Балалар екпесінің пайдасы зор

Халықаралық денсаулық ұйымдары туберкулезбен күресу бағдарламасының негізгі тармақтары ретінде дертті дер кезінде анықтау және туберкулезге қарсы екпе қолдануды дұрыс көріп отыр. Эпидемиологиялық қолайсыз жағдайда туберкулездің алдын алу міндетті болып табылады. Белгілі жағдайда БЦЖ екпесі инфекциядан толық қорғамайды, бірақ, кейіннен бала ауырып қалған жағдайда, оның ауруы едәуір қолайлы өтеді. Ерте жастағы балалардың БЦЖ вакцинасымен егілуі аурушаңдықты 15 есеге төмендетеді және туберкулездің ауыр жайылған түрлерінің дамуынан сақтап қалады.
ДДҰ ұсынысы бойынша БЦЖ вакцинасы әлемнің 120 мемлекеттерінде қолданылып, аурушаңдықтың 100 есе төмендеуіне игі әсер етеді. Кейбір экономикасы дамыған елдер нәрестелерді жаппай вакциналаудан бас тартты (Дания, Германия, Франция, Швеция, Чехия). Бұл шаралардың жағымсыз әсері бірден көрініс берді. Бұл мемлекеттерде балалардың аурушаңдығы 2-4 есеге өсіп, туберкулез менингиттері тіркелді, нәрестелерді жаппай вакцинациялау жүргізген кезеңмен салыстырғанда алғашқы инфекцияны жұқтырғандардың саны 3-4 есе өсті.
Қазіргі таңда эпидемиологиялық қолайсыз жағдайды ескере отырып, көптеген мемлекеттерде, оның ішінде Қазақстанда нәрестелердің жаппай вакцинациясы және туберкулинге тері реакциясы бар балаларда ревакцинация жүргізіледі. Соңғы жылдары елімізде БЦЖ екпесін жүргізбеген нәрестелер саны бір жыл ішінде 5 пайызды құрады және бұл көрсеткіш арта түсуде. Басты себеп ата-ананың вакцинациялаудан бас тартуы болып табылады. Соның салдарынан БЦЖ вакцинасы егілмегендер арасында туберкулезге шалдығу көрсеткіші жоғарылаған.
Спецификалық екпенің негізгі мақсаты – балаларды туберкулездің күрделі, асқынған және таралған түрлерінен қорғау, сонымен қатар, балалар өлімін жою. БЦЖ вакцинасымен егілгендердің арасында 75-80 пайызға дейін аурушаңдық, ал, 4-10 есеге дейін өлім-жітім көрсеткіші төмендетілді және туберкулездің ауыр түрлерінің дамуы (туберкулезді менингит, милиарлы туберкулез) азайтылды.
Балалар туберкулезінің алдын алу әдістері БЦЖ вакцинациялау мен ревакцинациялау болып табылады. Олар организмнің туберкулез қоздырғышына қарсылығын жоғарылатып, жасанды иммунитет тудырады. Қазіргі уақытқа дейін БЦЖ вакцинасы белсенді спецификалық туберкулезді алдын алудың негізгі препараты болып отыр.
БЦЖ егуін арнайы дайындықтан өткен, жалпы емдеу жүйесінің медицина қызметкерлері жасауы керек. Біздің елде жапондық вакцина қолданылады. Нәрестелерге БЦЖ егуін таңертеңгі уақытта, бала дәрігері тексеріп болғаннан кейін, арнайы егу бөлмелерінде жасайды. Нәрестенің тарихнамасына екпе жүргізілген күні, БЦЖ вакцинасының сериясы, бақылау нөмірі, жарамдылық мерзімі, шығарылған жері жазылады.
Емханалар мен мектептерде БЦЖ егуіне балаларды алдын ала дәрігер (фельдшер) іріктеп алады, ол міндетті түрде дене қызуының мөлшерін анықтап, медициналық қарсы көрсеткіштеріне және анамнез ерекшеліктеріне назар аударуы тиіс. БЦЖ вакцинациялау алдында дәрігер мен медбике қолдану жөніндегі нұсқауды мұқият оқып шығуы керек, сонымен қатар, баланың ата-анасына жасалған екпе жөнінде және содан болатын жергілікті реакцияны алдын ала ескертуі керек.
БЦЖ вакцинациясы – тірі туберкулез штаммдары, сондықтан, екпеден кейінгі асқынулардың дамуы да сонымен байланысты. БЦЖ-дан кейінгі асқынулар көбінесе жергілікті өзгерістермен сипатталады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша вакцинациядан кейінгі асқынулар 0,1 пайызды құрайды.
Асқынулардың даму себептері: тері ішілік енгізу техникасын бұзу (тері астын), организмнің аллергияға жоғары бейімділігі, кейбір иммундық тапшылық жағдайлар, вакцинаның жоғары реактогендігі. Айтылған кемшіліктерге қарамастан, бұл екпе залалсыз, тиімді, қарапайым деуге болады.
Сонымен, қазіргі таңда БЦЖ вакцинасы туберкулезге қарсы бірден-бір екпе, нәресте және ерте жастағы балаларды туберкулез менингитінен және диссеминерлі түрлерінен қорғау әдісі болып табылады. БЦЖ вакцинасы осы уақытқа дейін мыңдаған адам өмірін сақтап қалды деп айтуға болады. Сондықтан, әрбір ата-ана өз балаларын туберкулез дертінен вакцинациялау арқылы қорғауға міндетті.
Рысты ШОЛАТАЕВА,
Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері балалар бөлімшесінің меңгерушісі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *