Балаға Ат қою ойлылықты талап етеді

Редакция қоржынына келіп түсетін хаттармен таныса отырып, авторлардың арасында неше түрлі есімдер бар екендігін көріп таңдандық. Бір-екеуіне хабарлассақ, «Жоқ құжатымда солай жазылған, қазақшалап түзетпеңіздер. Мен Әдемі емес, Адэмимін» деп жауап берді.

Жалпы ұлтқа жат есімді қойған отбасынан ұлттық құндылығымызды қадірлейтін, дәстүрді үзбейтін бала өсіп шықпайтыны анық. Ат қоюда да тектіліктің түбірі бар. Немереге ат қоюда ата-әженің қалаған есімін беру, болмаса, оның алдынан өту де сиреп барады. Халықты аздырмай, өз бейнесін жоғалтпай алып келген елдік дәстүр көмескіленіп, есесіне өзгеге еліктеуіміздің әсерінен ұлттық кейіптің өзгеріп бара жатқаны өкінтеді. Жасырары жоқ, қазіргі таңда балаға есімді ата-әжесі емес, әке-шешесі таңдайтын болды. Оң-солын енді айырып, отау құрып жатқан жастар балаға ат қою да үлкен талғампаздық пен терең білімді қажет ететіндігін ескере бермейді. Қай ата-ана да өз шаңырағында шыр етіп, сәби дүниеге келгенінде оған ең жақсы есімді қоюға тырысады. Негізінен, жаңа туған сәбиге есім таңдауға қазақтан дана, қазақтан шебер халық жоқ. Қалай дегенмен де қазіргі таңда өз атының затын, мән-мағынасын білмей жүргендер көп. Олай болмаса бүгінде әп-әдемі Әдемі  есімді «Адэми», Анарымыз «Анара», Әселіміз  «Аселя», Ботагөзіміз «Ботик» болмас еді. Жарайды, мұнымызды жастарымыздың батысқа еліктеуі деп түсіндірейік, кейбір ата-аналар қызы мен ұлына орысша, тіпті, соңғы кезде еуропаша есімдер бере бастағанына не шара?!.   Анжелика, Милана, Адэлия, Ярула сияқты есімдері қазақтың қарагөз балаларына жараса да бермейді. Естімеген елде көп демекші, жастарға жөн сілтеп, ақыл айтатын бір апаның жуырда жаңа жыл қарсаңында  туған немересіне «Ёлка» есімін беріпті дегенін естігенде  қатты қапаландық. Күлеміз бе, жылаймыз ба?!. Кейде осындай келбетімізге жат есімдерді таңдап қойған ата-ана балаларын өз тамыры мен тілінен ажыратып жатқандай көрінеді.
Егер әке-шешесі, ата-әжесінің көзі тірі болса, өз немере, шөберелерінің есімдерін солар қояды. Мұндайда үлкен кісілердің айтқаны заң. Олар таңдаған есімді ата-анасының азан шақыртып, сәбиіне қоюы – бұлжытпай орындалатын міндет. Балаға тіл-көз тимейді деген ниетпен ат қою мақсатында Жаманбай, Қойшыбай, Ошақбай, Тезекбай деп қойса, баласы шетіней берген үйде жас сәбиге  Аманкүл, Есен, Жүрсін, Тоқтар, Тұрсын, Тұрсынкүл,   Жанұзақ, Жүзбай, Мыңжасар, Өмірбек, Сексенбай, Ұзақбай деп атады емес пе.
 Мына бір қызыққа зер салыңыз, әлемдегі ең ұзын есім Үндістан азаматының еншісінде екен. Оның аты 1478 әріптен тұрады. Есімін толық айтып шығу үшін 10 минут уақыт керек екен. Ал, ең қызық фамилия 19 ғасырда өмір сүрген француз азаматында болған. Қызығы сол, оның фамилиясы  1792, яғни, тек сандардан құралған. 1792 текті сол адам өзінің төрт баласына жылдың алғашқы төрт айының атын қойған.Нәтижесінде, балаларының толық аты-жөндері (яғни, аты мен фамилиясы) – Қаңтар 1792, Ақпан 1792, Наурыз 1792 және Сәуір 1792 болып тіркелген. Сондай-ақ, Испания-да өтетін қызықты есім иелерінің съезіне қатысушылар арасында «Екі келі күріш», «Мен картопты жақсы көремін» есімді адамдар да кездескен. Олар Үндістанның Кандмахал ауданының тұрғындары екен. Айтпақшы, соңғы кезде сәбидің есімін мұсылманша қою да үлкен үрдіске айналды. Дұрыс-ақ! Бұл да болса өшпеген рух, аласармаған ұлттық бітімнің ешкімнің алдында өзіңді төмен санатып мөнтеңдетпейтіндігін, еңсені биіктетіп, кеудені бастырмайтындығын аңғартса керек. Ендеше, сәбидің есімін қойғанда ең алдымен, оның қазақ екендігін айқындайтындай етіп қазақша қойғанға не жетсін. Баланың төлқұжатын да сауатты толтырсақ игі. Сонда ғана иманы жүзінен, мейірімі көзінен, ұлттық рухы есімінен байқалатын Әдемі есімді қыздарымызбен мақтана алатын боламыз.    

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар