Балғын жүректерін жыр тербеп

оқушылар шықты айтысқа

 

Облыстық мәдениет басқармасы және халық шығармашылығы орталығы ұжымдарының ұйымдастыруымен өткізілген облыстық оқушы ақындар айтысына 7 аудан мен 2 қаладан барлығы 12 талапкер жиналып, бақ сынасты. Айтыстың шымылдығын облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева құттықтау сөзбен ашып, атадан қалған жыр байрағын көтеріп, ақындық өнерін көрсетуге келген оқушыларға ақжол тіледі.

 

Айта кету керек, бұған дейін біздің өңірде жыл аралатып, бірлі-жарым жас ақындар айтысы өткізіліп келсе де, жыр додасына мектеп оқушылары қатыспағанына талай жылдың жүзі болды. Бұл үрдіс сонау 90-шы жылдары жақсы жолға қойылған болатын. Сол жылдары бұрынғы Көкшетау облысында өткен оқушылар айтысы елеулі мәдени жаңалық болғандығын халық ұмыта қойған жоқ. Осы бір үрдісті қайта жаңғыртып бұрнағы жылдары осындай айтыс Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің бастамасымен өткізілгені есімізде. Енді міне, облыстық халық шығармашылық орталығының мұрындық болуымен «Бала ақын – жас дарын» тақырыбында өткізіліп отырған өнер додасы мектеп жасындағы балаларды өнерге көптеп тартуға зор мүмкіндік туғызып отыр. Осы орайда, жас ұрпақтың бойында елжандылық пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастырып, Отанға деген сүйіспеншілік сезім мен Қазақстанның тарихы және мәдениетіне деген қызығушылықты арттырып отырған аталмыш ұжым басшылығының бұл ұмтылысын ерекше атап өткен ләзім.
Айтысты талантты ақын Қуаныш Оспан жүргізіп отырды.  Алғашқылардың бірі болып сөз майданына түсіп, шеберлік таластырған Ерейментаудан келген Бахтияр Жепенов пен бұландылық Нұржанат Мұхаммед. Өлең сөзде бір-біріне дес бермеген олар халықтың дем берген қошеметіне арқалана түсті. Әсіресе, Нұржанаттың тапқырлығы мен орынды әзілі, ұтымды ұйқастары жырсүйер қауымды тәнті етті. Аламанға алғашқы рет шығып отырған Бахтияр да болашағынан зор үміт күттіретін жас талапкер екендігін танытты.
Айта кету керек, айтыста байқағанымыздай, қатысушылардың арасында қазақтың киелі қара домбырасын құр сабалап, әні мен сөзі үйлеспей, мағыналы сөзінің мәнін қашырып жатқан тұстары да кездесіп қалды. Айтыскер ақынның ақиық өлеңіне әр беретін – мақамы. Ал, оны айтысқа қатысушы жастардың көбі ескермеді. Домбыра тарта алмайтындардың бірі  Аниса Қамзаева тіпті, мақамды да домбыраны да қойып, арасында өлеңін жай мәнерлеп оқуға көшті. Осы жерде атап өту керек Бұланды ауданынан келген Бергенбектің тапқыр теңеуі мен табан астында суырып салған шумақтары жұрт көңілінен шықты. Әсіресе, оның түрлі мақамға салып, сол әуенге сай мәнді өлең құрастыра алған қадамы көз қуантты.
Жалпы, кез-келген жыр додасы ақынды шыңдап, ширата түсері анық. Ендеше, бұл жыр бәйгесінде бағын сынамаққа келген жастар үшін бұл айтыс өнер мектебі болды десек, артық айтқандық емес.   Келесі жұпта атбасарлық Әділбек Нұрдыбек пен бұландылық Ақтілек Қайымхан өзара бақ сынасты.  Ақтілек есімді жас талант кең тынысты ақын екендігін байқатты. Ал, қарсыласы табан астында суырыпсалма ақындығымен көзге түсті. Төртінші жұпта айтысқан аршалылық Жәнібек Оралжанұлы мен Жақсы ауданынан келген Жанболат Мықыштың өнерін тамашалай отырып, қос ақын да жыр додасына дайындықсыз келгендіктерін аңғартып алды. Осындайды көргенде, айтар ойын, пәрменді пікірін ақындар сайлап алғандығы да дұрыс па дейсің. Әсіресе, ол оқушы жастағы жаңа ғана ақындық өнерге қадам басып келе жатқан жауқазындар үшін қажет-ақ сияқты.  
Бесінші  жұпта ақкөлдік Бағдат Жарқынбекқызы мен көкшетаулық Абылайхан Әшімхан топқа түсіп қыз бен жігіттің әдемі айтысын көрсетті. Дегенмен де мектеп жасындағы оқушы балалар «сүйдім, күйдім, үйленейік» деген тақырыптан аса алмауы да көңілге селкеу түсірді. Осы орайда, Бағдаттың табан астында тауып айтқан ұтқыр ойы мен сөз тапқыштығына халық дән риза болысты.  Жалпы, ақындардың сөз саптауы, тақырыптан ауытқуы, айтыстың көркемдік деңгейін төмендететінін де жоққа шығаруға болмайды. Әсіресе, ұйқас қуып, сөздің құнын жоғалтып алатынымызды ескере бермейміз. Осындай кемшіліктер осы жұпта айтысқан ақындардан да байқалды.     «Соңғы түйенің жүгі ауыр» демекші, Сая Тұрсынбек пен Бердібай Сәрсенби алтыншы жұпта өнер көрсетті. Бердібай болашағынан зор үміт күттіретін талабы мен таланты да мол бала екендігін танытты.    
Қазылар алқасының ұйғарымымен  ақтық сынға үш жұп жолдама алды.  Тартысты өткен өнер додасында Құлагер
шабысынан танбай мәреден  ақ боз атының маңдайы жарқырап келген бұландылық Бергенбек Азатбекұлы облыстық оқушылар айтысының бас жүлдесін жеңіп алды.
Иә, «жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дейді қазақ. Қазылар алқасының төрағасы,  ақын Құдайберлі Мырзабек сахнаға көтеріліп, жыр додасының жүлдегерлері мен жеңімпаздарын жариялады. Жүлделі үшінші орын ақкөлдік  Бағдат Жарқынбекқызына  тиесілі болса, екінші орын атбасарлық Әділбек Нұрдыбекке бұйырды. Бірінші орын Бұланды ауданы үкілеп қосқан  Ақтілек Қайымханның  еншісінде. «Нұр Отан» ХДП Ақмола облыстық филиалының арнайы сыйлығымен бұландылық Нұржанат Мұхаммед марапатталды. Айтысқа қатысушылардың барлығына ұйымдастыру алқасының  дипломдары мен бағалы сыйлықтары табыс етілді.
Марапаттау сәтінде өзі де осы аламанға ұлын үкілеп қосқан Нұржанат Мұхаммедтің анасы, сөз құдіретін бағалай білетін көкірегі ояу көрермен екендігін байқатып, сахнаға
суырылып шығып, өз атынан өнеріне тәнті болған Бердібай Сәрсенбиге арнап ақшалай сыйлық тарту етті.
Келешегінен үміт күттіретін талантты ақындардың бір шоғыры жетіліп келеді. Десек те, «Сөз байлам – ақын үшін міндетті түрде жаңалық болуы шарт» деген талапты ескермеген айтыскерлер халық алдында мерейді иелене алмайтынын әсте естен шығармасақ етті.

Ұлмекен Шаменова.

 Суретте: Аниса Қамзаева мен бас жүлде иегері Бергенбек Азатбекұлы.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар