Балаңыз мектепке дайын ба?!.

Әпкемнің жалғыз ұлы бар. Ол биыл оныншы сыныпқа барады. Мектепке қажетті киім-кешек, оқу құрал-жабдықтарын алайық деп анасы үшеуіміз сауда орталықтарын аралауға шықтық. Қалада өскен бала болғасын ба, анау-мынау заттарды менсіне бермейді біздің інішек. Сөйтіп, мектепке киетін киім-кешектер мен оқу құрал-жабдықтарын алу үшін ерке ініміздің бір өзіне әпкем 60 мыңға жуық теңге жұмсады.

Әне-міне дегенше, жазғы каникул күндері де аяқталуға тақап қалды. Үйінде мектеп оқушылары бар ата-аналардың көбі қазір балаларын сабаққа дайындап
жатыр. Қара базарға бара қалсаңыз, мектеп тауарларының саудасы қызып-ақ тұр. Кеңсе тауарларының дүңгіршектеріне жақындай қалсаңыз, кезек күткендердің ұзын санына жете алмайсыз. Біз әпкем, інім үшеуміз де солар сияқты киім-кешек сататын дүңгіршектерді аралай бастадық. Базарда ер балаларға мектепке киетін костюм-шалбарлардың түр-түрі қаптап тұр. Қырғыздар сатып тұрған костюмдердің бағасы қол жетімді 4500 теңгеден басталып, 9000 теңгеге дейін барады екен, ер балалардың үстіне киетін көйлектері мың жарым-үш мың теңгенің арасында, ал қыздардың мектепке киюге арналған ақ көйлектері 2000-3500 теңге, бірақ сапасы сын көтермейді. Қытайдың да тауарлары толып тұр. Ал, оларды алсаңыз, кейін тағы бірнешеуін алу қажет. Біздің інішек олардың қасына барғанымызда мұрнын шүйіріп, жақындамады да. Сөйтіп, Түркияның киім-кешектерінің дүңгіршектерін аралауға кірістік. Інімізге ұнаған костюм-шалбардың құны 25 мың теңгеден бір-ақ шықты. Анасы шіркін, жалғыз ұлынан аясын ба? «Ұнатқаныңды ала ғой» деп, жалғыз баласына әлгі костюмді алып берді. Сол жерден ауыстырып киіп отыру үшін ер балалардың екі көйлегін алдық. Екеуін сатушы қыз жеңілдік жасаған болып, 6800 теңгеге берді. Сөйтіп, туфли іздеуге кірістік. Аяқ киімнің қашанда сапалы болғаны дұрыс қой. Содан інім таңдаған туфлиді 11 мың теңгеге алдық. Осы киімдерді алғаннан кейін, іштей санай бастадым. Бір сыдырғы киімнің өзіне 42800 теңге жұмсалып кетіпті.   
Әпкем баласына қарап:
– Былтыр алған спорт киімдерің әлі сол қалпы еді ғой, биыл мүмкін соны киіп шығарсың? –деп қалып еді, ерке бала:
– Ертең менің сыныптастарым көріп, немене, жалғыз баласына анаң спортивка алып бере алмаған ба? – деп күледі, соларға күлкіге қалдырғың келсе, әпермей-ақ қой, бара берейін сонымен, – деп ашуланып шыға келді. Баласының ренжіп тұрғанын көрген әпкем, жарайды, жүре ғой, тағы біреуін алайық деп, спорт киімдерін сататын жаққа қарай бет бұрды. Былтырғы спорт киімін бренд өнім деп  интернет арқылы тапсырыс беріп, 13000 теңгеге алғаны әлі есімде. Содан үшеулеп, әпкемнің әріптесінің Шайба сауда орталығындағы нүктесіне қарай тарттық. Оның сатып тұрғаны түріктің тауарлары екен. Ол жерден інім «Адидас» фирмасының қызыл түсті спортивкасын алды. Әлгі киімнің бағасы 9500 екен, таныстықпен 8000 теңгеге алдық. Одан шыға берісте спорттық аяқ киім қарадық. Оны да алдық.
Содан рюкзак іздедік. Арзандарының бағасы 1500-нан басталса, сапалы дегендері 4500 теңгеге дейін барады. Біздің інішектің таңдағаны 3000 теңге тұрады. Оны да алдық. Сөйтіп, бас-аяғы  57 мың теңге шамасында ақша жұмсап, үйге қайттық. Бір ғана ер баланың киіміне, оған әлі қысқы киімді қоспағанда, осыншама ақша кеткенде, қыз балаларға бұдан екі есе кетеді ғой деп шамаладым. Өйткені, қыздарға ер балаларға қарағанда киім көбірек қажет. Сонда менің топшылауымша бір қызды сапалы киіммен киіндіру үшін 100-120 мың теңге қажет болады екен. Ал, үйінде 4-5 баласы бірдей мектепке баратын ата-аналарға сонда 500 мың теңгеден астам ақша керек қой. Ауылда олар мұндай ақшаны қайдан таппақ? Бар тапқан-таянғаны мен жиған-тергенін анда да, мында да тартып, балаларына бір сыдырғы киім алып беруге тырысады. Қара базардағы қырғыздар мен қытайлардың тауарларын алып, әйтеуір балаларын барымен алдап-сулап қояды. Мектепке арналған кеңсе тауарларын бір балаға алу үшін де қалтаңызда шамамен бес-алты мың теңге болу қажет.
– Менің 7 балам бар, оның бесеуі мектепке барады. Өзім жұмыссызбын. Жолдасым ауылдағы шахтада жүргізуші болып жұмыс істейді. Оның бар табатыны күнделікті тамағымыз бен күн көрісімізден де қалмайды. Мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы да аз. Үш қызыма бірдей мектеп формасын алуға ақшам жетпейді, өйткені, біреуінің өзі 6500 теңге екен. Одан да қымбаттары бар, бірақ, менің қолым оған жетпейді ғой. Сол себепті, біреуіне ғана форма алатын болдым. Екеуі былтырғы алған бір-бірінің киімдерін киіп
барар. Екі ұлыма да костюм-шалбар керек. Кішісі енді үлкенінен қалған былтырғысын киер, сондықтан, үлкен ұлыма 7000 теңгенің костюм-шалбарын алдым. Одан қалды көйлектері бар. Аяқ киім жағына келер болсам, екі қызыма аудандық білім бөлімінен әлеуметтік көмек ретінде екі туфли берілді, енді үш балама аяқ киім алуым керек. Дәптер-қаламдары мен сөмкелері тағы бар. Күнделіктердің бағасы да шарықтап тұр. Бар-жоғы 60 мың теңгемен келдім. Осыны  жеткізуім керек, –деп қиналып, бар ақшасын қайда жұмсарын білмей тұрған көпбалалы ананың жағдайын біздің інішек білсе не істер екен.
Рабиға есімді бұл көпбалалы анадан: «Мектепке жол» республикалық акциясы бойынша сіздің балаларға көмек көрсетілмеді деп сұрағанымызда:
– Былтыр аудандық мәслихаттың бір депутаты Ермек есімді ұлым бірінші сыныпқа барғанда, оқуға қажетті құрал-жабдықтар мен киім-кешегін алып берген еді. Сол кезде мемлекет тарапынан көрсетілген мұндай көмекке шын риза болғанбыз. Ауданда көпбалалы және аз қамтылған отбасылар көп қой. Жыл сайын бір отбасының балаларын киіндіріп, мектепке дайындау да ерсі сияқты. Сондықтан, биыл тізімге ілінбей қалдым, –деп асығыс жауап берді.  
Осыдан сегіз жыл бұрын қолға алынған «Мектепке жол» республикалық акциясы биыл да іске асырылып жатыр. Былтырғы жылы аз қамтылған отбасылардың 6359 баласына бюджеттен 30 миллион теңгеден астам ақша бөлініп, мектепке баруға материалдық көмек көрсетілген болатын. Сонымен бірге, әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан 5197 балаға түрлі саланың басшылары мен кәсіпкерлер тарапынан демеушілік жасалып, оқу құрал-жабдықтары мен киім-кешектер әперілді. Облыстық білім басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, биыл облыс бойынша 10637 оқушыға материалдық көмек қажет екен, оның ішінде 861 бала бірінші сыныпқа барады. Сондықтан, осындай балаларға көмек көрсетіп, қол ұшын беремін деушілер болса, ағымдағы жылдың қазан айына дейін облыстық білім басқармасы мен білім беру ұйымдарына әлі де хабарласуға болады. Аталмыш қайырымдылық акциясын іске асыру мақсатында өткен сенбі күні Көкшетау қаласының мектептері мен Краснояр селосындағы 49 бүлдіршінге «Нұр Отан» партиясының жергілікті мәслихаттардағы фракцияларының  депутаттары қаржылай көмек көрсетіп, мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы тұрған оқушылардың әрқайсысына 20 мың теңгенің сертификаттарын тапсырды. Алдын ала жасалған болжам бойынша жиырма мың теңге қаражат бірінші сыныпқа баратын оқушыларды мектепке дайындауға толығымен жетеді екен. Кейбір депутаттар оқушылармен және олардың ата-аналарымен бірге базарға барып, қажетті киім-кешектерін де алып беруде. Мұндай игі шараны ұйымдастырушыларға ата-аналар шексіз алғыстарын білдіріп жатты.  
Енді, мектеп формасына қарай ойыссақ. Кеңес кезеңінде мектеп оқушыларының барлығы бірдей мектеп формасын киетін. Ол формалардың сапасы да жақсы еді. Ата-аналарымыз келесі жылы тағы киерсің деп, үлкенірегін алып беріп, соны бірнеше жыл қатарынан киетінбіз. Ел тәуелсіздігін алғаннан кейін, ел жағдайы нашарлап, әркім мектепке барын киіп барып жүрді. Сөйтіп, бұрынғы формалар жайына қалды.
Қазіргі таңда, енді өзіміз сондай формаларды біздің елдің мектептері қашан киеді екен деп аңсайтын болдық. Мәселен, шетелдердің мектептерінде оқушылар барлығы бірдей бірыңғай форма киеді. Тіпті, оларда дене шынықтыру сабақтарына да арналған арнайы үлгідегі спорт киімдері де қарастырылған. Мұндай үрдісті көрші Қырғызстан да қолға алғалы жатыр. Мәселен, олар мектеп оқушыларына ұлттық нақышы бар мектеп киімдерін әзірлеп жатқандығы туралы бұқаралық ақпарат құралдарында хабарлады. Яғни, оларда мектеп формасы барлық оқушылар үшін бірыңғай үлгіде, классикалық стильде тігілмек, ұлдар – ақ жейде, желетке, пиджак және шалбар киетін болса, қыз балалар – ақ блузка, жакет, белдемше немесе сарафан, қыста шалбар киетін болады. Және де бұл мектеп формасы жас ерекшеліктеріне қарай  бастауыш сыныптар – 1-4, одан кейін 5-9 сынып және жоғары сынып оқушыларына арналған деп 3 санатқа бөлінеді екен.
Біздің елде де осындай іс-шараларды қолға алу қажет деп жыл сайын оқу жылының басында шенеуніктерден бастап, зиялы қауым өкілдеріне дейін мәселе көтерген болады. Бірақ, оқу жылы басталып кеткенде, барлығы аяқсыз қалып жататыны белгілі. Бірнеше тігін фабрикаларына мектеп формасының үлгілерін жасап, тігуге тендер жариялап жатыр деген сөздерді де бұқаралық ақпарат құралдары арқылы естіп жатамыз. Бірақ, нәтижесіз. Қалалардағы кейбір мектептер  оқу жылының басында оқушылардың барлығы бірдей киінсін деген ниетпен ата-аналармен жиналыс өткізіп, барлығы бір жерден сатып алуға келісіп, әйтеуір мектеп формасын бірыңғайландырған сияқты болып жатады. Ол да өз алдына бір жетістік. Бірақ, кейбір талғампаз оқушыларымыз ол киімдерді кигілері келмей, бір-екі аптадан соң, түрлі-түсті киімдерін киіп шыға келетіндерін қайтерсіз.
Бірде облыстық білім басқармасының бөлім меңгерушісі Жания Серікқызымен осы мектеп
формасына байланысты сөйлескен едім. Сонда ол:
– Әрине, оқушыларымыз біркелкі киім киіп жүргені дұрыс қой. Біріншіден, әдемі көрінеді, екіншіден, оның оқушы екенін бірден айырасыз, үшіншіден оқушылар арасында келеңсіздіктер мен теңсіздік орын алмайды. Бұл мектеп киімі мәселесін біз де жылда қозғаймыз. Бірақ, аяқсыз қалып жататыны рас. Сондықтан, біз облыс аудандары мен қалаларының мектептеріне қыз балалар ақ блузка және қара немесе көк түсті юбка, ұлдар ақ жейде мен қара шалбар кисін дейміз, егер шама-шарықтары келіп жатса, бірыңғай киім киюге рұқсат та береміз, –деген болатын.
Жалпы, біздің еліміздің Білім туралы заңында нақты мектеп формасы, оның үлгісі туралы бір де бір тармақ жоқ. Егер заңға Білім және ғылым министрлігі
тарапынан белгілі бір мектеп формасының үлгісі енгізіліп, ол форманы киюді барлық мектеп оқушыларына міндетті талап етіп қойса, оның бағасы да қолжетімді болса, оқушыларымыздың әрқайсысы киер еді ғой.

 

Ырысалды ШАМШИЕВА,

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар