сөздерін күнделікті тұрмыста жиі естіп жатамыз, алайда, оның мән-маңызына жете көңіл бөле бермейміз. Отбасы – әрбір адам үшін ең басты құндылық болуы тиіс. Өйткені, біз осы отбасында ата-ананың махаббаты мен мейірімін, сүйіспеншілігі мен сыйластығын көріп, адамгершілік қасиеттерді бойымызға сіңіреміз. Біздің әрқайсымыздың балалық балғын шағымыз өткен, ер жеткен киелі шаңырағымыз бар. Ол біздің ата-анамыздың мейірім нұры төгілген, әр баласының болашағына сенім артқан қасиетті орда – туған үйіміз. Сондағы күннің сәулесіндей жылу берген мейірім-шапағатпен нұрланып, әрқайсымыз адам болып, жеке тұлға ретінде өсіп-өндік.  Мен – өзімнің келін болып аттаған шаңырағымның шырақшысы, жақындарымды жылы шуаққа бөлеп, нұрымен жылытатын отбасымның отанасы ретінде Губайдуллиндер әулеті туралы сыр шерткім келіп отыр.
Рашид есімді жарымды қашан да өзімнен биік санаймын. Әрбір әйел заты осылай ойлауы тиіс шығар. Ежелде ақылды да данагөй аналарымыз «ерім – менің пірім» деп, қашанда өмірлік серігі болған жолдас-тарын сыйлап өткені тарихтан белгілі. Сондықтан, мен де  оның киелі босағасын аттаған соң, ол туған шаңырақты сыйлап, құрметтеуім қажет. Отағасы ақылды, еңбексүйгіш, ақкөңіл жан, ең бастысы отбасын қадірлей біледі. Мерекелерде Губайдуллиндер әулеті біздің қонақжай шаңырақта ақ дастарханның басына жиналып, бір-біріміздің жетістіктерімізбен, бірліктерімізбен бөлісіп, бір-бірімізге тілекші болып отырамыз. Біздің үлкен әрі тату-тәтті отбасымыздың ұйытқысы, тірегі әрі тілекшісі біздің сүйікті анамыз, балаларымыздың әжесі Манавара Ганеевна. «Менің ең жақсы көретін, сүйікті қайын шешем» дейді біздің кіші күйеу баламыз. Өйткені, анамыз пысық, күш-жігері бойында, ақкөңіл, жомарт жан. Ол таңнан кешке дейін ешкімнен көмек қолын сұрамай өз шаруа-ларын істей береді. Отбасын осылайша берекелі де тату-тәтті бірлікте сақтап келген қайын шешеміздің ізін жалғастырып, оның киелі шаңырағын біз сақтап келеміз. Балаларының басы қосылғанда балаша қуанатын анамыз қазақша, татарша, орысша, башқұртша әндерді бізбен қосыла шырқайды.  
Бала тәрбиелеу ісі отағасы екеуіміздің міндетіміз. Тәрбиелі, саналы бала өсірудің өзі үлкен бақыт. Бар сүйіспеншілігіміз бен мейірімімізді балаларымызға беріп, тиісті тәлім-тәрбие мен білім алуларына бар жағдайды жасап жатырмыз.
Жолдасым, өмірлік серігім депода электровоз машинист болып жұмыс істейді, мен – №7 кәсіптік лицейде өндірістік оқыту шеберімін. Оқудағы балаларымның үй тапсырмасына көмектесіп, жұмысқа барамын, арнайы курстар мен слеттерге қатысып, қоғамдық жұмыстармен айналысамын. Жаз болса бау-бақша, гүлзарлар және үйдегі ағымды жөндеу жұмыстары бар. Кейде жұмыста кешігіп қалатын кездерім болады. Себебі, өзіңді үлгі тұтып, білім алып жүрген оқушыларға қолдау білдіріп, мәселелерін шешуге көмектесу керек. Қазіргі уақытта осының барлығына қалайша үлгергенмін деп ойлаймын. Менің қайын шешем ылғи да маған «бала деген – ақ парақ, оған қандай жазу жазсаң, өмірі сол жазу сияқты болады, сондықтан, балаларға тек қана жақсылықты үйретіп, адамгершілікке баулу керек» деп, ақыл-кеңесін айтып отырады.  
Ұлдарым – Ильшат пен Алмас әкелері сияқты музыка мектебінде баян сыныбында оқып шықты. Кейде отбасылық байқауларға қатысып, өнерлерімізді ортаға салатын күндер де болады. Қазір біздің Қазақстанда азаматтар бірқалыпты өмір сүргісі келмейді. Күнде бір жаңалық, жаңа технологиялар пайда бола бастаған соң, заманға сай өзінің отбасын асырап, балаларына білім беріп, болашақтарын жан-жақты жоспарлайды. Мемлекет халықтың жағдайын жақсарту бойынша қаншама қыруар жұмыстар атқарып жатса да, адам өзі еңбек етіп, өмірінің қожайынына айналмаса, оған ешкім де бақытты, бақуатты отбасын бермейді. Біздің, яғни, ата-аналардың басты мақсатымыз – бар күшімізді салып, балаларымызға сапалы білім алуға жағдай жасау. Білімді және тәрбиелі азамат қана туған елінің  бір кірпішіне айналып, бұл өмірден лайықты орнын ала алады.
Егер сіздің отбасыңыз болса, мейлі басыңызда баспана болсын, не болмасын, мейлі тұрмысыңыз шалқып тұрмай-ақ қойсын, ақша деген екінші орындағы дүниелер, ең басты құндылығыңыз – отбасыңыз бар. Ол сіздің өміріңіздің мәні мен сәні. Өмірдің құйын-дауылдарынан қорғайтын берік қамалымыз. Сондықтан, отбасымызды сақтайық, қорғайық, ондағы ата-бабамыз қалдырып кеткен салт-дәстүрлерімізді ұрпақтан-ұрпаққа үлгі етіп жалғастыра берейік.  
Альфия Губайдуллина.
Есіл ауданы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *