Балалардың демалыс орындары жетіспеуде

Облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің кеңейтілген отырысы болып, онда кеңес жұмысының тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды.

Облыстық басқармалар мен мекемелердің басшылары, аудандардағы іскер әйелдер кеңесі, қоғамдық бірлестіктер мен қаржы институттарының өкілдері қатысқан жиынды ашып жүргізген облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Сұлтанов өз сөзінде іскер әйелдер кеңесінің алдағы міндеттері жөнінде айтып өтті.
– Өңірлік іскер әйелдердің кеңесі меморандум және келісім-шарт жасау арқылы әйелдердің кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі орталық пен жергілікті атқарушы органдардың стратегиялық серіктесі болуы керек. Ол үшін кәсіпкер әйелдердің ресурстық орталығын құрып, әйелдерге кәсіпкерліктің негізін оқыту қажет. Сұхбат алаңдары мен семинарлар ұйымдастырып, әйелдерді кәсіптік білімге тарту керек. Оқушылар, студенттер мен оқытушылардың қоғамдық саяси санасын қалыптастыратын шеберлік кластарын өткізу қажет. Мамандық таңдау шараларына қатысып, жұмысшы мамандығының беделін көтеру керек. Студенттерді аттестаттауға қатысу қажет,– деді палата директоры. Бұдан кейін бейнеролик арқылы Шығыс Қазақстан облысындағы іскер әйелдер кеңесінің жұмысы үлгі-өнеге етілді.
Биыл «Бастау» бағдарламасы бойынша облысымыздың мыңға тарта адамы кәсіпкерліктің негізін оқыды. 938-і несие алып, өз істерін ашты. Келесі жылы мұндай курс әр ауданда ашылып, 1900 адам оқытылмақшы. Қосымша несие беру мәселесі қаралуда.
Облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлмира Құсайын атқарған жұмыстары жөнінде есеп берді. Оның айтуына қарағанда, кеңес біршама жұмыс атқарыпты. Кәсіпкерлер баспанасы өртеніп кеткен красноярлық отбасына көмек қолын созған. Кеңесте темір жол вагондарының жетіспеу мәселесі көтерілді. Осының салдарынан кейбір элеваторлардағы астық ашық аспан астында жатқан көрінеді. Бұрын вагонды Атбасардан Сарыағаш станциясына дейін жалға алу құны 270 мың теңге болса, қазір ол 520 мың теңгені құрайды. «Экспресс» Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамының 7,5 мың вагоны бар. Бүгінгі таңда оның 3 мыңын Ресейдің темір жол компаниялары жалға алған. Ауғанстан, Өзбекстан мен Иран бағытындағы астық артылған мың вагон Сарыағаш пен Шымкент станцияларында тұр. Мыңдаған вагондар Ақтау портында айлап тұратын көрінеді. Сондай-ақ, кедендік одақтың бірыңғай қауіпсіздендіру полюсі мен банкоматы болмағандықтан, кәсіпкерлер Ресейге барғанда қауіпсіздендіру полюсі мен ақша айырбастау мәселесі туындайды. Балалар да шекарада 3 сағат тұрып қалады екен. Бұл туризмді дамытуға кері әсерін тигізуде. Кеңес барысында «Бурабай» туризм мен демалыс индустриясы қауымдастығының директоры Сәния Ахметова балалардың сауықтыру орталықтарын қалпына келтіру жөнінде мәселе көтерді.
–Кеңестер заманында Бурабай ауданының Қатаркөл ауылы маңында 22 пионер лагері жұмыс істеп, әр ауданның өз пионер лагері болған. Бүгінгі таңда бұл маңда балалардың алты сауықтыру орталығы жұмыс істейді. Мәселен, «Мечта» балалардың сауықтыру орталығын Астана қаласындағы Сарыарқа аудандық әкімдігі алып қойған. Қазір олар бұл орталықта өз ауданының зейнеткерлерін емдейді. Көптеген орталықтар жұмыс істемейді. Материалдық базасы талан-таражға түскен. Кейбір орталықтағы ғимараттың тек қана қабырғасы қалды. «Огонек» орталығын Астана қаласындағы музыкалық академия сатып алды. «Дашенка», «Восход» және «Звездочка» балалардың сауықтыру орталықтары да сатылмақшы. Бұл орталықтарды сатып алып, тәлім-тәрбие жұмысын оң жолға қоятын жергілікті кәсіпкерлер табылса, облыстық әкімдік тарапынан қолдауға ие болар еді. Өйткені, бүгінгі таңда мүгедектердің, әлеуметтік жағынан аз қамтылған көп балалы отбасылардың балалары мен жетім балалар назардан тыс қалуда. Білім бөлімі жаз маусымында көп балалы отбасылардың 3-4 баласын қабылдауға міндеттейді. Ал, мүгедектердің балалары мен жетім балалар назардан тыс қалуда,– деді қауымдастықтың директоры.
Осы орайда сөз сөйлеген облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова бұл мәселені өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші бағыты бойынша шешуге болатынын айтты. Келесі жылы жұмыспен қамту орталықтары коммуналдық кәсіпорын болып қайтадан құрылады. Кейін жекеменшікке беріледі. Мемлекеттік тапсырысты орындайтын жекеменшік агенттік ашуға да мүмкіндік туып отыр.
–Балалардың туризмін дамыту жөніндегі жобамның тұсаукесерін 6 министрлікте жасадым. Жобамды Білім және ғылым министрлігі мақұлдамады. Биыл «ЭКСПО-2017»
халықаралық көрмесіне балаларды салқындатқышы жоқ автокөлікпен тасымалдадық. Балалардың сауықтыру орталығына дәрігерлерді тарту қиын. Тек медициналық жоғары оқу орнының 5-6 курсында оқитын студенттер келеді. Алдағы уақытта осы және өзге де мәселелерді шешу үшін жұмыс тобын құрып, барлық балалардың сауықтыру орталығының директорларын шақыру керек. Орталықтарды «Даму» қоры арқылы да қалпына келтіруге болады. Үстіміздегі жылы Астана қаласы балалардың жазғы демалысына бөлінген қаржының 60 пайызын игере алмады. Өйткені, бұл қаланың демалыс орындары жоқ. Сондықтан, балалардың сауықтыру орталықтарының бәрін қалпына келтіріп, Астанаға көмектесуіміз қажет,–деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры.

Рамазан Тілеуов.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *