Байсейіт жырау

Айыртау топырағында өнер иелері өте көп. Атағы шыққандары да аз емес. Тек соңында жоқтаушысы болмаған соң есімі ел есінен өшіп бара жатқандары да бар екендігін өкінішпен айтуға тиістіміз. Бұрынғы ұлы жыраулардың артында қалған тұяғы, бәлкім көзіндей болған жақсының бірі – Байсейіт жырау.

Адамзаттың тал бесігі – табиғат. Сол табиғат-ананың он сегіз мың ғаламды жаратқанда жарылқауы да, жартылауы да көрініп, байқалып тұрады. Дүниеде табиғаттан асқан мырза жоқ. Ал, енді қарап тұрсаңыз, бұған керісінше одан асқан тас сараң да жоқ екен. Бір ананың қос емшегін тел еміп өскен бейқуат ұлдың келешек көкжиегі қандай кең болса, табиғат-ана сыйлаған хас өнерге сусындап өскен перзенттің пешенесіне жазылған бақыттың шеті мен шегі тағы жоқ екен-ау. Ал, мұндай бақыт атаулы әркімнің басына, кез-келген адамның маңдайына бұйыра бермейтін несібе.
Байсейіт жыраудың жан дүниесіне үңіліп, бітіміне, жүрек түкпіріне сәуле жүгірткенде оның адамгершілік қасиеттерін былай қойғанда, өнер айдынына желкен түсіріп, жел қайығын салған жырау жайлы толғана қалғанда көп ойлар бір арнаға, оған деген шынайы сүйіспеншілік арнасына тоғысатыны бар. Ел ішінде Байсейітті жай ғана әнші, өлеңші, домбырашы деп жеңілдеу атамайды. Оны көпшілігі Байсейіт жыршы немесе Байсейіт жырау деп орынды атайды.
Байсейіт жыраудың мол мұрасына, әншілік және жыршылық өнеріне, орындаушылық қабілет-қарымына тәнті болғандардың бірімін. Оның ел-жұртынан да, жеке өмірінен де азды-көпті мағлұматым бар.
Орынбай, Шал, Біржан, Тоғжан, Ақан, Сегіз сері, Үкілі Ыбырай мектептерінен тәлім алған Байсейіт жыршылық, әншілік дәстүрді ұлағат еткен Айыртау, Көкшетау мен Қызылжар төңірегіндегі бірегей өнерпаз десек, қателеспейміз. Ол сал-серілер жолын таңдап, жеті өнерді үйренуге талпынған жан. Әншілік пен жыршылық өнер Байсейіттің етімен еніп, сүйегіне сіңгендігін ел ақсақалдары ауыздарының суы құрып айтып отырушы еді.
Халық жадында сақталған ауыз әдебиетінің небір озық үлгілерін кейінгі ұрпаққа жеткізе білген осындай өнерпаздарды қастерлеу, олардың баға жетпес бай мұрасын ұмытпай айта жүріп, кейінгілерге мирас ету бүгінгі ұрпақтың аталар алдындағы биік парызы болса керек. Байсейіт қазақ фольклористикасында өз орны бар адам. Сондықтан да, күміс көмей, жез таңдай жырау Байсейіт мұрасы кімді болса да қатты қызықтырғандай.
Байсейіт Байбосынов 1905 жылы Көкшетау өңіріндегі Айыртау ауданының бұрынғы Мәдениет, қазіргі Қарасай батыр ауылында дүниеге келген. Кеңес өкіметі орнаған кезде осы Мәдениеттің тап іргесіндегі Құлшымбай төбесінің күншығыс жағында әуелгі Мәдениет колхозының іргесі көтеріліпті. Сол Мәдениет 1936 жылы жанындағы Қосағашқа (осы күні Мәдениет елі отырған жер) көшіріледі.
Міне, осы ауыл арғы жағынан тарқатсақ Ноғай-Қарауылға жататын Кегі, Дауыл, Ожан, Боқан, Қарасарт деп аталатын бес атадан шаңырақ құрған ағайындас ел. Бұл төңіректі кейде Кемел-Боқан деп келте қайыра салатындар да бар. Байсейіт жырау осы аталардың Қарасарт бұтағынан.
Ол қарасұр, ашаңдау дөңгелек жүзді, томпақ бет, сиректеу қияқ қара мұрты бар, қысқа да жуантық мойынды, тістері маржандай, етжеңділеу, төртпақ, балуан тұлғалы, орташалау бойлы, жауырынды, өте кішіпейіл, жымиып қана биязы сөйлейтін, баладай аңғал да ойыншыл, сауық-сайранға, той-думанға шақырса тағат таппай баруға іңкәр жан болатын.
Бәйең бала кезінен-ақ домбыраға үйірсек болып өседі. Өлең айтуды әдет қылған орақ тілді, от ауызды шешендердің үлгі-ғибраттық, аталық сөздерін, өсиеттерін қағып алып, қисса-дастандарды жаттап алуға әуес болады. Ауыл молдасынан сауат ашқан ол кешегі кеңес дәуірінде де жаңаша хат танып, газет-журналдарды, кітаптарды көп оқып, ойға алып, толғаған жайларын жазып та отырған. Әсіресе, жыр кітаптарын оқудан, қажеттіліктерін жазып алудан жалықпаған.
Ел іші, бүкіл Мәдениет ауылының үлкендер жағы оны құрметпен «Бәйең» деп атаса, жасы кіші бала-шағалар жағы «Бәйе ағатай» деп ізет көрсете атайды екен.
Сонымен Байсейіт жырау ертеден сол өңірге аты әйгілі болған Нұртаза болыстың ата қонысы Қарағайлы көлдің, Бекен-Төкен жайлауларының суын сулап, жерін емген берекелі өлкенің қадірлі перзенті болды. Ол Қосағаштың бауырындағы жасыл шалғында аунап-қунап өскен, халық қазынасынан рухани нәр алған, туған өлкесін жырлап, елін әнге, жұртын жырға ұйытып есейген, елдің той-томалақтарында әсем де сазды әндерін шырқап, көңілдерін көтерген, талай жақсылар бас қосқан мәжілістердің көркі болған талантты өнерпаз еді.
Айыртау өңірі, кеңейтіп айтсақ, бүкіл Көкшетау, Қызылжар төңірегі ақындардан, әншілерден кенде емес. Алайда, жыраулық дәстүр, жыршылық өнер Солтүстік Қазақстан жерінде, тіпті бүтін Арқа атырабында кенжелеу дамыған өнер саласы. Байсейіт жыраудай өнерпаздар бұл маңнан саусақпен санағандай-ақ шығады. Тіпті жоқ десе де болғандай. Ендеше осынау өнерді, жыршылық дәстүрді дамытуға үлкен үлес қосқан Бәйеңді жалғыз жырау десек қателеспейміз.
Ендігі бір айтпағымыз, Байсейіттің ән-жыр айтқан кездегі даусының өте ашық, сөздерінің тым анық естілетіндігі. Әрі дауыс ырғағы бірқалыпты өрлеп отырушы еді. Мақамы да жүрекке жылы, жанға жайлы тиіп жататын. Байсейіттер жыр толғағанда тоқтай, кібіртіктеп қалу дегенді білмеуші еді ғой. Сөйтсек, бертін бажайласақ ол ұмытылған шумақтар мен сөздерді табан астында өзі қосып, жыр желісін үзбеуші еді-ау. Бұл оның суырыпсалма ақындық дарыны да бар екендігін көрсетсе керек.
Даусы жел үрлейтін көріктей күмпілдеп, жыр ырғағы толассыз құйылып, айтып отырған қисса-дастандағы мазмұнға, жыр желісіне қарай мың құбылып, алмастай жарқылдап отырушы еді ғой жарықтық.
Байсейіттің репертуарында «Көкшетау», «Мұңлық-Зарлық», «Қарға», «Алпамыс», «Қобыланды», «Ер Қабанбай», «Бөгенбай батыр», «Баян батыр», «Қырымның қырық батыры», «Көрұғұлы» сияқты қисса-дастандар мен басқа да көптеген толғау-термелер бар екен. Бәйең ұзын-ырғасы 14 қисса-дастанды жатқа айтқан көрінеді. Не деген зеректік, ұғымталдық, есте сақтаушылық десеңші!
Байсейіт жырау баяғы Сыпыра жыраудан бастап талай ақын-жыршылар толғаған атақты «Қырымның қырық батыры» дастандар көшінің бір түйесін, не бір ботасын жоғалтпай жеткізген халықтың жыраулық мектептің ұлылы-кішілі ұрпақтарының ат іздерін басатын тайларының тұяғындай, солардан қалған алтынның сынығындай көрінетін.
Иә, әлемдік эпостардың қай-қайсысымен де тең түсетін тіпті, басым түсетін «Қырымның қырық батырын» Байсейіт жырау жас күнінде жұртты тамсандыра жырлайды екен. Оны естігендердің айтуынша, жыр мақамы да түрлі-түрлі әуенмен құбылып, тыңдаушысын еш жалықтырмайтын деседі.
Бұрынғы өткен жыраулар бұл жыр мұхитын апталап, айлап жүзеді екен. Теңдесі жоқ осынау жырдағы ғашықтық пен жасықтық, ізгілік пен зұлымдық, қаһармандық пен ожарлық, данышпандық пен надандық көріністерін тыңдаушысына қаз-қалпында жеткізу үшін қаншама ақындық талант, жыраулық дарын, актерлық шеберлік, ең соңында қаншама әншілік мүмкіндік қажет десеңізші. Осындай ғажайып қабілет Байсейіт жырау бойынан мол табылатын-ды.
Байсейіт жырлаған «Қырымның қырық батырында» деректі оқиғаларға негізделген бірнеше дастандар бар. Солардың әрқайсысы бір-бір қисса. Халқымыздың тарихи-ұлттық санасын қалыптастырған құбылыстардың бәрі осында. Онда ұлттық, территориялық тұтастығымыздың құнды-құнды тарихи айғақтары да баршылық. Ал, сол елдігімізді ежелгі мұра арқылы бүгінгі ұрпаққа жеткізген Байсейіт жырауды шайыр демеуге лажың қала ма.
Бәйең бір әңгіменің ұшығын сабақтай жөнеледі деуші еді көзі көргендер:
–Қарауыл-Жаулыбай ішіндегі бір беделді байдың Жамал есімді қызы болыпты. Ол көркіне ақылы сай, ділмар, сөзге өте шешен қыз екен. Жамалдың атақ-даңқы Көкшетау, Атбасар, Қызылжар төңірегіне түгел жайылады. Ол өзіне ыстық ықылас білдірген жігіттердің көпшілігін жаратпай, меселін қайтарып жүреді екен. Бұл хабар Керей ішіндегі Шақшақ шешеннің ұлы Баһрамға да жетеді. Әрі ақын, әрі батыр Баһрам «Жалаңтөс Баһадүр», Қанжығалы қарт Бөгенбай», «Ер Қабанбай», «Әз Тәуке», «Салқам Жәңгір», «Азат батыр» атты ұзақ дастандар жазып қалдырған адам. Соның ішінде «Бөгенбай» және «Қабанбай» дастандарынан үзінді білем. Кейінірек айтып беремін,–деп әңгімесін әрі қарай жалғастырады дейтін.
– Әлқисса, жолы түсіп сол Баһрам Қарауыл ішіне жетеді ғой. Қылды, Ноғай, Жаулыбай-Қарауыл елдерінде бірнеше күндер қонақ боп, жүрген жерлерін ән мен күйге, жырға, ойын-сауық, думанға бөлейді. Жамал апамыз Баһрам өнеріне сүйсініп, ақыры екеуі қосылады. Бұлардан жеті ұл туған екен. Сегіз сері соның алтыншысы. Бір бойында сегіз өнері бар жігітке жасынан-ақ сері деген қосымша ат тағылады. Сөйтіп, Сегіз сері жиеніміз елде атышулы өнерпаз боп құрметтеледі. Мен айтып отырған мына «Ғайни» атты ән Сегіз серінікі екендігінде дау жоқ. Мұны мен ертеректе, бала кезімде-ақ Сегіздікі деп естуші едім. Сол әннің шығуы туралы мынадай әңгімені де құлағым шалып еді. Бірде ел аралап жүрген Сегіз сері Еділдің бір саласының бойында қоныстанған қарт батыр Қалдыбай Қосаяқұлын іздеп барады. Сол елдің үлкен бір тойында Қалдыбай сардардың бой жетіп отырған Ғайнижамал атты қызымен танысады. Ғайни сұлудың көркі мен ақылына, балдай тәтті сөзіне, шырқай салған әніне, сүйріктей саусақтарын жорғалата тартқан домбырасының үніне сүйсінген ол қызға ғашық болады.
Сегіз сері оған бір жылдан кейін үйленуге серт беріп, уәде байласады. Бірақ, ол ғашық жарын көре алмайды. Өжет те батыр қыз патшаның жазалаушы жасағы ауылының жылқылары мен түйелерін айдап әкетіп бара жатқанда ақбоз атқа мініп малдың алдынан шығып, зырылдауық тартып малды үркітіп, кейін қарай қуа жөнеледі. Оны ұстап тұтқындауға бұйрық беріледі. Бір-екі солдатты шаншып тастап, құтылып кетпекші болған қызды қуғыншылар атып, оққа жығады. Мұны естіп, қапаланған Сегіз сері атақты «Ғайни» әнін шығарады,–деді де, сәл ойланып:
…Ғайни қыз дидарыңа болдым ғашық,
Ойнақтап жүрегімді толқын басып.
Сағынып барғанымда тіл қатпадың,
Күйігі құмарымның кетті-ау асып…
– деп кейбіріміз біле бермейтін, білсек те сөздерін шатастырып айтатын атақты әннің бір шумағын өз ырғағымен ерекше бір сезім қанатында жұмсақ, қоңыр даусымен ыңылдай берген-ді.
Бақсақ Бәйең Сегіз серіге жай еліктемеген екен. Оның әншілігіне, сазгерлігіне, ақындығы мен жыршылдығына айрықша мән бере қараған. Оларды үйреніп алуға, дастандарын жаттап айтуға дағдыланған. Ол Сегіз серінің әйгілі «Әйкен-ай», «Қарғаш», «Бес қарагер», «Шолпан қыз», «Бозқараған» әндерін де өз нақышымен, мақамымен, кейде майда лепті қоңыржай, кейде баяу қалқитын жұмсақ үнмен, кейде жоғары баритон дауыспен көтеріңкі қалыпта шырқай салатынын жерлестері тамсана айтады.
Бәйеңнің ұлттық нақыш пен иірімге толы, асқақ сазды, өршіл де өміршең әншілік және жыршылық өнері бүгінгі ұлттық мәдени, рухани байлығымыздың шөміштей болса да нәрі болып саналады. Байсейіт халық сазын, оның фольклорлық туындыларын жоғары бағалаған жан. Ол ұлттық фольклорлық айшықтың, ырғақтың өрісін кеңейтіп, ұлттық дәстүрді сүйіспеншілікпен, жаңашылдықпен игерудің үлгісін көрсетті. Байсейіт әндері мен жырларын халықтың сүйіп тыңдауының басты бір себебі де осы болса керек.
Байсейіт жырау өзіндік өнерімен халыққа әбден танылғаннан кейін Көкшетау облыстық филармониясы жанындағы әншілер бригадасының құрамына әртістік қызметке алынады. Сөйтіп ол ел аралап, концерт беруге біршама дағдыланған. Мәдениет саласындағы өнердің осы жүйесінде Бәйең он жылдан астам уақыт еңбек етіпті. Осы жылдар ішінде ол облыс тұрғындарын, көршілес облыстардың, республикалардың өнерсүйер қауымын әнмен, жырмен сусындатты. Байсейіт әртіске деген ел алғысы осы кезде ерекше болғандай. Байсейіт жырау өз даусын, домбырасын бабында ұстаған, бұл жағынан да оның өнегесі мол. Мәселен, ол жыр айтатын немесе концерт беретін күні таңертең аш қарынға бір кеседей сары май ішеді екен. Жыр айтып отырғанда тамағын шаймен шайып отыруды да дағдыға айналдырған. Осының бәрі өнерді сүюдің, оған шын берілгендіктің белгісі.
Ән мен жырдың алтын бесігі атанған Көкшетаудың қай түкпіріне барсаң да, аспандағы аққуға әнін қосқан Біржандай, әдемі де нәзік, сезімге бай Ақандай желпіп, толқындатып, желпіндіріп отыратын Үкілі Ыбырайдай сан алуан нақышпен саз тербетер таланттар жетіп жығылады. Олар сол кешегі Байсейіт өнерінің жалғасындай. Қос өркешті Айыртау, ақ қайыңы сыңсыған Сырымбет саласы, одан әрі жап-жасыл Жалғызтау төңірегі түгел ән салып тұрғандай көрінеді маған.
Байсейітке Көкшетау сал-серілерінің салып кеткен сара жолының ықпалы аз болмаған. Әншілік және жыршылық өнерге он екі жасынан ден қойған Бәйең алпыс жылдай қара домбырасын қолынан тастамай өткен жан. Өнер мен өлеңді өмірлік мұрат еткен Байсейіт жырау Көкшетау, Ақмола, Атбасар, Қызылжар, Қарағанды аймағын көп аралаған адам. Зиялы қауыммен көп араласқан адам. Сондықтан да, оның қиялы да, көңілі де жүйрік, ойы сергек болды.
Кезінде Байсейіт жырау өнерін көпшілік игілігіне айналдыра алғанда біздің солтүстік өңірімізде де жыраулар мен жыршылар, термешілер көп болар ма еді, қайтер еді. Жыраудың сирек кездесетін мақамын, ән-әуездерін де дыбыс таспасына жазып ала алмадық қой. Қолда барда алтынның қадірін білмей, салақсыраппыз ғой, шіркін. Әттең не керек, бармақ тістейміз, өкінеміз. Енді қарап отырсам, сирек өнер иесі, тамаша жыршы Байсейіт ата осы күнгі әнсүйер, жырсүйер талантты жас өнерпаздарымызға, сырттай атына қанық, бірақ, өзін көре алмаған кейбіреулерге кездеспей кеткен бір бейне іспетті.
Байсейіт ата алғашқы отасқан жұбайы Гүлбарамнан ажырасқаннан кейінгі қосағы Жұмажармен біраз жылдар өмір қызығын бірге көрді. Алайда бұлардың арасында дәнекерлік, көңіл аулап, ерін жібітіп сүйер балалары болмады. Жұмажар марқұм перзент көтермей кеткен адам еді. Сөйтіп, бұлар қартайыңқыраған шақтарында Хасен деген ағайындарының Қуандық атты ұлын бауырларына салады. Оның да ғұмыры қысқа болады. Жыртық көңілдеріне жамау болып отырған Қуандығы үйленіп, ақар-шақар жанұя құрып, сәби сүйіп, мүшел жас 25-ке толғанда суға кетіп, қарттың көңілін қатты құлазытып кеткен еді. Оның алдында жан жолдасы, ақылшысы, өмірдің ащы-тұщысын бір бөліскен жұбайы Жұмажар дүние салды. Соның бәрі жырау көңілін жаралап, жүрегін езген-ді.
Кейін естігенімдей қолындағы келіні де кетіп қалып, Байсейіт ақсақал Мәдениеттегі шаңырағын жауып, Көкшетау маңындағы Баратайда тұратын Бәтима деген апасынан туған жалғыз жиені Рахимаға барып бір жылдай паналайды. Одан елге қайтып келген. Ауылдағы ағайын арасында да тұра алмай, жетімдік хал кешкенге ұқсайды. Өмір мен тағдыр шіркін өнер адамын осылайша өгейсіткен. Сөйтіп, Байсейіт Байбосынов жырау 1990 жылдың басында 85-ке қараған шағында дүниеден өтті.
Сексеннен асып, сергелдең дүниенің талай-талай хикметін жанын жегідей жеген қайғы мен қиындықтардың ауыртпалықтарын көрген Байсейіт ақсақал осылайша фәниден өксікпен өткен, арманда кеткен пенделердің бірі.
Байсейіт жырауды нағыз жырдария деуге әбден болады. Сонымен бірге, ол өмірдегі мұңдария мен шардария боп шеменде кеткен қамкөңіл жан еді. Ол Мәдениет ауылының жанындағы ескі ата-бабалар қорымында жатыр.
Байсейіт жырау бірақ ұмытылған жоқ, ол әлі де елімен бірге жасасып, туған топырағындағы жаңалық атаулыға құлақ түріп жатқандай. Оны бүгінгі ұрпақтары әрқашан еске алып, аруағын бір аунатып отырады.
Жұмабай ЕСЕКЕЕВ,
ақын-жыршы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар