Бақытымыздың кілті өз қолымызда

Биылғы жылдың 16 сәуір күні облысымыздың бетке ұстар ақпарат айнасы «Арқа ажары» газетінен журналист Ырысалды Төлегенқызының «Ой қосуыңызға болады» деген материалын оқып, қолыма қалам алдым. Рас, біз қазақ ұлты өзгеге еліктегіш келеміз. Рухымызды көтеріп, қазақ деген қастерлі атымызды сақтап қалу үшін ата-баба дәстүріне берік бола білу керек шығар деп ойлаймын.

Өскелең ұрпағымыздың бойына ұлттық қасиеттерімізді, ұлттық тәлім-тәрбиені жалықпай сіңіре беру керек. Өз ұлтын ұлықтай білетін, парасатты, жігері мықты, рухани бай елдің ұрпағы болғанға не жетсін. Алдымен ұлтының тарихы, салт-дәстүрлеріне деген сүйіспеншілігі биік болса, ондай ұрпақ ешкімге жалтақтамай, мен қазақпын деп кеудесін тік ұстап, ана тілін құрметтеп жүрер еді, нағыз отансүйгіштік те сол болар еді.
Кешегі қылышынан қан тамған қызыл империяның ыдырағанына, міне, ширек ғасыр өтіпті. Егеменді елміз, өркениетке аяқ бастық дейміз. Ал, ұлттық тәлім-тәрбие ақсап жатыр, ақсамаса жас-тар неге үйленбей жатып, көбі ажырасады? Отбасы, ошақ қасында ыдыс-аяқ неге көп сылдырлайды? Қарттар үйіне түсіп жатқандар кім?..
Осының бәрі ойлануға мәжбүр етеді.  Отбасы – шағын мемлекет. Отаныңды сүю үшін алдымен өз отбасыңды құрметтеп, сүйе білуің керек. Отбасының мән-маңызы, жас ұрпақ тәрбиесіндегі алар орны өте зор. Бірі берекелі, бірі берекесіз отбасындағы балалардың да мінез-құлқы, еңбекке деген ынтасы, адамгершілік қасиеттері көбіне екі түрлі болып шығатыны жасырын емес. Отбасының алтын діңгегі әрине, өмірдің парқын терең түсінетін, ұрпағын ана тіліне, қазақтың бауырмалдығы мен қонақжайлылығына, қайырымдылыққа баулитын ата-әже.
Олар бала үшін – асқар тау, орны ерекше тәлім-тәрбие мектебі. Көпті көрген мейірбан ата-ана балаларын да бір-бірімен егіз қозыдай табыстырып, келіндерін, күйеу балаларын да бауырына тартып, білмегенін үйретіп, білетінін асырып, мәпелеп ұстайды.
 Өкінішке орай, кейінгі кезде біздің халықта ене мен келін, тіпті, кейде ата мен келін арасындағы жарасымды тұрмыс қағидаларына сызат түсе бастады. Бұл бұрыннан да жоқ емес, бар еді, бірақ, қазір заманның қатыгезденіп бара жатқанынан ба, тым кең ауқым алып кетті. Болмашыға бола бір-бірін түсінбеушілік, жас баланы «отырса опақ, тұрса сопақ» қылу, кейде керісінше, келіннің шайпау мінезі екі ортада ер азаматтың да алтын басын сергелдеңге салып, аяғында ажырасу деген соңғы шектен бір-ақ шығаруда. Көп жағдайда балалар келіспейді де тәп-тәуір құда-жекжат болысып, сыйласқан ата-аналар бір-бірінен алшақтауға мәжбүр.
Ұлт болашағы дегенде біз мұның бәрін айтпай тұра алмаймыз. Өйткені, халқымыздың өсуінің, өркендеуінің кепілі көбіне-көп осы отбасылық ынтымақ пен татулықта жатыр. Басқа мемлекеттердің өзі Халықаралық отбасы күнін атап өтуі тегін емес, яғни, отбасының шырқы бұзылмауы барлық елдерге керек. Ол – елдегі әлеуметтік жағдайдың дұрыс болуының да бір төте жолы.
Сондықтан, кейінгі уақытта біздің елімізде, соның ішінде біздің облысымызда да осы айтулы күннің неғұрлым кеңірек аталып өтуіне баса көңіл бөлінуі құптарлық. Меніңше жоғарыда айтқан кеселдермен күресу үшін не істеу керек? Біріншіден, қоғам болып, көп болып, отбасы рөлін арттыруымыз керек. Бұл үшін әсіресе, жаңадан отау тігіп жатқан жастардың өз қолы өз ауыздарына жететіндей, баспана, жұмыс мәселелерін жете шеше түспей болмайды. Сосынғы бір жай,  ғасырдан-ғасырға жалғасумен келе жатқан ұлттық тәлім-тәрбие, яғни, үлкенді сыйлау, кішіге ізетті болу, еңбектен тартынбау, жарға адалдық, балаға қамқорлық мәселелері жастардың құлағына неғұрлым көп сіңірілсе, оның да берері аз емес. Ортамызда біз білетін, білмейтін қаншама көпті көрген ұлағатты жандар, батыр аналар, сирек те қызығарлық тағдыр иелері бар. Немене, шөпшекке дейін жалғасқан әулеттер де табылады. Міне, баспасөз беттерінде, көгілдір экранда осылар туралы көп айтылып, әсерлі кездесулер ұйымдастырылып жатса, нұр үстіне нұр. Ұрпақтар сабақтастығының ұлағатты тұстарын паш ететін мазмұнды шаралар облыста өтіп жататынын БАҚ-тардан құлағымыз шалып қалады. Бұл өте дұрыс. Өткен жылы республика, облыс бойынша «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өте жақсы өтті. Оның аясындағы игі шараларға, біздің Ақмола өңірінен жеңімпаз атанған Мұқашевтардың әулетіне қалай қуандық. Міне, отбасылық құндылықтарымызды осылай үздіксіз насихаттай беруіміз қажет. Сонда бізде де «шағын мемлекет» делінетін әрбір жас отау мен шаңырақтың іргесі нығая түседі. Келіні Зейнеп Ахметованың батыр Баукеңнің шаңырағына қалай құт болып енгені жөніндегі «Шуақты күндер» кітабын да біздің ана тілін білетін әрбір қызымыз оқып шығып, көңіліне тоқыса деймін. Осылай ұмтылып қана еліміздегі әр отбасы өзінің бақытының кілтін таба алады.
Амангелді ЕСТАЙ,
зейнеткер.
Есіл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар